LogoBILIMEL02
 
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан
updated 7:27 AM +06, Sep 22, 2017

E-learning және SMART-learning

Ұлы Абай: «Өзгеріс керегіне сену керек, қиынды тек жігермен жеңу керек!» –деген екен. Шапшаң даму үстіндегі технологияның шаңына қақалып қалмау үшін мемлекетімізге компьютерлік технология саласында білікті мамандар аса қажет. Бұл салаға қызықтыру амалын негізінде мектеп қабырғасынан бастаған абзал. Әлбетте, ұстаздың жетегінсіз, оқушының ынтасынсыз бұл іске аспайды. Ал мынау қағаз есебі көп заманда ұстаздың уақытын үнемдеуде әрі оқушының сабаққа ынтасын арттыруда «E-learning – интернет пен мультимедиа көмегімен оқу», яғни электронды оқыту – e-learning және SMART-learning таптырмас шешім.


Оқытудың жаңа технологияларын меңгеру және оны жүзеге асыру – қазіргі заман талабы. Дамыған елдерде кең тараған «E-learning» электронды оқыту жүйесін меңгерген ұстаз сынып журналын толтыру, күнделіктерді тексеру, ата-ананы хабардар ету және т. б. жұмыстарын енді компьютер арқылы іске асырады. Яғни, ұстаздың уақыты көбейіп, дарынды балалармен жұмыс, білімін көтеру сынды қосымша жұмыстарымен айналысады. Бұрынғыдай ғаламторды аралап, өзіне қажетті құжаттарды іздеу қиындық туғызбайды. Себебі, бұл бағдарлама бойынша ғаламтор жылдамдығы күшейіп, барлық компьютерлер желіге қосылулары үшін сымсыз байланыстың, яғни wi-fi-дың ауқымы кеңейді.


Үш-төрт жылдан бері осы бағдарламамен жұмыс істеп келе жатқан Үмбетәлі мектебінде жетістіктер жетерлік. Оқушылар автоматтандырылған жүйеде жеке портфолиосын, күнтізбесін, күнделігін, ал, мұғалімдер күнтізбелік-тақырыптық жоспарын, топ журналын жүргізуде. Ұстаздар сонымен қатар, алда болатын жоспарлы және жоспардан тыс жиналыстар мен кездесулер туралы оқушылардың ата-аналарына e-mail немесе sms-хабарламалар жіберіп тығыз байланыс орнатқан. Барлық оқушының үлгерімі мен сабаққа қатысуы туралы мәлімет ата-ана назарында. Бұл жүйеде сонымен қатар, сабақ кестесі, үлгерім мониторингі мен оқушылардың сабаққа келуі де жүзеге асырылады. Ол үшін мектеп жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз етілген. Мектептегі электрондық жүйені басқару моделі әкімшілік тарапынан қадағаланады. Мектепте сонымен қатар, «SMART» бағдарламасы да қолданыла бастады. Smart education: біліктілік арттырудағы соны көзқарас, жаңа басымдық – қолжетімді білім, тиімді тәсіл. Қазіргі таңда мұғалімдер ашық сабақтарын «SMART» бағдарламасына сүйеніп өткізіп келеді. Бұл бағдарлама жұмыс жасау үрдісін әлдеқайда жеңілдетіп отыр. Ұстаздардың дерлігі мультимедиялық құрылғыларды қолданып, жылжымалы интерактивті тақтаны пайдалануды жақсы меңгерді. Мультимедиялық, интерактивті тақтамен жұмыс арқылы өтетін сабақтар оқушының көңіл-күйіне де жақсы әсер етіп, сабақ көңілді әрі қызықты өтуіне өз септігін тигізуде. Ұстаздардың түрлі шаралар мен байқаулардан мақтау қағаздарын алуы – осы бағдарламаны игеруіміздің жарқын көрінісі.


Қоғамның дамуы бүгінгі таңдағы білім беру процесінде дамыған елдер стандартына деген ұмтылысты қажет ететін кезеңде электронды оқыту жүйесі орта білім беру мекемелеріне ақпараттандыру үдерісінің ағымдағы жай-күйді талдауға баға беруге, оқу сапасын арттырып қана қоймай, білімді басқарудың тиімділігін көрсетіп отыр. Мұғалім мен оқушы қарым-қатынасының жаңаша түрін қалыптастырған Е-learning және Smart-learning жүйесі – ұстаз үшін көмекші құралға айналып отыр. Бұл жүйе өз кезегінде қазақстандық білім көрсеткішінің әлемдік деңгейге көтерілуіне мүмкіндік бермек.


Ақпараттық мәліметтер ағыны күшейген заманда ақыл-ой мүмкіндігін қалыптастырып, оқушылардың қабілетін, талантын дамыту білім беру мекемелерінің басты міндеті болып отыр. Бұрын оқу орнын бітірген ұстаз тек үйретуші ғана болып шығатын болса, қазір біздің миссиямыз басқаша құрылымдалды. Қазір біз бағыттаушы, жөн сілтеуші, менеджер-ұйымдастырушы, бақылаушы болуымыз керек және сырттай бағалаушы эксперт ретінде қызмет етуіміз қажет.


Қазіргі уақытта білім беру саласында таңдау компаненттеріне зор көңіл бөлініп отыр. Өмір бойы білім алу мәселесі қолға алынды. Жыл өткен сайын елімізде педагог кадрларға қойылатын талаптар да өсуде. Елбасы Н.Ә. Назарбаев: «Бәсекеге қабылетті дамыған ел болу үшін, біз жоғарғы білімді ұлт болуымыз қажет», – деп атап өткен болатын. Бұл ұстаздар алдына қойылған жүгі ауыр, үлкен міндет. Осы жауапкершілікті ойдағыдай атқару үшін әрбір ұстазға жан-жақты ізденіс, қазіргі заманымызға сай жаңа технологияларды игеру, жалпы терең білім ауадай қажет. Сондықтан, электронды білім беру технологиялары үлкен қарқынмен дамып жатқан заманда ұстаздар қауымы e-learning және SMART-learning электрондық оқытуды меңгеріп, әрбір оқушының қабілетіне қарай білім беруді, оны дербестікке, ізденімпаздыққа, шығармашылыққа тәрбиелеуді жүзеге асыратын жаңартылған педагогикалық технологияны меңгеруге үлкен бетбұрыс жасауы қажет. Ұстаздарымыз заман талабынан қалмай, білім саласындағы әлемдік және отандық озық тәжірибелерді игеріп, білімдері мен кәсіби шеберліктерін үздіксіз жетілдіру арқылы ғана шәкірттеріне терең де тиянақты білім беріп, жақсы нәтижелерге қол жеткізе алады.

Гүлхан НҰРҒАЗИЕВА,
Ү.Кәрібаев атындағы ОМ
биология пәнінің мұғалімі
Алматы облысы,
Жамбыл ауданы

Оставить комментарий

Поля, отмеченные звездочкой (*), обязательны для заполнения.

Педагогическая мастерская