LogoBILIMEL02
 
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан
updated 6:03 AM +06, Jul 21, 2017

Педагогтардың біліктілігін арттыру жүйесін ақпараттандыруды дамытудағы 25 жетістік

Сәуле МҰХАМБЕТЖАНОВА, 
«Өрлеу БАҰО» АҚ филиалы Білім беру жүйесінің басшы және
 ғылыми-педагогикалық қызметкерлерінің 
біліктілігін арттыратын республикалық институты
Алматы қаласы
 
Еліміздің тәуелсіздігіне 25 жыл. 1991 жылдан бастап бүгінгі мерейлі 2016 жылға дейінгі жиырма бес жылдың қай-қайсысын жекелеп алсақ, әрқайсының өз салмағы, өз өлшемі, мән-мағынасы бар. Осы жылдар ішінде педагогтардың біліктілігін арттыру жүйесінде білім беруді ақпараттандыру да елеулі жетістіктерге жетті.
– 1997 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың арнайы Жарлығымен бекітілген білім беруді ақпараттандыру бағдарламасы (1997-2002 жж.) қабылданған болатын. Бағдарламаның негізгі идеясы білім берудің сапасын жаңарту мен арттыруға, мектеп оқушылары мен болашақ кәсіпқойлардың ақпараттық мәдениетін қалыптастыруға, әлемдік қоғамдағы Қазақстан азаматтарының мәдениаралық және тілдік қатынастары үшін негіздерді жасауға бағытталды. Бұл бағдарлама білім беруді ақпараттандыру процесін дамытуға негіз болды. Аталған бағдарламаны жүзеге асыруда мектептерді жаппай компьютерлендіру процесі басталып, барлық мектептер кезең-кезеңмен компьютерлендірілді.
– 1998 жылдан бастап Информатика пәнін 7-11 сыныптарда оқытудың мемлекеттік білім стандарты жасалып, мектептерде информатика пәні 7-сыныптан бастап оқытыла бастады. 1998-2000 жылдар аралығында Азиялық даму банкінің қолдауымен информатика мұғалімдерінің біліктілігін арттыру процесі жүргізіліп, мектептер алғаш рет Тәуелсіз Қазақстанның «Информатика» оқулықтарымен оқытылды.
– 2001 жылы мектептердің компьютерлендірілуіне байланысты электрондық оқулықтар жасау үдерісі басталып кетті.
– 2002 жылдан бастап педагогтарды компьютерлік сауаттылыққа үйрету бойынша деңгейлік курстардың (4 деңгей) тұжырымдамасы мен бағдарламасы жасалды.
– 2003 жылы пән мұғалімдері үшін жаңа ақпараттық технологияны меңгерту бойынша деңгейлік курстар жүргізілді. Ол курстардың көлемі 144 сағатты құрады. Пән мұғалімдері сатылап курстардан өткізілді.
– 2004 жылы ҚР Білім және Ғылым Министрлігі «ТМД және Қазақстан мемлекеттерінде білім беруді ақпараттандыру» атты І Халықаралық форум ұйымдастырды. Осы форумда «Білім беру қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жүйесіндегі жаңа ақпараттық технологиялар» көрмесі ұйымдастырылды және www.ripkso.kz сайтының тұсаукесері өткізілді.
– 2005 жылдан бастап жалпы білім беретін мектептерді Интернеттендіру үдерісі жүргізілді. Бұл үдеріс спутниктік арна арқылы қашықтықтан оқыту үдерісімен сабақтастырылды. Мұнда ауыл мектептерінің педагогтарын қашықтықтан оқыту мәселесі қарастырылды. Аталған идеяны жүзеге асыруда Интернет желісін қолдану бойынша біліктілікті арттыру курстары өткізілді.
– 2005 жылы Орта білім беру жүйесін ақпараттандырудың Мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында информатика мұғалімдерінің АКТ бойынша кәсіби құзырлылығын дамыту үшін алғаш рет «Алтын диск» байқауы Microsoft корпорациясымен бірлесіп ұйымдастырылды. Осы жылы алғаш рет «Инновациялық педагог» атты ауыл мектептері педагогтарының компьютерлік сауаттылығын дамыту мақсатында Microsoft корпорациясымен бірлесе отырып, республикалық институт жазғы лагерь жұмысын бастады.
– ЮНЕСКО-мен бірлесе отырып, ауыл мектептерінің педагогтары үшін қашықтықтан оқыту процесін енгізу жобасы жүргізілді. Flash-сервер арқылы MOODLE ортасында қашықтықтан курсты ұйымдастыру шаралары жүргізілді. Осы ортада Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды және Павлодар облыстарындағы ауыл мектептерінің физика, химия және биология пәндерінің мұғалімдері электрондық оқу материалдарын жасап, қолдана бастады. Жасалған материалдары арқылы оқушыларға қашықтықтан оқыту үдерісін біртіндеп енгізу процесі іске қосылып, ұлттық бірыңғай тестке оқушыларды дайындау мүмкіндіктерін жүзеге асырды. 
– Елбасының Қазақстан халқына арнаған жолдауында өткен ғасырдың отызыншы жылдарында сауатсыздықпен күрес жүргізілгендей, компьютерлік сауаттану жөніндегі ауқымды іске азаматтарды тарту қажеттілігі айтылған жəне мемлекеттік қызметке жаңа қызметкерлерді қабылдау кезінде компьютерді, интернетті жəне электрондық поштаны қолдана білу дағдысы міндетті талап болуға тиіс екендігі атап көрсетілген. Қазақстан Республикасында ақпараттық теңсiздiктi төмендетудiң 2007-2009 жылдарға арналған бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында тұрғындарды жаппай компьютерлік сауаттылыққа үйрету жұмысы жүргізілді, оның ішінде педагогтардың компьютерлік сауаттылығын дамытуға ерекше мән берілді.
– ЮНЕСКО-мен бірлесе отырып, АИВ (ВИЧ) және ЖИТБ (СПИД) бойынша мектеп мұғалімдері мен оқушылар және ата-аналар үшін онлайндық интерактивтік курс республикалық институтта жасалып, түрлі интерактивтік тренингтер өткізілді. Ол курстың негізгі мақсаты АИВ (ВИЧ) және ЖИТБ (СПИД) туралы жалпы түсінік және одан сақтану жолдарына бағытталған.
– Елбасының «Жаңа әлемдегі – жаңа Қазақстан» жолдауында онлайн тәсілінде оқыту тәжірибесін дамытып, елімізде оқу теледидарын құру қажет деп айтылған болатын.
Президент ел тарихында алғаш рет 2007 жылдың 3 қыркүйегінде «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» деген тақырыпта Астанадағы Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінде республикадағы 1000 мектептің оқушылары үшін онлайн режимінде интерактивті сабақ өткізді. Осы шараның өткізілуіне байланысты республикалық институтта апталық курстар ұйымдастырылды. Онда пән мұғалімдері үшін интерактивтік тақтаны оқу үдерісінде пайдалану мен онлайн режимінде интерактивтік сабақтарды өткізу әдістері қарастырылды. 2007 жылдан бастап осы уақытқа дейін пән мұғалімдері интерактивтік тақтада түрлі Флипчарттар жасап, ҰБТ-ға оқушыларын дайындап, виртуалдық зертханалар жүргізіп және онлайн режимде озық интерактивтік сабақтар жүргізетін, үздік тәжірибелерді ортаға салатын онлайн режимдегі шығармашылық ордаға айналды (www.1.sabak.kz).
– 2008 жылы алғаш рет Информатика мұғалімдері үшін «Оқушыларды Информатикадан олимпиадаға және ғылыми жобаға даярлау әдістері» атты Жазғы мектеп жұмысын бастады. Жазғы мектептің негізгі идеясы информатика мұғалімдерін дарынды оқушылармен жұмыс жасау әдістерін үйрету мен ғылыми-шығармашылықпен жұмыс жасауға дағдыландыруға негізделген. Осы жылы педагогтардың біліктілігін АКТ бойынша арттыруға байланысты Модульдік бағдарлама бекітілді. Аталған бағдарлама негізінде педагогтар жаңа типті компьютерлермен жұмыс жасау бойынша біліктілігін арттыра бастады.
– 2009 жылы педагогтардың қашықтықтан біліктілігін арттырудың тұжырымдамасы жасалды. Бұл тұжырымдама ЮНЕСКО-ның құжаттарына бағытталып жасалды. Аталған тұжырымдама негізінде педагогтардың АКТ-құзырлылығын қалыптастыру өлшемі айқындалды және олардың біліктілігін арттырудың стандарты мен модульдік бағдарламасы жасалынды. Жасалған құжат Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2010 жылғы 9 ақпанында №47 бұйрығымен бекітілді.
– ЮНЕСКО-мен бірлесе отырып, жасалған құжаттардың негізінде педагогтардың Электрондық Портфолиосы білім беру қызметкерлерінің барлық категориясына сәйкес құрастырылды. Мектеп басшыларына арналған Электрондық Портфолио бүгінгі күні қолданылып жүрген Ұлттық білім берудің деректер қорының алғашқы бастамасы болды.
– 2011 жылдан бастап біліктілікті арттыру жүйесінде тыңдаушылардың бірыңғай статистикалық ақпараты, бірыңғай әдістемелік қызмет, бірыңғай мониторинг, қашықтықтан оқыту, электрондық журнал, электрондық кесте, желілік педагогикалық қауымдастық және тыңдаушылардың Электрондық портфолиосы сияқты ақпараттық ресурстар іске қосылып, бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып келеді.
– Мектеп басшыларының АКТ-құзырлылығын айқындау мақсатында «ІТ-менеджер» атты республикалық байқау ұйымдастырылды. Байқаудың негізгі мақсаты сандық мектеп пен Smart-мектепті басқара алатын табысты басшыны айқындауға негізделген. INTEL «Болашаққа қадам» халықаралық ұйымымен бірлесе отырып, педагогтардың АКТ-құзырлылығын қалыптастыруға байланысты біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылды және сайты ашылды: www.iteach.kz.
– e-learning жүйесін орта білім беретін мектептер мен Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне енгізу бойынша категорияларға сәйкес біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылды, онда білім беру ұйымдарының басшыларынан бастап желі әкімшілігіне дейінгі аралық қамтылды. 
Курсты ұйымдастыруда Оңтүстік Корея елінің тәжірибесі негізге алынды. 
– «49 үздік педагог» атты телесабақтар «Білім» телеарнасымен бірлесе отырып, ұйымдастырылды. 49 педагог ауыл мектептерінен таңдап алынды. Бұл хабарда педагогтың бір күнгі өмірі сипатталады. Отбасылық өмірі мен педагогтік қызметі арасындағы сабақтастық бейнеленеді. Мұнда педагогтың медиасауаттылығын дамытуға ерекше назар аударылды.
– Педагогтардың сандық білім ресурстарын өз пәндеріне қолдану бойынша түрлі тренингтер ұйымдастырылды. Онда сандық білім ресурстарын қолдану және өзіндік сандық білім ресурстарын жасау әдістеріне ерекше назар аударылды.
– Кибер университетінің профессоры Goosoon Kwon және «Өрлеу БАҰО» АҚ төрайымы, п.ғ.д., профессор Г.К. Ахметованың ғылыми басшылығымен «Методика повышения квалификации работников образования по электронному обучению на основе опыта Южной Кореи» атты монография жарыққа шықты. Монографияның негізгі мазмұны e-learning, smart-learning жүйелерін білім беру саласына енгізу мен педагогтардың біліктілігін арттырудағы ерекшеліктері және online оқытудың мүмкіндіктері мен бейнесабақтарды жасау технологиялары қамтылған.
– e-learning бойынша біліктілікті арттыру жүйесінде тыңдаушыларды on-line тіркеу, on-line сауалнама, on-line тест жүргізетін арнайы сайт жасалды: www.e-learning.ripkso.kz. 
– Оңтүстік Корея елінің тәжірибесін негізге ала отырып, smart-learning-ті біліктілікті арттыру жүйесіне енгізудің тұжырымдамасы, біліктілікті арттырудың бағдарламасы және сайты жасалды: www.smart.orleu-edu.kz. 
– Мобильдік құрылғыларды оқу үдерісіне қолдану мүмкіндіктері бойынша педагогтардың біліктілігін арттыру курстары жүргізілуде. Мұнда мұғалімдердің мобильдік сауаттылығын қалыптастыру жолдары қарастырылады. 
– STEM білім беру жүйесі бойынша Халықаралық ІТ-университетінің ғалымдарымен бірлесе отырып, жобалар жасау жоспарлануда. Бүгінгі таңда осы университет жанынан «Өрлеу БАҰО» АҚ-ның ұйымдастыруымен «Өрлеу БАҰО» АҚ филиалдарының 80 аға оқытушысы «Робототехника негіздері» біліктілікті арттыру курсынан өтті. Онда Роботты құрастыру, модельдеу және программалау мәселелері қарастырылды. 
Аталған бағыттардың әрқайсысы Елбасының жыл сайынғы жолдауы мен «100 нақты қадамды» негізге ала отырып, біртіндеп жүзеге асырылып отырылды. Келтірілген бағыттар біліктілікті арттыру жүйесіндегі ақпараттандыру саласын дамытуға өз ықпалын тигізуде. Сондықтан, біз ақпараттандыру ғасырында, ақпараттық қоғамда және білім беруді ақпараттандыру жағдайында педагогтардың ақпараттық-коммуникациялық және технологиялық құзырлылығын қалыптастыруға ықпалын тигізеді деп ойлаймын.

Оставить комментарий

Поля, отмеченные звездочкой (*), обязательны для заполнения.