Все новости

Адам капиталы – мемлекет байлығы (Бердіғожин Лесқали)

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың халыққа жолдауындағы «Адами капитал – жаңғыру негізі» атты жетінші басымдық негізі «Жаңғыру 3.0» бағытын бетке алған Қазақстан үшін шын мәнінде Төртінші өнеркәсіптік революция қағидаттарын жете түсінетін,сандық технологияларды меңгерген, адами капиталды құру үшін жағдай жасау» делінген.

Жолдауда «жастарды жаңа технологиялық қалыпқа дайындауға» ерекше мән берілген. Тәуелсіз еліміздің даму тарих сараласақ, бұл қағидалардың терең мәнін және болашақ кілті жоғары білікті мамандарда екеніне көз жеткіземіз.
Қазіргі кезеңде біздің еліміз үшін дүниежүзілік озық тәжірибеге негізделген индустриялды-инновациялық стратегияны қалыптастырудың маңызы өте зор. Дамыған өркениетті елдердің барлығы белгілі бір тарихи кезең бойында физикалық еңбекті қажет ететін өңдірістен капиталды, технология мен ғылымға негізделген өндіріске дейінгі жолдан өтті. Қазақстанға да осындай жолдан өтуге тура келді. Шикізатқа ғана бағыт ұстаған ел болып қалмаудың амалы ғылым мен техниканың жетістігіне, жоғары технологияға сүйенген дүниежүзілік стандартқа сай сапалы өнім өндіретін өнеркәсіп орындарын дамытуға оның өзі заманауи мамандарға тікелей байланысты.
Ғылыми-техникалық прогрестің, технологиядағы өзгерістердің сұранысы және перспективаларын жетік білетін, еңбекті ұйымдастыру мен өнім сапасын әлемдік үлгіде жолға қоюға қабілетті, ой-өрісі кең, парасатты мамандар қажет екендігінің маңызы күн өткен сайын арта түсуде. Қазақстанда білікті мамандарды дайындау процесі ұзақ тарихи жолдан өтті. 1920 жылдардың бас кезінде алғашқы қадам, Қазақ Автономиялық Республикасы үкіметі кәсіптік техникалық білім берудің бас комитетін құрды. Нәтижелі жұмыстар арқасында кәсіптік оқу орындарының саны 30-ға жетіп, оларда 2000 жас оқыды.
1930 жылдары ұлттық мамандарды дайындаудағы оң өзгерістер Кеңес үкіметінің «іс тетігін кадрлар шешеді» деген партиялық ұранына байланысты басталды. 1930 жылы өлкемізде алғашқы мұнай техникумы мен жұмысшылар факультеті, Алматы мен Семейде қазақ жастары үшін инженер кадрларын даярлайтын қазақтың кен-металлургия институты ашылды. Ұлттық инженерлерді дайындауда талантты қазақ жастары Мәскеу, Ленинград, Баку т.б., ірі өндіріс орталықтарындағы институттарға, өнеркәсіп академияларына жіберілді.
1960 жылы Қазақ политехникалық институтының негізі қаланып, отандық инженерлер дайындайтын жаңа оқу орындары көптеп ашыла бастады. Мұның өзі Кеңес үкіметінің әлеуметтік саясатына байланысты орын алған кемшіліктерге, ұлттың саясатындағы келеңсіз жағдайларға, материалдық өндіріске басты бағыт беруіне қарамастан, Қазақстанды мамандармен қамтамасыз етуде бай тәжірибе жинақтағанын көрсетеді.Бүгінгі күні ғылымда маман кадр даярлаудың қалыптасқан,әрқашан мәнін жоймайтын төмендегідей берік теориялық принциптері бар. Олар — кадрларды саяси-іскерлік және моральдық ашық сапасына қарай іріктеу, қызметкерлерді жария түрде тағайындау, басшылықты сабақтастықты сақтай отырып жаңалап отыру, кадрларға жоғары талап қою, сенім арту, тәжірибелі және жас кадрлар арақатынасын қатаң есепке алу, шығармашылық бастамаларға, тәртіпті қатаң сақтауға және тапсырылған әрбір іске жоғары жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеу, кадрларды қоғамның, өндірістің қажетіне және қызметкердің жеке басының қабілетін есепке ала отырып орналастыру, әрбір қызметкердің жақсы қасиеттерін және кемшіліктерін зерттеу, есепке алу. Бұл қағидалардың жаңа буын мамандарын даярлауға және нәтижелі пайдалануға берері көп. Оны жолдаудың әр тарауын терең таразыласақ қана ұғына аламыз.Себебі « төртінші революция сарбазы – заманауи жоғары білімді ғана емес, ұлтжанды және рухани құндылықтарды бойына жинаған маман болуы тиіс».
Сонда ғана, «еңбек нарығының тиімділігін қамтамасыз етіп, әрбір адамның өз әлеуетін іске асыра алуы үшін жағдай жасауға» маңыз берген елбасы тапсырмасы өз жемісін бермек.
Бүгінгі күннің міндеттерін әрқашан жаңа тәсілмен шешу жеткіліксіз. Отандық мамандар дайындаудың мол тәжірибесі мен тағылымдық сабақтарын пайдалану ұрпақтар сабақтастығын, өндірістік дәстүрлер жалғастығын қамтамасыз ету тұрғысынан да өзекті, ол мамандардың жаңа буынын қалыптастыруға, оларға ұлтжандылық тәрбие беруге көмектеседі.

Бердіғожин Лесқали – тарих ғылымдарының докторы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің қауымдастырылған профессоры

Добавить комментарий