LogoBILIMEL02
 
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан
updated 10:55 AM +06, Nov 17, 2017

Нұрмұһаммед ИСАҚ: Арманым қазақ атын әлемге паш ету!

Қазақта  «Бұлақ көрсең көзін аш» деген әдемі сөз бар. Жастар болашағымыз. Сағат сайын дамып жатқан әлемді біз білім және ғылыммен мойындатамыз. Қазір үлкендер жағы «жастар білімге қызықпайды, мойын бұрмайды!» деген өкпе-наздарын ара тұра естіп қаламыз.  Ал, біз үлкендер жағы сол жастардың жандүниесіне үңіле білдік пе? Көңіл бөлдік пе? Мүмкін тәрбие, бағыт-бағдар беру мына бізге байланысты болар?! Әрине, материалдық жағынан дес бермедік. Ал, моральдық жағы қалай?

      Міне, бүгінгі әңгіме арқауыда сол жас дарын иесі. Туылғаннан табиғи болмысы бөлек, Қазақ технология және бизнес университетінің 2 курс студенті Исақ Нұрмұһаммед Талғатұлын әңгімеге тарттық.

-         Елбасының тапсырмасы аясында 2020 жылға дейінгі «Жастар саясаты тұжырымдамасы» бекітілді. Президент назарынан білімді және ғылымға бет бұрған жастар тыс қалған емес. Бүгін өзіңді көргеніме қуаныштымын. Ал, жақынырақ танысалық?

-         Менің аты-жөнім  Исақ Нұрмұһаммед Талғатұлы. Туған жерім Оңтүстік  Қазақстан облысы шырайлы Шымкент қаласы. Жанұямызда әкем, анам, інім, қарындасым бар.

-         –Есіміңді  Мұхаммед пайғамбардың атына орайластырып қойыпты. Бұл бекер емес-ау?

-         Ия, аты-жөнімнің ерекшелігі бар. Ата-анам жаңадан шаңырақ көтерген кез. Қыдыр ата анамның түсіне кіріп «Ұлды боласың. Баланың атын Мұһаммед қой!» депті. Анам болған жайды әкеме баяндаған . Содан әкем мешітке барып Имаммен ақылдасқанда ол «Мұһаммед (с.а.у.) пайғамбарымыздың атын қойғанда жас нәрестеге ауыр болады.  Алдына Нұр деп қосып қойыңдар!» деген екен. Содан есімім Нұрмұһаммед аталды. Тегім Исақ, ол кісі бабам. Достарым кейде әзілдесіп, Исаак Ньютон деп атайды(жымиды-авт.).

-         Қарасам қолыңда толған кітап. Қазіргі жастардың қолында кітап емес, қос-қос телефон. Білімге құштарлығың бүгіннен бастау алмаған сияқты?

-         Мен Астана қаласындағы мектепті тәмәмдадым. Қашанда ғылым саласы мені қызықтырып жүретін. Бала күнімнен жақын болдым десем артық айтқандық емес. Біраз жобаларым бар.  Көптен ойлап,  жоспарлап жүрмін. Негізі нағашы   жұртымда,  өз жұртымда білімді кісілер. Қанымда бар. Ылғи теледидардан,  әлеуметтік желіден  жаңа шыққан  заманауиқұрал, технология және нанотехнология  туралы ақпараттарды үзбей қараймын. Сол туралы кітаптар оқып, қызықтап жүремін. Оқығандарымды ақпарат ретінде жинаймын. 1-ші курста "Әлемдік су проблемасы" атты жобамды университетте қорғадым. Жобам сәтті шықты! Университет тарапынан шыққан кітапта жоба қорғаушыларының тізімі бар. Меніңде аты-жөнім сол жерде тарихта қалды.

-         Өзіңде шет-жағасын білетін боларсың Кеңес дәуірі кезінде интернет, ұялы байланыс болмады. Өзіңдей жастар кітапхана табалдырығын тоздырды. Қазіргі жастар бақытты шығар?  

-         Әдемі сұрақ қойдыңыз! Ия қазір біз бақыттымыз. Неге? Білім деген адамға кітаптың сан түрі бар. Қандай замануй кітіапханаларда  салынды. Менің Астана қаласындағы бірден бір жақсы көретін жерім Ұлттық кітапхана. Әрине, қазір бәрін интернеттен ала салуға болады. Кітапханаға бару үшін қаншама уақыт, қаражат шығында болмайтыны рас.Бірақ, екі секундта ақпаратты көшіріп мұғалімге бере салу деген, өз болашағыңа балта шабумен тең. Елбасы жастар үшін барлық жағдайды жасады.  Ол кісі  «Оқысын, білімді болсын, келешегіміз жастардың қолында!» деді. Назар салды. Жастар үшін шетелден білім алуға қаражатта бөлді. Осыны көре тұра біз жастар Қазақстанның болашағына пайда әкелетіндей, дамыған 30 елдің қатарына қосылатындай ғылымға өз үлесімізді қосу міндетіміз деп ойлаймын!

-         1980 жылдардың басынан компьютердің зияны туралы мақалалар жарыққа шықты.  Ғылыми негізде дәлелденді.  Көздің көру қабілетін төмендеу, омыртқаның қисаюы, жүйкеге салмақ түсіруі, шаршағыштық және әлсіздік басады делінген. Бір жағы күнді, бір жағы мұңды. Пікірің?

-         Интернеттің пайдасы бар. Көп жұмыстар атқарылуда. Бірақ шындықты айттыңыз. Рас. Жастар қазір қатігез болып барады. Себебі білімге қызықпағаннан, бір нәрсемен айналыспағандықтан, әлеуметтік желінің «құлы» болғаны жасырын емес. Сөйте тұра өз өмірлерін өздері қиындатып жібереді. Уақытын  бекер өткізіп, алған білім жоқ, келешегіне балта шауып жатқанын өзі түсінбейді! Оның үстіне интернет желілерінде, зорлық-зомбылық ойындары да жастардың жауы. Қатігездікке барады. Мінез-құлықтарын, өмірге деген көзқарастарын өзгертеді. Компьютер клубтарында «байланған» жасөспірім балаларды көргенде ойланып қаламын. Қазір олардың санасында «менің болашағым» деген ой бар-жоғына күмәнмен қараймын.  Ия, миллиондаған зиянды дүниелер.  Шіркін, зиянды сайттарға тосқауыл қойылса дұрыс болар еді!

-         Енді мені қызықтырып отырған жобаңа келсек. Бұл кім үшін және не үшін керек? Оның пайдасы...

-          Бұл жобаны көптен бері ойлап жүрмін. Бұл қоғамдық көлік автобусқа арналған. Ойым автобус мониторында позитивті суреттер мен әдемі әуен  естіліп тұрса, қоғамға жақсы көңіл-күй сыйласа керемет емес пе?! Әрі денсаулыққа пайдалы. Бұл көзбен көріп, құлақпен естіген адамның көңіл-күйін 20% дейін көтереді. Жасыратыны жоқ қазір адамдар өте қатігез болып кетті. Күнде бір сұмдықты көреміз. Бір шетінен бұл адамның шаршап, қатігез болуының себебі, жұмысының, үй-күйінің және денсаулығының жоқтығы. Әсіресе қоғамдық көлікте байқасаңыз, мұңды, көңіл-күй  жоқ екенін көреміз. Ал, әуен адамға тек жақсы көңіл күй, мейірімділік сыйлайды. Тағы бір маңызды мәселе телефонға шұқшиған жастардың  көз жанары мен есту қабілетінің төмендеуі! Енді біраз жылда жастар денсаулығы қалай болар екен?! Оның үстіне ЭКСПО-2017 көрмесіде жақындап қалды. Бір сәт елестетіңізші, автобусқа кірдіңіз мониторда  әдемі әуен, көңілді сурет, ұлы адамдардың нақыл сөздері, Қазақстан және шетел, жалпы адам баласына пайдалы қысқа ақпараттар музыка арасында беріліп тұрса?! Музыкамызда кезекпен қазақша ұлттық әуендер, орыс тілінде және жастар үшін көңілді және шетел әндері берілсе қандай керемет?! Міне, әлемнің түкпір-түкпірінен келетін қонақтарға осындай дүниеміз, ерекшелігіміз бар деп, оларға сол мониторда  қазақ салт-дәстүрінен қысқа ақпараттар жіберсек нұр үстінен нұр болар еді?!  Қазақстан халқына жақсы көңіл күй силасам және басқа елде болмаған жобаммен шетелдіктерді бір таңқалдырсам деген ойым! Мақсатым тұрғындарымыздың шаршағандарын, мұңдарын бір сәт ұмытқызып, позитивті көңіл-күй силап, өмірге деген көзқарастарын жақсы жағына өзгерту! Арманым Қазақстан атын әлемге паш ету!

-         Қазір «Жастар ғылыммен айналыспайды!» деген қағида бар. Осы қағидамен келісесің бе?  Жалпы осы жобаңды іске асыру үшін не қажет? Демеушілерің бар ма?

-         Жоқ, келіспеймін! Негізі бізде өте дарынды жастар бар. Әркім өзінің алдына қойған мақсатына жеткісі келеді. Мысалы, өзімнің курстастарымның арасында ғылыммен айналысып жүргендері бар. Неге ізденбеске, неге оқымасқа?! Бірақ сөздің ашығы керек,  қаражат және құжат жағы қолды байлайды. Кім өзінің ойлап тапқан, дүниеге әкелген еңбегін жарыққа шығарғысы келмейді?! Ол оның - баласы. Ал баласына ешкім жамандық ойламайтыны анық. Соған қарамастан  ғылымына беріліп, ізденіп жүрген жастар бірде болмаса, бірде қолдау табылатынына сенеді! Меніңде осы жобама авторлық құқық алу тілегім. Демеушім жоқ. Өкінішке орай, көптен бері ойлаған ойымды іске асыра алмай жүрмін!

-         Нұрмұһаммед, негізі сәтті болған жоба, еңбек үлкен қаражат әкелетіні белгілі. Ал, бағың жанып жобаңа авторлық құқық беріліп, демеуші табылды делік. Қаражатыңды қайда жұмсар едің?

-         Жобам іске асып табыс тапсам, мақсатым кейінгі жобаларымды  іске асыру. Өзім қатарлы жастар немесе ғылымға бет бұрған  жасы кішілер болса ғылыммен айналысуға қасыма жинар едім. Сөйтіп әлемді таң қалдыратындай дүниелерді шығарар едім. Көлік, үй, киім, т.б. заттар маңызды емес. Бұның бәрі өз уақытымен келеді. Тек алдыма қойған мақсатым - келесі жобаларым бекер қаламай дер кезінде жарыққа шығып, еліме пайдасын тигізсе болды.

-         Арманың?

-         Арманым дейсіз бе? (Үнсіздік, ойланып қалды-авт.) Ата-анам аман денсаулықтары мықты болса! Алла бұйыртса, Меккеге Қажылыққа апарсам деймін! Ата-анамның үмітін ақтап, оқуымды бітіргеннен кейін еліме адал еңбек етсем, пайдам тисе, сол менің арманым!

-         EXPO-2017 көрмесі жақындап қалды. Сені не толғандырады?

-         Адамдардың қауіпсіздігі, адам факторы ең 1-ші орында. Адам шығыны болмай,  бәрі сәтті өтсе екен!

-         Қолыңда сиқырлы таяғың бар делік. Не істер едің?

-         1-ші мәселе - адам денсаулығы, дәрі-дәрімектер қол жетімді болса!

2-ші мәселе ауылды жерлерге таза ауыз сумен қамтамасыз етілсе!

3-ші мәселе таңертеңгілік сабаққа кірер бұрын 10 минуттық жаттығуды  Заңға енгізер едім!

4-ші мәселе ауылды жердегі дарынды, талапты жастарға арнайы барлық жағдаймен клуб ашылса  дер едім!

5-ші ол табиғат Ананы силап, тазалықты қатаң бақылауда ұстар едім! Онсызда көліктің көптігінен ауа мен экология нашарлап бара жатыр!

-         «Білімді ел» газетінің оқырмандарына тілегің?

-          Оқырмандарға тілегім әсіресе жастарға әдеби кітаптар көбірек оқыса, табиғатқа жақын болса, құстарға ұя жасаса! Табиғатпен сырласқан өте жақсы. Бір сәт санаң демалады.  Өздеріңе деген сенімді күшейтіңдер, алға деп биік шыңдарға ұмтылу керек! Сендерді шыңға алып шығатын тек -еңбек! Мейрімділік, адамгершілік,адамдығымызды жоғалтпасақ екен!

-          Әдемі әңгімеңе рахмет! Тасың тек өрге домаласын!

 

 

Сәния СҮЛЕЙМЕН,

Астана қаласы