LogoBILIMEL02
 
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан
updated 7:27 AM +06, Sep 22, 2017

Отбасы тәрбиесі – қоғам негізінің бастауы

Адам үшін ең жақын әлеуметтік орта ол – отбасы. Жанұя белгілі бір дәстүрлердің, жанға жағымды өнегелердің, асыл мұралар мен қаймағы бұзылмаған салт-дәстүрдің сақтау­шысы. Отбасында бала алғаш рет өмірмен, қоршаған ортамен танысып, мінез-құлық нормаларын игереді.


Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің «Әйелдердің ұстамдылығы мен төзімділігі – тыныштық пен татулықтың тірегі» деген баяндамасында: «Бізге неке және отбасы институтын нығайтып, оның беделін арттыру, адамгершілік құндылықтарды қайта түлету қажет. Отбасы, бала, отбасылық құндылықтар мен дәстүрлер біздің қоғамның және біздің мәдениеттің әрдайым негізі болды және болып қалады. Бізге көптеген отбасыларында бар ізгі дәстүрлер мен әдет-ғұрыпты сақтап, оларды насихаттап, жас отбасыларға қолдау білдіру керек. Мемлекет бұл үшін көп іс атқарып отыр. Сонымен қатар, ата-аналардың өздері де бұған қамқорлық көрсетуі керек. Отбасылық құндылықтарды насихаттап, отбасы бейнесі мен некені, көп балалық өнегелерін құрмет тұтқызу керек. Үлгілі отбасы нормасы көп балалы болуы тиіс деп санаймын. Барлық халықтарда ғасырлар бойы солай болып келген. Адамның байлығы балаларының санымен өлшенген» – деп ғасырлар бойы жинақталып, ата-баба тарихынан бізге жеткен отбасы тәрбиесінің мол мұраларын болашақ ұрпақты тәрбиелеуге пайдалану заман талабы деп қабылдай отырып, отбасылық құндылықтардың өзіндік ерекшеліктері мен бүгінгі ұрпақ санасына жеткен әсерін және пікір сабақтастығын жан-жақты жүйелі зерттеу өзекті мәселелердің бірі деп санайды.


Отбасы – адам баласының өсіп-өнер, қаз тұрар, қанат қағар ұясы, алтын бесігі. Тәрбиенің кілті – отбасының өмір тіршілігіне байланысты. Әсіресе, ата-ананың адамгершілік бейнесі балаларды тәрбиелеудің негізгі көзі. Қыран ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі ғой. Бала өмірінің алғашқы күнінен бастап ата-ана өздерінің негізгі борыштарын атқаруға кіріседі, яғни, оларға тәрбиеші бола бастайды.


Кей әке-аналар өздерінің міндеттерін тек балалардың қарнын ашырмау, киімдерін бүтіндеу деп те ойлайды. Балаларының білімін мектепте алған бағаларымен ғана бағалайды. «2» алса жаман, «5» алса жақсы. Оқу жылы ішінде бірде-бір рет балаларының сабағына қатыспайтын ата-ана, баласы бұзық болса, тәртіпсіз болса ұстаздар қауымына тіл тигізіп, қаралап жататын кездері де аз болмайды. Міне, сондықтан отбасындағы білім беру бағытындағы тәрбиесі жайына қалады. Отбасының аса маңызды міндеттерінің бірі – баланы жарқын істерге, нұрлы мұраттарға тәрбиелеу екендігін естен шығарып алған қаншама ата-ана бар десеңізші. Халқымыздың «Балаңды бес жасқа дейін патшадай сыйла, бес жастан он бес жасқа дейін құлындай жұмса, одан соң өзіңе ақылшы дос сана» деген өмірлік қағидасы бар емес пе.


Бала тәрбиесінің алғашқы алтын қазығы туған ұясы, өз отының басындағы ата-ана тәрбиесі. «Баланың бас ұстазы – ата-анасы» демекші, отбасындағы таным, түсінік қалай қалыптасса, адамның бойында қалатын қасиет те солай қалыптасады. «Болса тәртіп, бала өседі сомданып, қатаң ұста, бос жүрмесін сандалып» деп Жүсіп Баласағұн айтқандай, есі кіріп, тілі шыға бастасымен-ақ баланы шектен тыс шолжаңдатпай, байсалды, ұғымтал, тілалғыш етіп баулу ата-ананың басты міндеттерінің бірі.

Индира ЮСУПОВА,
Гүлзахира ҚАЛЕНОВА,
Нұрбибі САРСЕНОВА,
«Өрлеу» БАҰО» АҚФ
Атырау облысы
бойынша ПҚ БАИ
қызметкерлері

Оставить комментарий

Поля, отмеченные звездочкой (*), обязательны для заполнения.

Педагогическая мастерская