LogoBILIMEL02
 
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан
updated 9:28 AM +06, Jan 16, 2018

Ұстазға тағзым

                                        
                                                             Өткендердің қадірін білу, олардың арман-
                                                             мүдделерін жалғастыру-адамгершілік парыз
                                                             ғана емес, қоғамдық дамудың, ілгері басудың
                                                              алға шарттарының бірі.
                                                                                                           Н.Назарбаев
 

       «Ұлыны ұлы ғана таниды» деген сөздің жаны бар. Қостанай өңіріндегі өзіндік дара жолымен ерекшеленген нағыз ұстаздарды бөле-жара көрсетіп, олардың   өнегелі өмірі мен қызметін көпшілікке танытуда тер төгіп жүрген әріптесіміз С.Г.Мачневаның арқасында сөз еткелі отырған кейіпкеріме деген құрметім арта түскендей. Айтпақшы, колледж басшысы Ғ.Ө.Оразымбетова да өз сөзінде Светлана Григорьевнаның себепші болуымен В.Шалабаевтың соңғы жылдары аталмыш білім ордасы үшін ұмытылмас тұлғаға айналғанын айтып өтті. Қостанай педагогикалық колледжінің оқытушылар ұжымы мен студенттер қауымы әспеттейтін Василий Амельянович Шалабаевтың есімі тек Қостанай облысы ғана емес, одан тысқары жерлерде белгілі десек, артық айтқандық болмас.

       Неге десеңіз, ол туралы мерзімді басылым беттерінде біршама мақала жарық көріп, өзі де төл шығармаларын көпшілікке жария еткенін көзі қарақты оқырман біледі. Сондай-ақ Василий Амельяновичтің құрметіне бірнеше мәрте педагогикалық оқулар өткізіліп, жинақталған материалдар кітап түрінде басылып шықты. Кейінгі буын өкілдері де біле жүрсін, біз сөз еткелі отырған Шалабаев кім еді? Ол несімен халық жадында қалды?

       Ресейдің Түмен облысында 1934 жылы дүниеге келген қандасымыздың азан шақырып қойған шын аты Масғұт екен. «Масғұт Әлімжанұлы» дегенді қиынсынған құжат толтырушы оның тууы туралы куәлігіне «Василий Амельянович» деп жазып жіберсе керек. Мұны айтасыз, әлі күнге өзге тұрмақ,өз жерімізде дүниеге келген сәбилеріміздің де аты-жөнін бұрмалап жаза салатындар баршылық емес пе, өкінішке қарай. Қалай десек те, кейіпкеріміздің есімін әйгілеген оның өшпес іздері екені анық. «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына із қалдырған» деп, осындайда айтса керек.

     Петропавл пединститутын 1959 жылы бітірген жас маман еңбек жолын Түмен мектебінде мұғалімдіктен бастайды. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» демекші, ата-анасының ақыл-кеңесімен көп ұзамай туған жерге ат басын бұрып, Сарыкөл ауданы мектептерінде мұғалім, директор қызметтерін ұзақ жылдар бойы абыроймен атқарады. Мұғалімдіктің қыр-сырын терең меңгеріп, кәнігі маман, өз ісінің қас шебері атанған Василий Амельянович үлкен ұжымды басқару талантымен де көзге түседі. Әрине, бұл өзі бөлек әңгіме. Ол жайында педагогикалық оқуларда, конференцияларда айтылып жүр, көпшілік құлағдар. Тағы несімен ерекшеленді екен дерсіз. Талантты педагог кәсіби қызметімен шектеліп қалмай, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Ол «Педагогтер бейбітшілік және өзара түсіністік үшін» атты дүниежүзілік педагогтер қозғалысына бір кісідей атсалысып, оның облыстық филиалын басқарады.«Қазақ тілі» қоғамы Обаған аудандық ұйымының төрағасы қызметін атқару да оған үлкен сеніммен жүктелгенін айта кеткен жөн. Жетім балаларға қол ұшын созып, ардагер ұстаздарға қамқорлық танытады. Шахмат ойынын құлай сүйген Василий Амельянович бұл өнерге өзгелерді де баули білді. Қазақ және орыс тілдерінің құдіретіне бірдей бөленген ол екі тілде өлең де жазып, оған қоса аударманы да жанына азық етті, осылайша «Өмір-өзен» жинағын мұра етіп қалдырды.

       В.Шалабаевтың 1991 жылы ҚазССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайлануының өзі көп нәрсені аңғартса керек. Халық қалаулысы ретінде мәңгі есте қаларлық істерінің ірісі Обаған ауданына Алтынсарин атауын бергізуі еді.Ұстаздардың ұстазы атанған Ыбырай бабамызға деген ілтипат-құрметі мұғалім мамандығының мәртебесін көтеруге деген ұмтылысы екенін аңғару қиын емес. Елбасы Н.Назарбаев: «Келешекте мұғалім мамандығы ең мәртебелі және жоғары ақы төленетін мамандықтардың біріне айналады» деген еді жолдауларының бірінде. Бұл тұрғыда болашақ білім қызметкерлерін даярлайтын Қостанай педагогикалық колледжінің әкімшілігі, ғылыми-әдістемелік жұмысқа жауапты тұлғалар мұғалім мәртебесін көтерудің ұтымды бір жолы Шалабаевтай тағылымы мол тұлғаларды жастар арасында насихаттау деп біледі. Осыған орай таяуда аталмыш колледждің «Филология» кафедрасы аяулы азамат, тамаша педагог, білікті басшы, қоғам қайраткері В.А.Шалабаевты еске алуға арналған көркемсөз байқауын ұйымдастырып, өткізді. Оған көрнекті тұлғаның қызы –Шалабаева Гүлнәр- қатысты. Шалабаев өлеңдерін оқудан сайысқа түскендер құрамында студенттермен қатар, колледж оқытушылары да болды. Қазылар алқасына төрағалық еткен С.Г.Мачнева бірге қызмет еткен ардақты әріптесі жайлы боашақ мұғалімдер санасына ой салар сөз сөйлеп, Шалабаев тағылымынан нәр алуға үндеді. Байқауды әрлендіріп, мазмұнын байыта түскен жайт- қазылар алқасы құрамына мүше ретінде осы қолледждің 2016 жылғы түлегі, Меңдіқара ауданы Көктерек мектебінің мұғалімі -Үмбетов Темірланның келуі еді. Талантты жас сайыскерлер өнерін әділ бағалап қана қоймай, өзі де нақышына келтіре өлеңдер оқыды. Сөйтіп, ұлағатты ұстазды еске алуға арналған ерекше басқосуда А.Ысқақ, Д.Біләлов,Л.Юсова,В.Бурлачук, М.Шубейкина К.Абдиханова, А.Брахметова және басқалар жеңімпаздар атанды. Осылайша ұрпақтар сабақтастығының өзіндік бір үлгісі көрініс тапты.

Пиалаш Сүйінкина,

Қостанай педагогикалық колледжі