LogoBILIMEL02
 
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан
updated 6:04 AM +06, Jan 16, 2017

«Жасыл» болашаққа қадам

20 желтоқсанда Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы (ДББҰ) Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасымен (БҰҰДБ) серіктестікте «Жасыл» болашаққа қадам» Халықаралық конференциясын өткізді.
Конференция «Қазақстанның тұрақты даму концепциясы-2024» аясында ұйымдастырылып, экологиялық тұрақтылық мәселелерін қарастыруға бағытталды. Іс-шара 200-ге жуық жалпы білім беру және Зияткерлік мектептерден келген экология, география және биология пән мұғалімдерін біріктірді.
Конференцияның негізгі мақсаты – еліміздегі мамандарды «Климаттық қобдишасы» және «Климаттық өзгерістер» тақырыбында оқу және ойын-сауық материалдары қамтылған оқыту ресурсымен таныстыру болды. 
Конференцияның пленарлық отырысының ашылу рәсімінде, қатысушылар алдында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова сөз сөйледі.
– Қазіргі заманда қоғамда, экономикада, саясатта және ақпараттық технологиялар кеңістігінде біршама терең өзгерістер орын алып жатыр, – деп Күләш Ноғатайқызы сөзін жалғастырды. – Оның салдары қоршаған ортаға да өз әсерін тигізуде. Өз кезегінде бұл білім мазмұнын жаңартуда белгілі бір іс-шаралар мен өзгерістерді талап етеді. Осы мақсатпен Назарбаев Зияткерлік мектептерінде кіріктірілген білім беру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Біздің түлектер мектепте алған тәжірибені заманның жаһандық мәселелерімен кездескен сәтінде дұрыс қолдана білуін қамтамасыз ету үшін аталған өзгерістерді ескеруге тырыстық. Жан-жақты білім беру мен тәрбие жұмысын біріктірудің тиімді көрсеткіші ретінде – Зияткерлік мектептердің қоршаған орта мен экология мәселелеріне арналған байқаулар мен олимпиадаларында белсенділік танытып, тікелей қатысуын атап өтуге болады.
Келесі сөз кезегін БҰҰДБ департаментінің директоры Расул Рахимовқа берілді. Ол өз кезегінде конференция қатысушыларына БҰҰДБ-ның басты кеңсесінің сәлемдемесін айтып, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» басшылығына ұйымдастырылған іс-шара бойынша алғысын білдіріп шықты.
– Бүгінгі іс-шара біз үшін ерекше маңызды, – деді Расул Рахимов. – Өйткені Назарбаев Зияткерлік мектептері тәжірибесі негізінде біз қызықты бағыттардың бірі – климаттың өзгеруі туралы оқушылар арасында дұрыс көзқарастың қалыптастыруын дәріптеуді көздеп отырмыз. Серіктестігіміз «EХРО-2017» халықаралық көрмесі қарсаңында орнатылғанына қуаныштымыз. Өтіп отырған конференция Зияткерлік мектептер мен БҰҰ даму бағдарламасы арасындағы алда бірігіп жасалатын іс-шаралар жоспарының алғашқы қадамы деп үміттенеміз. Бірыңғай жасалған жұмыс нәтижесінде бүгінгі таңда Елбасы және біздің Үкіметпен күн тәртібінде қойылған мақстаттарды орындайтынымызға күмәнім жоқ.
Конференция «Климаттық қобдишасымен» таныстыру кезеңімен жалғасты. Ресейдегі «Climate box» жобасының координаторы Юлия Добролюбова өз баяндамасында оқыту құралы және климаттық өзгерістер картасымен жұмыс жасаудың негізгі қағидаларын атап өтті. Ол Қазақстанда атқарылып жатқан жұмыстың нәтижелеріне ерекше тоқталып, әріптестеріне алда жүзеге асырылатын жобаларда сәттілік тіледі.
Сонымен қатар, пленарлық отырыс барысында отандық және шетелден арнайы шақырылған сарапшылар өз баяндамаларын ұсынды. Атап айтатын болсақ: Елена Мальц – Сочи қ. «С. Ю. Соколов атындағы экологиялық-экономикалық орталығы» қосымша білім беру муниципалдық бюджеттік мекеме директоры, Мәскеу қаласынан келген «Жас табиғат зерттеушілері» бекетінің жетекшісі Данила Сорокин, Татьяна Немцан, Ақмола обл., Аршалы ауданы «Вячеслав» орта мектебінің директоры, Райна Жапарова, негізгі мектеп координаторы, Астана қ. Назарбаев Зияткерлік мектебі. Сарапшылар өз мәлімдемесінде жасалған жұмыс нәтижелерінің есебімен бөлісті. Соның ішінде «Климаттық қобдишасын» Ресейде қолдану тәжірибесі, оның әлеуметтік жобаларды жасау барысындағы мүмкіндіктері, кешенді жоба арқылы шағын ауыл мектебінде қалыптастыру тәжірибесі, кіріктірілген және пәнаралық оқытуда қолдану әдістері қарастырылды.
Іс-шара барысында Қазақстандағы білім беру мекемелерінде жүзеге асырылған жасыл технологияларды қолдану арқылы жаһандық жылыну мәселесімен күресудің отандық және халықаралық тәжірибесі талқыланды. Секциялар жұмысы аясында мұғалімдер сарапшылармен бірге «Climate Box» ресурсын Қазақстан Республикасы бойынша бастауыш, орта және жоғары сыныптарында тәжірибе жүзінде қолдану мүмкіндіктерін қарастыру мақсатында, практикалық жұмыстар орындады.
Мұғалімдер тәжірибесін біріктіріп, балалардың зерттеу және жобалау жұмыстарына қолайлы орта жасау мақсатында экологиялық жобалар көрмесі ұйымдастырылып, көрмеде «Water in Aul» жобасы және Назарбаев Зияткерлік мектептері бойынша өткен аймақтық байқаулар жеңімпаздарының жұмыстары ұсынылды. 
Зияткерлік мектептерде білім беру мазмұнында жаратылыстану, техникалық-математикалық бағытпен қоса, қоршаған орта мен экология нысандары мен құндылықтары негізделген. Бүгінгі өзгеріске толы заманда бұл құндылықтар оқушыны жеке тұлға ретінде қалыптастырып, ойын және іс-қимылын анықтайтын бағдар екені даусыз. Осыған байланысты Зияткерлік мектептерінде ұйымдастырылған сыныптан тыс іс-шаралар дәстүрлі түрде сенбіліктерді, «Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеу экспедициясы және «10 күн ауылда» әлеуметтік тәжірибесі секілді жобаларын біріктіреді. 
Мысалы, Павлодар қаласындағы Зияткерлік мектеп оқушысы Артем Федоровский Ресей бойынша Нанотехнология олимпиадасында жеңімпаз атанып, «Жоғары сапалы сорбент синтезі және оның суды мұнай ластануынан тазартуда қолдану», «Жаңа адсорбенттерді даярлау және оларды зерттеу» ғылыми жобалардың авторы болып келеді.
Ал Орал қаласындағы Зияткерлік мектептің 9-сынып оқушысы Азиз Талапов Мәскеу қаласында өткен «Архимед-2016» байқауында өзінің «Жел агрегатының қолданбалы зертханалық макеті» жобасын ұсынып, жүлделі ІІ орынға ие болды.
Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Бек Талғат пен Анатолий Алексеев робототехника бойынша құрама командасы халықаралық WRO (World Robot Olympiad) – 2016 олимпиадасында ғарышты тазартатын ең жасампаз жер серігін құрастырғандары үшін LEGO Education Creativity Award сыйақысын иемденді.
Бүгінгі таңда Зияткерлік мектептер энергияны үнемдеу және тұрақты даму мәдениетін насихаттау бойынша жұмысын жетілдіріп, жалғастыруда. Мысалы, 2015 жылдан бастап мектептерде «EXPO-ның жас достары» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба барысында Зияткерлік мектептердің оқушылары халықаралық көрмені дәріптеу мақсатында жалпы білім беру мекемелерінің оқушыларымен кездесіп, көрменің пайда болу тарихымен, жаңартылатын және баламалы энергия көздері саласындағы жобалармен таныстырады. Сонымен қатар, 7-12 сынып оқушылары «EXPO-2017» жобасы қарсаңында ұйымдастырылатын байқауларға белсенді қатысуда.
 
Жазира Асанова

Оставить комментарий

Поля, отмеченные звездочкой (*), обязательны для заполнения.

rzgr

Педагогическая мастерская