LogoBILIMEL02
 
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан
updated 6:04 AM +06, Jan 16, 2017

Эссе жазу әдістері

Қалдықыз БЕШІМБАЕВА,
Астана қаласы ФМБ НЗМ
қазақ тілі және әдебиет пәндерінің мұғалімі,
мұғалім-эксперт
 
«Негізгі мектеп курсы емтиханына тіл пәндері бойынша қандай жазба жұмысын ұсынар едіңіздер?». Сұрақ қарапайым, бірақ мен үшін емес.
Негізгі мектеп курсын бітірушілер емтиханының жазба жұмысын тексеруші комиссия мүшелері бұл сұраққа бірауыздан «Диктант емес, эссе жазуды ұсынамыз» деген жауап айтты. Бір жарым ай уақыт өткен соң, «эссе жазба жұмысын ұсынушылар Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 9-сынып негізгі мектеп курсының бітіру емтиханының биылғы оқу жылының (2011-2012) жазба жұмысын дайындасын» деген тапсырма келді. Зерттеу осылай басталды.
Эссе. Бұл туралы біз не білеміз? Кеңестік дәуірден келе жатқан тілдік пәндер емтиханының жазба жұмысы – диктант және шығарма. Қазақ тілді ресурстарды, қазақ тіліндегі басылымдарды қарастыра келе, «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» кітабынан «Бір нәрсенің әсерінен болатын толғаныстан туған шағын әдеби шығарма» деген ғана түсініктеме табылды. Емтихан жұмысы үшін бұл ақпарат аз. Ақпаратты ағылшын тілінде іздеуге тура келді. Ағылшын тілін білудің, жалпы, бірнеше тіл білудің маңызын осы жағдайда түсіндім. Дегенмен аудармашы арқылы жұмыс жалғасын тапты.
 
Сонымен, эссе деген не?
Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «Бір нәрсенің әсерінен болатын толғаныстан туған шағын әдеби шығарма» десе, француз тілінде талпыныс, байқау, очерк, латын тілінде салмақтау деген мағыналарды береді. Сонымен қоса, эссе – білім алушының пәндік білімі мен білігін танытатын қорытынды жазба жұмыс түрі. Эссе – студенттің қысқаша ғылыми жұмысы, яғни студенттің (оқушының) тар шеңбердегі өзекті сұрақты шешуі. Эссенің басқа ғылыми жұмыстардан өзгешелігі – берілген тақырыпты қысқа әрі нақты жеткізе білуінде. Эссе қалай жазылады?
Эссенің құрылымы кіріспе, негізгі бөлім, қорытындыдан тұрады. Маңызды ережелерінің бірі – тезис қою. Тезис – эссенің кілті. Кілті табылмаса, эссенің негізгі мақсатына жетуі де қиындыққа ұшыратады. Тезис – автор ұстанымы, негізгі бөлімде дәлелденетін ойға сілтеуші негізгі идея. Тезис кіріспе бөлімде қойылады. Кіріспе бөлім нені қамту керек? Кіріспе бөлімде эссе жазушы эссе тақырыбына түсінік береді. Осы арқылы жазушының эссе тақырыбын түсінгенін анықтай аламыз. Бұл тақырып неліктен өзекті екендігі жазылады. Тақырып және оның өзектілігі туралы жазылғаннан кейін тезис қойылады. Тезистен кейін негізгі бөлімге көшуші сөйлем жазылады. Тезис нақты әрі анық берілсе, жазбауға да болады. Кіріспе бөлім бойынша мысалға назар аударайық.
– Дос табу оңай ма? – депті қарт.
– Ата, дос табу ақылдыға оңай, ақымаққа қиын, – депті бала.
Эссе тақырыбы: Сіз қалай ойлайсыз? Дос табу ақылдыға оңай ма, ақымаққа оңай ма?
Дос – адамның рухани болмысы, дүниетанымы жағынан үндес келетін жақын жаны. Өз ойыңды, сырыңды, қуанышыңды, ренішіңді, өкінішіңді, жетістігіңді, кемшілігіңді досыңмен бөлісе аласың. Бірақ осының бәрін бөлісе алатын дос табу оңай ма? Дос болудан бұрын, дос табу қиын. Дос табу кімге оңай? Менің ойымша, дос табу ақымаққа оңай. Неге?
Тақырыпты түсінуін білдіретін сөйлемдер: Дос – адамның рухани болмысы, дүниетанымы жағынан үндес келетін жақын жаны. Өз ойыңды, сырыңды, қуанышыңды, ренішіңді, өкінішіңді, жетістігіңді, кемшілігіңді досыңмен бөлісе аласың.
Тақырыптың өзектілігін білдіретін сөйлемдер: Бірақ осының бәрін бөлісе алатын дос табу оңай ма? Дос болудан бұрын дос табу қиын. Дос табу кімге оңай?
Тезис: Менің ойымша, дос табу ақымаққа оңай.
Негізгі бөлімге өтуші сөйлем: Неге? (риторикалық сұрақ)
Эссенің бірнеше түрі бар. Кіріспе бөлімінің тезисі де ерекшелігіне сәйкес қойылады. Мысалға келтірілген кіріспе бөлім аргументтік эссеге қатысты қойылған. Кіріспе бөлімде тезис қойылғаннан кейін негізгі бөлімге көшеді.
Негізгі бөлім эссе жазушының тезиске, яғни негізгі идеяға қатысты айтатын қолдаушы идеяларына (пікіріне) байланысты абзацтарға бөлінеді. Бөлім құрылымына не кіреді? Пікір, аргумент, абзацты қорытындылаушы сөйлем, абзацтан абзацқа өтуші сөйлем. Бір пікір бір абзац. Негізгі бөлім бойынша мысал. 
Ақымақ кез келген адаммен дос бола береді. Себебі оның өмірлік ұстанымы айқын емес. Ол өз істеріне талдау жүргізіп ойланбайды. Дұрыс па, дұрыс емес пе деген сұрақтар да оны көп толғандырмайды. Өз ісіне есеп бере алмағандықтан, өзгелерді де бағалай алмайды. Сондықтан ақымаққа дос табу оңай. Ақымаққа дос табудың оңай болуының тағы да басқа себептері бар.
Пікір (негізгі идеяны, яғни тезисті қолдаушы сөйлем): Ақымақ кез келген адаммен дос бола береді.
Аргумент:
1. Себебі оның өмірлік ұстанымы айқын емес. 
2. Ол өз істеріне талдау жүргізіп ойланбайды. 
3. Дұрыс па, дұрыс емес пе деген сұрақтар да оны көп толғандырмайды. 
4. Өз ісіне есеп бере алмағандықтан, өзгелерді де бағалай алмайды.
Абзацты қорытындылаушы сөйлем: Сондықтан ақымаққа дос табу оңай.
Абзацтан абзацқа өтуші сөйлем: Ақымаққа дос табудың оңай болуының тағы да басқа себептері бар. 
Негізгі бөлімнің соңғы абзацында басқа абзацқа өтуші сөйлем орнына, негізгі бөлімнен қорытынды бөлімге өтуші сөйлем жазылады.
Қорытынды бөлімде логика бойынша кіріспе бөлімдегі тезиске қайта оралады. Тезисте қандай идея, қандай ұстаным айтылып еді. Негізгі бөлімде негізгі идея талданды ма? Осы екі сұрақ бойынша ойланып, негізгі бөлімдегі абзацтардың түйінін шығарып, қорытынды бөлім жазылады. Мысалы: Қорытындылай келе, дос табудың қиындығы ақылдыға тән. Мақсатсыз, ... ... ..., ... ... ..., ... ... ... адамға дос табу жеңіл. Дос табуда қателеспеуге тырысыңыз.
Бұл – эссенің негізгі құрылымы. Эссе құрылымының бөліктері бір-бірінен ажырамайтын, спираль іспеттес болады. Сөз оралымдары, яғни абзацтан абзацқа өтуші сөйлемдер, шылаулар, қаратпа сөздер эссе құрылымын байланыстырады. Шылаулар абзацтарда айтылатын пікір мағынасына қарай қолданылады. Қаратпа сөздер эссе жазушының ойына байланысты қойылады.
Эссе тақырыптары эссе түрлеріне қарай әртүрлі құрылады. Аргументтік, дәлелдемелік, әдеби, сыни, синтез эсселердің өзіндік ерекшеліктері бар. Осыған сәйкес тақырыптарында да өзгешілік бар.
Эссе жазу адамды үздіксіз оқуға итермелейді. Идея айтып, пікір білдіргенмен, аргументтермен бекіте алмау – аяқталмаған эссе. Толық эссе жазылу үшін қоғамда болып жатқан жаңалықтар, әртүрлі саладағы өзге-
рістер, тың ойлар, оқиғалар, жаһандық мәселелер назардан тыс қалмау керек. Нашар аргументтен нашар эссе жазылады. Эссе – білім алушыны үздіксіз оқуға жетелейтін жазба жұмыс түрі.
 
Біз қалай жазып жүрміз?
Эссе жазу әдістері туралы зерттеу барысында кезең сайын шеберлік-сыныптар, семинарлар, курстар, тренингтер өткізіліп келеді. Курс, тренингтер интерактивті формада өтеді. 20% – теориялық материал, 80% – тәжірибелік жаттығулар, пікірлесулер, кері байланыстар. Яғни, қатысушылар эссе жазады, кері байланыс арқылы жазу жолын меңгереді. Біздің түсінігімізде эссе әр адамның тақырып бойынша өз ойын білдіруі. Расында да, эсседе өз ойымыз жазылады. Дегенмен құрылым жағынан қиындықтар бар. Тезис қою қалыптаспаған. Пікірді аргументтермен дәлелдеп, қорыту жетіспейді. Пікір айтудан гөрі, ақпараттар жиынтығы беріледі. Қорытынды бөлімде тыңнан жаңа ойға көшіп, эссе тақырыбынан ауытқып кетеді. Эссені тұтас алғанда, эссе жазушы, тек қана кіріспе жазып шығатын жұмыстар да кездеседі. Эссе жазуды бастамас бұрын тақырып туралы түсінік тексеріліп, оған айтатын идея мен пікірлер, аргументтер жинақталады. Түсінік, пікір бар болғанымен, аргумент келтіру қиындық туғызады. Аргументтің аздығынан тақырып таңдауда қиындық туды. 
Жоғары оқу орнында эссе жазуы, мектеп бітірушілер емтиханының эссе форматында өтуі еліміздің білім саласына енген жаңалықтары. Сондықтан эссе жазу әдістерін жетілдіру – зерттеуге итермелейтін іс.

Оставить комментарий

Поля, отмеченные звездочкой (*), обязательны для заполнения.

rzgr

Педагогическая мастерская