LogoBILIMEL02
 
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан
updated 12:31 PM +06, Mar 28, 2017

Менің пірім – Ыбырай

Тосын бағалау
 
Сүйінбай ақынға деген ыстық ілтипат, ынта-ықыласының ерекшелігінен, әрі өзін де солбір тау тұлғаға еліктеуге лайықты санағандығынан болар, Жамбыл бабамыздың жүрек түкпірінен:
Менің пірім – Сүйінбай,
Сөз сөйлемен сиынбай.
Сырлы, сұлу сөздері 
Маған тартқан сыйындай! – деген жыр жолдары төгілгенін білмейтін жан кемде-кем болар.
Пір тұту бар да, соған лайықты іс-әрекет жасау жауапкершілігі деген бар.
Осы мақаланы жазуға оқталғаныма біршама уақыт өтсе де, қалай бастарымды білмей, әрі-сәрі күйде жүргенімде, «Менің пірім – Ыбырай» деуіме болар ма екен?» деген сауал алдымнан кесе-көлденең тұрып алды. Мына бір сөз түрткі болмағанда, мүмкін, әлі де батылым жетпей, бұл тақырыпты қаузамас та едім, кім білсін. «Ол не сөз?» дерсіз...
Биыл Ы.Алтынсариннің 175 жылдық мерейтойының еліміздің түкпір-түкпірінде кеңінен атап өтілгені, іс-шаралар легі әлі де жалғасып жатқаны мәлім. Қазан айының соңын ала кеншілер қаласында, ұлы ағартушы есімін иеленген Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжінде Ыбырай бабамызға арналған облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілетін болды. Қатысушылар жинала бастаған тұс. Келушілерді бірінші қабаттағы кең фойеде ұлттық оркестр әсем әуенмен қарсы алуда. Мерекелік көңіл-күймен өзіміздің оқытушылар отыратын жұмыс кабинетіне асыға басып кіргенімде, әріптесім Шәрипа Қалибекқызы: «Алтынсаринге арнап тобымызда тәрбие сағатын өткіздік. Сонда бір студентім «В этом колледже есть преподаватель, который об Алтынсарине всё-всё знает» деп, сізді меңзеді» дегенде, жаныма жылы тиген тосын бағалауға аң-таң қалғанымды жасырма алмадым. Мен үшін бейтаныс ортадағы бозбала жігіттің сөзіне орай ішімнен: «Ол қалай білді екен?» деп күбірлей беріппін. Әйтсе де ұлы тұлғаға қатысты іс-шаралардың бел ортасында жүретінім көпшілік назарына іліккен болар деп топшыладым. Қазіргі әлеуетті ыбырайтанушы, профессор Серікбай Оспановтай жан-жақты бойламасам да, Ыбырай бабамыздың мұраларын, әсіресе хаттарын, ұлы тұлғаға қатысты өзгелердің зерттеулерін зерделеп жүргеніме, солардың негізінде бірнеше мақалам жарық көргеніне де жиырма жылдан астам уақыт өтіпті. Ал, Ыбырай әлеміне келуіме не түрткі болды? 1991 жылы ұлы ағартушы-педагогтың 150 жылдығына арналған республикалық конференцияға қатысуым аталмыш тұлға әлеміне бет бұруыма алып келді.
Содан бергі 25 жыл ішінде
Иә, содан бері де ширек ғасыр уақыт сырғып өте шығыпты. Мерейтойдан кейін көп ұзамай, қысқа таман тағдырдың жазуымен Рудныйдағы Ы. Алтынсарин атындағы педколледжге келіп, 1 желтоқсанда жұмысқа орналастым. Кейін, ұмытпасам, 1995 жыл болу керек, білім ордасында ұйымдастырылған облыстық семинарда ұлы ағартушы-педагог мұраларының өміршеңдігін, оқу-тәрбие ісінде жүзеге асырылуын танытатын кіріккен (интеграциялық) сабақты әріптесім Жанна Қасымқызы екеуміз өткіздік. Айтуға оңай, ал бір ғана ашық сабақ өткізу үшін қаншама оқып, іздену, жан-жақты ойлану, еңбектенуқажет десеңізші! Сол жылы Жанна екеуміз Алматыға курсқа келдік. Кітап дүкендерін аралап жүріп, жазушының «Таза бұлағын» сатып алдым. Кейін оны колледж мұражайына табыстадым. Ұлы ағартушы есімін иеленген колледжде дара тұлғаға деген құрмет, сүйіспеншілік сезім, оның мұрасын насихаттауға деген құлшыныс ерекше екен. Ұлы тұлға туралы менің де білетінім көбейіп, оған деген қызығушылығым арта түсті. Бірте-бірте мақала да жаза бастадым. «Ы. Алтынсарин: қалай тұру керек, қайда тұру керек» атты алғашқы материалым «Қазақстан мектебінде» (№2, 1996 ж.) жарық көрді. Осы кезге дейін Ыбырай бабамызға қатысты 20-дан астам мақалам жарияланды.Бәрін бірдей алтын деуге келмес, әйтсе де аракідік оқып қоям, жаман емес секілді. Алтынсариндей ардақты, аяулы тұлға турасында асығыс, үстіртін жазуға ешкімнің қақысы жоқ. Елеп-екшеп барып, ой өрбітуге талпынамыз. Өз басым ұлы ағартушы шығармаларын, әсіресе хаттарын оқыған сайын, олардан әркез жаңа, қазіргі заманмен үндесетін, өміршең, өзекті мәселелерді аңғарамын, сөйтіп, олардың әрқайсысын арнайы тақырып етіп, қазіргі жағдайымен байланыстыра, ұштастыра жаңғыртуды көздеймін. Айталық, «Ы.Алтынсарин – кәсіптік білім беру ісінің негізін салушы» деген мақалам алдымен «Қостанай таңында» жарық көрді (1999 ж.). Бұл тақырыптың бұдан бұрын арнайы қозғалғанын көрмеппін. Ыбырайтанушы С.Оспанов жақсы бағалаған соң (қазірге дейін осы мақаланы айтып жүреді), келер жылы бұл материалды екі тілде шығатын «Профессионал Казахстана» журналына жібердім.
Айтпақшы, Ыбырайдың қазіргі қоғамымыздағы ауыр індеттің бірі – жемқорлыққа қарсы тұрғанын «Алтынсарин демеушілерді демеп, жемқорларды жек көрген» атты мақаламда жазыппын. Жемқорлық пен парақорлыққа жаны қас оның 23 жасында-ақ (14.04.1864) Н.И. Ильминскийге жолдаған хатында мынадай жолдар бар: «Бас-аяғы он жыл ішінде миллионер бай болған, оған дейін ешнәрсесі болмаған осы елдің күшті жемқорларының бірі олардың істеп жүрген істерін менің жаратпайтындығымды біліп қойды. Сондықтан ол мені бұл арадан қуып жіберудің амалын істеп жүр». Және ол жастарды адами абзал қасиеттердің бірі – адалдыққа тәрбиелеудің мақсатын: «Барлық күш-жігерімді шәкірттерімнің мінез-құлқына ықпал етуге жұмсаймын, кейін парақор біреу шықпауы үшін» деп те түсіндіреді. Иә, әр мақаламның өзіндік орны, маңызы бар деп санаймын, өйткені олардың қай-қайсысы болсын ойлануды, ізденуді, қаншама тер төгуді қажет еткені былай тұрсын, мысқалдай болса да, өзгелердің назарына ілікті, игілігіне айналды. Бұлай деуімнің бір себебі: осыдан бірнеше жыл бұрын курстас дос құрбым Мүгілсін Қадырғалиева ұлы ағартушыға қатысты көлемді бір еңбегімен республикалық байқауға қатысып, 1-орынды иеленді. Қуанышымды білдіріп, құттықтағанымда, пайдаланған дереккөздері ішінде менің де мақалаларым болғанын айтып қалды. Сондай-ақ Алтынсариннің немере інісі Ахметбек Балғожин туралы мақалаға да көп еңбек сіңірдім: аталмыш кейіпкерім жайлы тірнектеп жиған мәліметтермен қатар, оның Рудныйда тұрып жатқан ұрпақтарына, Болат Ахметбековтер үйіне бардым. Серікбай Оспанұлымен жолықтым. Нәтижесінде көлемді мақалам «Учительская плюс» газетінде жарық көрді (13.09.2013). Бәрін бірдей тізбелей берудің қажеті болмас. Кейбір жанашыр жандардың кеңесімен ендігі жерде Алтынсаринге қатысты материалдарымды жинақтап шығару ойда бар. Өзім ғана емес, оқушыларым да Ыбырай бабамызға арналған түрлі конференция, байқауларға қатысып, курстық жұмыстар жазды, жүлделі орындарды иеленді. Ал, мен үшін бас жүлде 2011 жылы Алтынсарин медалімен марапатталуым болды. Жасыратыны жоқ, мен осыған ұмтылдым, себебі әрбір ұстаз үшін ең жоғары марапат – ұлы ағартушы-педагог төсбелгісіне ие болу, Ыбырайдың лайықты ізбасары екенін сезіну. Мұндай дәрежеге жетуіме білім басқармасының сол кездегі басшысы Сәуле Бөкейханқызы тікелей ықпал еткенін айтып өткенім абзал.
Әлі күнге Алтынсарин десе, елеңдеп жүремін. Мен оның өмірі мен қызметіне, жазған сөздеріне сүйсінумен, қызығумен, таңғалумен келемін. Озық ой, мол ақыл-парасатқа ие Ыбырайдың әр сөзі мен ісінен жоғары адамгершіліктің, жасампаз еңбекке деген ұмтылыстың, зиялылылықтың лебін сезінемін. Бір бойында нағыз патриоттың, кәсіпқой маманның, білікті басшының қасиеттері тоғысқан алып тұлғаның уақыт өткен сайын биіктей берері сөзсіз. Өмірі өзгелерге өшпес өнеге осынау тұлғамен бүкіл Ұлы Дала Елі мақтана алады. Мен оны тек қазақстандықтар үшін ғана емес, жалпы адамзат баласы үшін үлгі боларлық сирек жаратылыс иесі дер едім. «Бәріміз бір адамның баласымыз, Жігіттер, бір-біріңе қарасыңыз!» деп, барша адамзат баласын бейбіт қатар өмір сүруге үндеген де осы Ұлы Дала перзенті болатын.
Ұлы ұстаз тағылымынан нәр алған сайын, оған деген ынта-ықыласым арта түсетіндей. Сондықтан болар, биыл Ы. Алтынсариннің 175 жылдығына орай өткізілген төрт конференцияға, өзге де біршама іс-шараларға қатыстым. Бәрі де керемет өтті. Әсіресе, Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты өткізген басқосудан қанаттанып қайттым. ЖОО басшысы С. Б. Қуанышбаев институттың мерейтойға арнайы әзірлеген төл «Ы. Алтынсаринге 175 жыл» төсбелгісін сырттан келген ғалымдармен қатар, маған да табыстады. «Өрлеу» ұйымдастырған облыстық байқауда 1-орынды иелендім. Демек, менің Ыбырайды пір тұтуым бекер емес секілді.
«Алтынсаринді асқақтату – алты алашқа аманат»
Осы аттас мақаламның жарық көруіне («Қазақстан мектебі» журналы, №2, 2012) себептер жетерлік болды. Онда: «Қазақтың білім, мәдениет, әдебиет әлеміне тыңнан жол салып, мұрасы қазақ классикалық әдебиетінің, қазақ педагогикасының алтын қорына енген Алтынсаринді асқақтату – алты алашқа аманат. Оның есімі әлем педагогтарының алып шоғыры Я. Коменский, К. Ушинский, И. Песталоцци және басқалармен бір қатарда тұр. Олай болса, Алтынсарин – жалғыз қазақтың ғана емес, «адамзаттың Алтынсарині» атануға әбден лайықты тұлға», – деп жазыппын. Асылымызды өзгелерге таныту үшін, алдымен өзіміз әспеттеп, ұлы баба мұрасын жаңаша жаңғыртуымыз, оның адамзатпен, қазіргі заманмен сабақтас ең озық идеяларына жүгінуіміз керек. Қазақстан жер-жаһанға тек экономикасымен ғана емес, ұлы тұлғаларымен, олардың жауһар мұраларымен де таныла түсуі тиіс. Бұл – Мәңгілік Еліміздің берік ұстанымына айналса игі. Бұл турасында Елбасы Н. Назарбаевтың: «Во всем мире широко известны имена гениальных ученых и мыслителей древнего Востока, творения которых обогатили мировую сокровищницу знаний, внесли вклад в развитие мировой цивилизации. Среди них Аль-Фараби, М. Дулати, А. Кунанбаев, Ш. Уалиханов и другие», – деген сөзі бар. Әйтсе де сонау 1923 жылы ұлы жазушымыз М.Әуезов: «Біздің кейінгі ұрпағымыздың бәріне Абай қандай қадірлі болса, Ыбырай да өз орны, өзінің арналы мұрасымен ыстық» деп бағалаған бабамызды қаншалықты құрметтегендей болып жүрсек те, үшеуінің есімдері қашаннан бірге аталып келе жатса да, бәрібір Алтынсаринді асқақтата алмай жүргеніміз ақиқат. Айталық, тарих зердесінде шынайы үйлесім тауып, бірін-бірінен айырғысыз үш арыстың екеуі: Абай, Шоқан он ғасырда бір берілетін ең құрметті атаққа – «мыңжылдық саңлағына» ілікті. Алғашқы ұлттық валюталарымыз ұлы тұлғаларымыз бейнесімен шыққанда, бөркімізді көкке лақтыра қуандық, бірақ арасынан Ыбырай бабамызды көре алмадық. Бұрынғы астанамыз – Алматыда Абай, Шоқан ескерткіштерінің бой көтергеніне де талай жыл өтті. Ал, мұндай құрмет Ыбырайға әлі күнге бұйырмай келеді. Кейінгі жылдары тау тұлға бейнесінең болмаса туған өңірі төрінен мүсіндеуге үндеп, белсене шығып жүрген Беген Көпеш, Қуаныш Орманов және т. б. азаматтар бастамасы көпшілік тарапынан қолдау табуда. Тіпті атақты үш биіміздің қатар жайғасқанындай, бас қаламыз Астанада Шоқан, Ыбырай, Абай үшеуіне арнап, кешенді монумент тұрғызылар болса, Мәңгілік Еліміздің мәңгілігін айғақтар тағылымды құндылық болары хақ. Тұлғаны жаһанға танытудың бір жолы – оның мұрасын ағылшын тілінде тарату. Бұл да ойланарлық жайт.
Айтпаса, сөз атасы өледі. Ыбырай бабамыздың жанашыры, оның мұрасын қолдан келгенінше насихаттаушы ретінде жай отырмай, осы жазда Білім және ғылым министрлігі жанынан құрылған Қоғамдық кеңеске хат жаздым. Арасында Ресейде «ұлы педагог» деп әспеттелетін А. С. Макаренконың құрметіне 2003 жылдан бері ұдайы түрде Халықаралық конкурс және Макаренко оқуларын өткізу дәстүрге айналып, осылайша оны дүние-жүзіне таныта түсуге жаппай атсалысып жүргендерін де тілге тиек еттім. Вице-министр Э. Суханбердиеваның атынан келген жауапта Министрліктің 2017 жылға жұмыс жоспарын құру барысында оқушылар арасында Ы. Алтынсарин атындағы оқулар мен байқаулар өткізу мәселесі қарастырылатыны жазылған екен. Әрине, ұсыныстардың бәрін бірдей және бірден қабыл алу, орындауға уәде беру оңай шаруа емес. Дегенмен де Алтынсаринге қатысты айтарлықтай серпіліс қажет сияқты. Ол үшін алдымен әрбір мұғалім, әрбір оқушы, ілім-білімді адам капиталы сапасын арттырудың басты құралы санайтын әрбір патриот-азамат ұлы баба мұрасына қызығушылық, сүйіспеншілік танытуы, ол әспеттеген құндылықтарға жақын, адал болуы, оны үлгі тұтуы тиіс деп санаймын. «Дала қоңырауы» атанған Ыбырай өсиеттерін орындау Ұлы Дала мұрагерлері үшін қасиетті парыз болмақ.
Пиалаш СҮЙІНКИНА, 
Қостанай педагогикалық колледжі
 

Оставить комментарий

Поля, отмеченные звездочкой (*), обязательны для заполнения.

rzgr

Педагогическая мастерская