LogoBILIMEL02
 
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан
updated 9:28 AM +06, Jan 16, 2018

Бағдан ҚАЙЫРЖАНОВ: Тәжірибе тарату – оңай шаруа емес

Дана халқымыз «ғылым – теңіз», білім – қайық» деп текке айтпаса керек. Әркім өз ұрпағының білімді болғанын қалайды. Білімпаз оқушылардың зияткерлік қабілеттерін дамытып, білімділігін жетілдіру мақсатында республикамыздың аймақтарында ұлт көшбасшысының тікелей тапсырмасымен ашылған физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектептері әлемдік тәжірибені қолданып отырған еліміздегі алдыңғы шептегі білім ордасы болып саналады. Семейдегі Назарбаев Зияткерлік мектебінен білім алғандар біздің елді былай қойғанда, әлемнің белді оқу орындарында оқып жүр. Қазір күллі әлем өзгеруде. Дүниежүзі бойынша жаһандану, климаттың өзгеруі, көші-қон үрдісі жүріп жатыр. Саясат та, экономика да, білім, бәрі-бәрі жаңа арнаға бет бұруда. Халық аузында жүрген жаңартылған білім жүйесінің қажеттілігін осыдан-ақ аңғару қиын емес. Осы тақырып төңірегінде Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Бағдан Тоқтамысұлы Қайыржановпен әңгіме өрбіткен едік.

– Елімізде білім беру жүйесінде 2016-2017 оқу жылынан бастап жаңартылған білім беру мазмұнына көшу сатысы басталып, оқушыларды жоғары дағдыларға үйретуге, функциялық сауаттылықтарын арттыруға, оқу орындарының құндылықтарын дамытуға ерекше көңіл бөліне бастады. Осыған орай 2016 жылы – 1-ші сыныптар, 2017 жылы – 1, 2, 5, 7 сыныптар, 2018 жылы – 1, 2, 3, 6, 7, 8, 10 сыныптар, 2019 жылы – барлық 1-11 сыныптардың бағдарлама кестесіне сәйкес кезең-кезеңмен енгізілмекші. Бұл мәселеге қатыс­ты қоғамда түрлі пікірлер қалыптасып үлгерді. Осы тұрғыда сіздің ойыңыз қандай? Әңгімемізді осыдан бастасақ.


– Бүгінгі күні білім саласына көптеген өзгерістер енгізілуде. Бұл өзгерісті біз проблема ретінде қабылдамауымыз қажет. Себебі «өзгеріс» деген сөздің астары ауқымды, мағынасы терең. Айталық, егер адам бастапқы кезде қандай да бір ақпаратты дұрыс қабылдайтын болса, оның 90 пайыз жұмысы жасалғаны. Ал ақпарат дұрыс қабылданбаған жағдайда 90 пайыз уақытыңыз текке кеткенмен тең. Ақпаратты дұрыс қабылдаған адамдар болып жатқан өзгерісті дамытып алып кетеді.


Мәселен, дамыған елдерде, әсіресе, шетелдің азаматтары өзгеріс дегенді оң қабылдап, пайдалы нәтиже күтеді. Ал біздің қоғам көп жағдайда өзгеріс ұғымын дұрыс түсінбей, проблема жасап алады. Өзгеріс болғаннан кейін барлығымыз бір кісідей атсалысып, осы бағытта жұмыла жұмыс істеуіміз керек. Осы ретте «білім саласын өзгертуге не себеп болады?» деген сауалдың туындауы орынды. Бұған сыртқы, ішкі, тағы басқа әсер ететін факторлар көп. Соның бірқатарын атап айтар болсақ, мысалы экономика, саясат, когнитивтік орта. Саясат пен экономика түсінікті. Ал когнитивтік ортаға келетін болсақ, қазіргі технология ғасырында ақпарат күн санап көбейіп келеді, алатын білім көлемі ұлғайды. Бірақ адамның қабілеті, миы, есте сақтау қабілеті мүмкіншілігі шектеулі екенін ескерсек, білімнің, ақпараттың барлық көлемін қабылдау мүмкін емес.


Сондықтан білім беру жолында көптеген елдер осыдан 20-30 жыл бұрын ақпараттарды іздеп тауып, оны дұрыс қабылдап, оны өңдейтін дағдыларды қалыптас­тыру үшін басқа бағытпен жүруді жөн көрді. Сондай бағыт бойынша білім алған оқушылар өздері кез келген ақпаратқа анализ, синтез жасай отырып, оған баға бере алады. Сөйтіп өзіне қажетті ақпаратты тауып алады. Бүгінде біз де осы бағытты бағдарлауға бекіндік. Себебі, жоғарыда айтып өткенімдей, түгел ақпаратты жадымызға сақтай алмаймыз. Нәтижесінде дағдыларымыз қалыптаспайды, технологиямен жұмыс жасау мүмкіндігіміз бәсеңдей түседі, пәндерді меңгере алмаймыз.


Міне, сол себепті де отандық білім жүйесін әлемдік білім жүйесіне кіріктірудің қажеттілігі туындап отыр. Ол өзгерістерді Назарбаев Зияткерлік мектептері арқылы іске асыру көзделген. Эксперименталдық алаң ретінде озық халықаралық және отандық тәжірибедегі бағдарламаларды кіріктіріп, апробациядан өткіздік. Енді осы бағдарламаларды жалпы білім беру мектептеріне бейімдеу арқылы олардың тәжірибесіне енгізу міндеті тұр. 2016 жылы 1-ші сыныптарда апробация өтті.


Биылғы оқу жылында 1, 2, 5, 7-сыныптар жаңа білім беру мазмұнына көшіп отыр. Осы мәселе бойынша ата-аналар, қоғам тарапынан біраз түсінбеушіліктер де болды, әлі де бар. Бұған түсіністік танытуға болады әрине. Дегенмен, араға бір-екі жыл салып барлығы ретке келеді деген сенім басым. Кез келген өзгеріс қиындықсыз болмайды. Балаларға білім мен тәрбие беру мақсатында бұрынғы оқыту әдіс-тәсілдерін, оқу бағдарламаларын қолдансақ, заман көшіне ілесе алмай қалатынымызды мұқым ел жақсы біледі. Сондықтан бір орында тоқтамай, жастардың болашағын жарқын ету үшін қиындықтарға халық болып қарсы тұрып, көп тер төгуге тура келеді.


– Білім беру саласында оң өзгерістер жетерлік. Саланы оңтайландыру жолында әлемдік стандарттарға сай келетін әдіс-тәсілдермен жиі алмасып тұрамыз. Дегенмен отандық білім саласындағы соңғы жаңашылдық сынды өзгерістер басқа мемлекеттерде болып тұра ма?
– Қазір ғылым мен білімі дамыған алдыңғы қатарлы озық елдердің үлгі боларлық халықаралық бағдарламалары, оқу жоспарлары бар. Мәселен, IB халықаралық бағдарламасын алайық. Бүгінде төрткүл дүниенің көптеген мемлекеттеріндегі мектеп оқушылары осы бағдарлама бойынша оқып жатыр. Бұл концептуалды оқытатын, білім мен дағды кіріктірілген бағдарлама. Халықаралық мектептер кеңесінің аккредитациясынан өткен Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі ерекше бағалау жүйесі бар IB бағдарламасы арқылы оқушыларға білім беруде. Сонымен бірге әлем елдерінде қолданыста жүрген Ұлыбританияның A-Level, IGCSE бағдарламаларын айтуға болады.
Ол тек Ұлыбританияда ғана емес, барлық құрлықта мойындалған, жоғары дағдыны қалыптастыратын кең таралған бағдарлама. Сондай-ақ Америка құрама штаттарының IР бағдарламасын да пайдаланатын мектептер саны өте көп. Аталған білім беру бағдарламалары осы уақытқа дейін өздерінің өміршеңдіктерін әлдеқашан дәлелдеген. Ал жоғарыда айтылған біздің бағдарламамыз да осы бағдарламалар сияқты балалардың функциялық сауаттылығын арттырып, жоғарғы дағдыларын қалыптастырып, бұрынғыдай жаттап оқу емес, өзінің оқыған ақпаратын, алған білімін тәжірибемен ұштастыра алатындай етіп дайындалған.


– Үштұғырлы тіл жайлы алғаш сөз болғанда халық арасында көптеген пікірлер болды. Қазір көпшілік байқалған сенімсіздік сетінеп, үштұғыр­лы тіл саясатының тиімді, ұтымды тұстары бар екенін ұға бастадық. Алғашқылардың бірі болып Назарбаев Зияткерлік мектебі үштілділік жүйесін тәжірибеге енгізді. Осы жөніндегі пікіріңізді білсек.


– Әуелі «неге ағылшын тілін енгізіп жатырмыз?» дегенге тоқталсам деймін. Қазіргі заман талабына сай мемлекеттердің барлығы дерлік ағылшын тілінде сөйлейтінін жақсы білесіздер. Оның географиясы кеңейіп келе жатыр. Кейбір елдерде ағылшын тілі ресми тіл болып саналады. Сауда-саттық болсын, экономикадағы қарым-қатынас, мейлі халықаралық құқық болсын, ғылыми ақпарат ағылшын тілінде көп шыға бастады. Әлемдік өркениетке аяқ басқан кезеңде Қазақ елі көштен қалып қоймасы үшін ағылшын тілін меңгеру керек. Кеңес Одағы тұсында қазақ жастарының шетелде оқып, тіл меңгеруіне мүмкіндік болмады. Бейбіт күннің бүгінгі жастары ағылшын тілінде еркін сайрап тұр. Мемлекетаралық қатынаста солардың пайдасын көріп отырғанымыз жасырын емес. Олар аудармашы, әртүрлі фирмада, ғылым саласында жемісті еңбек етіп жүр, ел ішіне тың жаңалықты жеткізуде. Сондықтан ағылшын тілін міндетті түрде игеру қажет.
Шынтуайтына келсек, қазіргі балалар қазақ және орыс тілдеріндегі ақпараттарға қанағаттануы екіталай. Себебі, ол жеткіліксіз, ал ағылшын тілінде жазылған ақпараттар қолжетімді әрі кейбір пәндердегі күрделі түсініктер, терминдер түсінуге жеңіл. Бұл қазақ тілінің мәртебесін түсіру емес. Керісінше, осы тілді меңгеру арқылы білімпаз жастар әлемдік ақпарат кеңістігіне шығып, қазақ тілін ғылыми тілде сөйлетеді деп ойлаймын. Қазіргі таңда қазақ тілі ғылыми тіл болып кіре алмай отырғандықтан, оның қолдану аясы тарылып отыр.
Бір тіл ешуақытта жеке емес, өзге тілдердің көмегімен дамиды. Үштұғырлы тілге қатысты көпшіліктің күмән бұлты сейіле бастады. Өйткені, ата-аналар перзенттерінің білімді, көп тілді білетін маман болуын қалайды. Сондықтан дүниежүзінде болып жатқан өзгерістерге дайын болу үшін ағылшын тілін білуіміз шарт. Мектеп оқытушылары ағылшын тілін жетік үйренуде. Енді университеттерде болашақ мұғалімдерді халықаралық қатынас тілі ағылшын тілінде толыққанды оқытуға жағдай жасауға күш салу керек.


– Кез келген білім ордасы өзінен білім нәрімен сусындаған шәкірттері туралы айтып мақтанады. Ал Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде дарынды түлектер саны көп. Түлектеріңіз жайлы не айтасыз?


– Түлектеріміз жайлы әр-уақытта мақтанып айтамыз. Ауыз толтырып айтатын жетістіктер баршылық. Біздің мектептен қанаттанған бітірушілердің 40 пайызы жыл сайын Назарбаев университетіне оқуға түседі. Бұл өте жоғары көрсеткіш. Бұдан бөлек, балалар шетелдік оқу орындарында білім деңгейін көтеруде. Жылына түлектердің 3-4 пайызы басқа мемлекеттердегі жоғары оқу ошақтарына түсіп жатады. Ол не деген сөз? Ол ертең үлкен адами ресурс дамиды деген сөз.
Шетелдік тәжірибенің қыр-сырына қанығып келген олар елімізге келіп, халықаралық дәрежедегі маман болатын адамдар. Назарбаев Зияткерлік мектебін тәмамдаған балалардың қалған бөлігі ұлттық университеттерде оқиды. Жалпы, біздің түлектер білімін жетілдіруге әрқашан ынталы. Бұл жетістіктер Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі білім берудегі түбегейлі өзгерістерге байланысты. Мұндай өзгеріс жалпы білім беру мектептеріне енді енгізіле бастады. Бұл барлық балаларға тең мүмкіндік туғызуға бағытталған саясат. Себебі, білім алуда мүмкіндік барлық балаларға бірдей берілуі тиіс. Мысалы, Финляндия соңғы жылдары 15 жастағы білім алушылардың сауаттылығын тексеруге арналған PISA зерттеуінде бірнеше рет қатарынан бірінші орынға қол жеткізді. Неге? Өйткені, Финляндияда барлық мектептерде тең мүмкіндік жасалған. Ал PISA өлшеуіші бойынша онда оқушының функция-
лық сауаттылығы тексеріледі. 2018 жылы PISA өлшеуішіне оқушылардың ғаламдық құзыреттілік деңгейін де өлшеу енгізіледі. Жалпақ тілмен қайырсақ оқушылардың жоғарғы деңгейдегі дағдыларын қалыптастыруға көп көңіл бөлу керек. Мәселенің мәйегі де өзектілігі де осында жатыр. Тек қана өз жерінің емес, ғаламның азаматы болуың керек. Ал мектептерге біркелкі жағдай жасалуы үшін жаңартылған білім беру мазмұны енгізіліп отыр. Барлық оқу орындарда мүмкіндік бірдей жасалса, қоғамда бірін-бірі түсінбеушілік болмайды. Мәселен, элитарлы оқу мекемесінде білім алған бала мен басқа оқу орнында білім алған баланың оқыған бағдарламалары әртүрлі болса көзқарастарында өзгеріс болуы мүмкін. Бұл қоғамның ілгері жылжуы үшін де дұрыс емес. Ал мына жағдайда түсіністік те, ынтымақтастық та орнайды. Сондықтан мұның көп мәні бар.


– Бағдан Тоқтамысұлы, Зияткерлік мектепте білім алу әр баланың арманы екені айтпасақ та түсінікті. Дегенмен кез келген баланың бұл білім ошағының шәкірті атана алмасы анық. Жалпы мектепке баланы қалай қабылдайсыздар?


– Мектепке қабылдау конкурс­тық іріктеу арқылы жүргізіледі.
Ойдағыдай конкурстық іріктеу өткен үміткерге Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының «Өркен» білім беру гранты тағайындалады. Биыл конкурстық іріктеуді ертерек бастадық. 27-ші қарашадан бастап
осы жылдың қаңтар айына дейін құжаттар қабылдаймыз.
Құжаттар өңдеуден өткеннен кейін наурыздың 3-4 күндері конкурстық іріктеу болады. Бірінші күні оқушылардың математика, қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі пәндері бойынша академиялық білімдері тексеріледі. Тест сұрақтары сыртқы эксперттер арқылы жасалады. Балалардың жұмыстары Голландияда тексеріледі. Екінші күні жас өрендердің кеңістікті елестетуі, сандармен жұмыс, тағы басқа қабілеті сыналады. Жылдан жылға Назарбаев Зияткерлік мектебіне оқуға келетін балалар саны көбейіп келеді. Өкінішке орай орындар шектеулі. Сондықтан қабілеті қарымды дарындылар ғана қабылданады.


– Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаев тиісті сала мамандары алдына орта білім жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу керек деп тапсырма берді. Демек, бұл – білікті оқушы тәрбиелеуден бөлек, сіздерге қосымша жауапкершілік жүктейді деген сөз. Осы абыройлы міндетті қалай атқарып жатырсыздар?


– Былтырғы жылдан бері мектептерге жинаған тәжірибемізді таратып келе жатырмыз. Әрине биыл бұл жұмыс еселене түсті. Осыған дейін біз пилоттық мектеп, базалық мектептермен жұмыс істесек, қазіргі күнде тығыз байланыс орнатқан басқа да білім мекемелері бар. Семей өңірінде тірек мектептері қатарына қосылған 7 оқу ошағы анықталып отыр. Ай сайын олармен барлық пәндер бойынша білім мазмұнын беру, дағдыны қалыптастыру әдістемесі, бағалау сынды бағыттарға қатысты жұмыс атқарудамыз. Бұл өте жауапты міндет. Ең негізгі мәселе мұғалімдердің тәжірибесін дамыту. Мұғалім өз тәжірибесін дамыту үшін өзінің іс-әрекетін зерттеу арқылы дамытуы керек. Жаңартылған білім мазмұнын енгізу, бағалауға шығармашылықпен қарау қажет. Әр баланың, сыныптың білімін бағалау жолында мұғалім шығармашыл болмаса, ол дұрыс бағаланбайды. Қазіргі жүйе соған әкеліп отыр. Сондықтан мектептерге тәжірибе тарату – оңай шаруа емес. Мұғалім өзгеріске дайын болуы керек. Алдымызда осындай аса жауапты жұмыстар легі тұр.


– Бағдан Тоқтамысұлы, сіз басшылық етіп отырған мектептің басты бір құндылығы – жаһандық азаматтық. Мен жаһандық азаматтықты адамның ойлау әрі дүниені көре білу қабілетінің тар шеңбермен шектелмей, керісінше, кеңдігінде жатыр деп түсінемін. Дегенмен, осы бір термин жайында айтып берсеңіз.


– Дәл қазіргі уақытта тек өз Отаныңның емес, ғаламның азаматы болуың міндеттеледі. Жаһандық азаматтық дегенді бүкіл әлемге қызмет ету деп түсінсек қателесеміз. Тұрақты даму деген түсінік бар. Ол БҰҰ-ның көтерген бастамасы. Сол сияқты тұрақты даму концепциясы да бар. Тұрақты дамуды қазіргі уақыттың қажеттілігін қамтамасыз ете отырып, болашақ ұрпақтың қажеттілігін қамтамасыз етуіне қауіп туғызбайтын даму деп түсінуіміз керек. Біз өскелең ұрпақтың өркен жаюы үшін қолайлы жағдай жасауымыз қажет. Осы концепция аясында көптеген бағыттар, проблемалар бар. Сол мәселелерді жергілікті жерде шешуге балаларды үйрету, түсінігін қалыптастыру керек. Ол ғаламдық ойлауға алып келеді. Бұл бағыт бойынша шаралар қолға алынды. БҰҰ моделі бойынша соңғы екі жыл бойы оқушыларымыз конференцияларға қатысып келе жатыр.


Конференцияларға қатысу баланың жаһандық ойлауын дамытуда маңызды рөл атқарады. Мәселен, әр оқушы зерттеу жұмысына белгілі бір мемлекетті арқау етіп, сол елдегі мәселелерді зерделеп, шешу жолдарын қарастырады, ой-пікірлерімен бөліседі. Ал жергілікті жердегі проблеманы шешуге қазір балалар түрлі жобалар шеңберінде зерттеу жүргізуде. Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқитын болашақ ғалымдар Семей өңірінің су көздерін, бұлақтарды зерттеумен айналысып жүр. Сондай-ақ, бүгінгі таңда кейбір аймақтарда құнарлы жерлер азайып барады, үлкен жыралар пайда болып, егін егетін жер көлемі кішірейіп келеді. Осыған орай біздің балалар Новопокровка ауылында жер қыртысы өзгерісін екі-үш жыл бойы зерттеп келеді. Ол жергілікті жердегі проблема болғанымен, ғаламдық мәселе.


– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбатты жүргізген
Жібек СЕРҒАЗЫ
Семей қаласы