Все новости

Батырдың өмірлік ұстазы (Л.Бердіғожиннің Дүйсенғали Бурабаев туралы мақаласы)

Атырау  өңірінің  халық  ағарту  ісінің  қалыптасып, даму  тарихында  аттары  беймәлім, бірақ  халық  алдындағы  еңбектері  ерекше  тұлғалар  баршылық. Құрылғанына  80  жыл  толып  отырған мұнайлы  облыстың  өркендеуіне,  жан-жақты  дамыған,білімді  мамандарды  даярлауда  өлшеусіз  еңбек  еткен  алғашқы  ұстаздардың  бірегейі —  Дүйсенғали  Бурабаев.

Қызылорда  қазақ  халық  ағарту  институтында  қоғамдық  пәндерден  дәріс  берген  Бурабаев  Дүйсенғали  Бурабайұлының  мұрағаттық іс  қағаздарында,  оның  Орал  облысы  Қарабау  жерінде №8 ауылда   1885 жылы туылғаны,Гурьевте  орыс-қазақ  училищесін,  Орынбор  мұғалімдер  мектебін  бітіргені  және  Қызылқоға  жерінде  кеңес  үкіметінің  орнауына  қатысып құқық  қорғау  саласында  жұмыс  істегені  көрсетілген.Ал  «сталиндік  нәубет»  құрбандарына  арналған  Ұлттық  қауіпсіздік  басқармасы  анықтамасында  Бурабаев  туралы  төмендегі  мәліметтер  бар.

«Бурабаев Дюйсенгалий (Дуйсенгали) [1885] Родился в Кустанайском уезде; казах; Окончил 3-годичную вол. рус-кир. школу, окончил 2-классное рус-кир. уч-ще, 2 г. Учился 2 года в казахской учительской школе, не закончил.Член ВКП с 1.06.1922. С 19 лет работал — учитель аульной школы (1920 г.); сотрудник Гурьевского уоно (1920-22 гг.); пом. прокурора Уральской губернии по Калмыковскому уезду — уездный прокурор (09.1922-25 гг.); зав. казахской школой семилеткой (1925-26 гг.); инспектор Наркомпроса КССР (1926-27), пред. ГрамЧК (Чрезвычайной комиссии по борьбе с неграмотностью) при НКП КССР (11.28); с 11.11.1928 — член (коллегии) Политико-просветительского комитета КССР/ на правах наркомата/первый секретарь. Проживал: Кустанайская обл. пос.Тургай..Арестован 20 ноября 1932 г. Актюбинская облпрокуратура.
Приговорен: Выездная сессия Актюбинского облсуда 2 декабря 1932 г., обв.: 58-7 УК РСФСР.Приговор: 10 лет ИТЛ Реабилитирован 18 сентября 1968 г. Пленум Верховного суда СССР. за отсутствием состава преступления».(Источник: Сведения ДКНБ РК по Костанайской обл).Бұл  деректерді  тарқату  мақсатында  қазір  Қостанай  облыстық  ішкі  істер  департаментінің  мұрағатындағы  №02718  іспен  танысуға  тура  келді.Бурабаев  Дүйсенғали 1931  жылдың  ақпан  айынан 1932 жылдың  шілдесіне  дейін  Ақтөбе аймағы Торғай  ауданының   аудандық  атқару  комитеті  төрағасы,  ал  1932  жылдың  шілдесінен  қазан  айына  дейін  Торғай  аудандық  партия  комитетінің  бірінші  хатшысы.Жанұялы,  бес  ұл-қызы  болған.  Мұрағатта  жолдасы  мен  балалары  туралы  мәлімет  жоқ.Айыптау  ісінде  Ақтөбе  аймағы  ОГПУ (біріккен  саяси  басқарма  Л.Б)  мәліметінде «Бурабаев  Дүйсенғали  1924-25  жылдары Жымпитыда (Батыс  Қазақстан  облысы  Л.Б)  аудан  прокуроры  болған  кезде інісі  Бурабаев  Бисенғали  атақты  бай  Жанқараев  Сүлейменнің  қызына  үйленгенін,  қалың  мал  ретінде  ағасы  Дүйсенғали  400  сом  бергені  көрсетілген. 1926-27  жылдары  Орал  қаласындағы  жетіжылдық  мектепте  дәріс  берген,  кейін  Қызылордаға  қоныс  аударған. Бурабаевтардың  жеке  меншігінде  100  қой,40  ірі  қара  және 10  түйесі  болған.1929  жылы  малдары  тәркіленіп  Бурабаев  Бисенғали  жер  аударылған.Ұжымдастыру  науқаны  кезіндегі  қателіктері  үшін  Бурабаев  Дүйсенғали  20 қараша 1932  жылы  тұтқындалып   02  желтоқсан  1932  жылы   10  жылға  сотталған.  1967жылғы   07  шілдедегі  №1\3271  анықтама  бойынша  Бурабаев  Дүйсенғали  айдаудағы  уақытын  толық  өткізген  және  кейінгі  тағдыры  белгісіз. Батыс  Қазақстан  облысындағы  мұғалім  мамандар  туралы  зерттеулерде  Дүйсенғали  Бурабаев  есімі  көрсетіледі. Өлкетанушы  Тілекқабыл  Сағыновтың  «Меценат»  атты  мақаласында:   «1880 жылдары Орал губерниясында 100 мектеп жұмыс жасап, оның 40-ы ауыл-аймақта ашылған» деген дерек сақталған. Солардың бірі – қазіргі Базаршолан ауылындағы «Қызылжар» аталған мектеп 1888 жылы ашылған көрінеді. Ол мектепте алғашқылардың қатарында Палмұқан Өзбекқалиев, Ғабдолла Махамбетов, Аманғали Асылбеков, Хұсайын Қарабалин, Жұмағали Есжанов, Мамырбай Ерубаев, Байсары Шағатаев, Нұрмағанбетов, Көптілеуов, Асылғалиев, Костин, Жұмашевтар оқыған.

Ұлағатты ұстаз, сол мектепті көп жыл басқарған Махмет Жәрдемұлы 2008 жылы «Туған топырағыңның тарихы – өзіңнің тарихың» атты кітап шығарған еді. Естелік кітапта айтылғандай, Базаршолан ауылында 40 ша-малы оқушы оқыған мектеп 1904 жылдан «Соналы болысының орыс-қыр-ғыз училищесі» деп өзгертіліпті. Қазақ ауылдарында болыстық жүйенің іс-қағаздары орыс тілінде жүргізілгендіктен, жергілікті басшыларды орысша сауаттандыру, іс жүргізуші, аудармашылар даярлау мақсаты қойылған. Училищеде Мұхан Күпсеғалиев, Әуелбай Төребев, Ақбас Ақатов, Дүйсенғали Бурабаев, Рахметолла Қаржаубаев, Керей Тоғайбаев ұстаздық еткен. Оқушылар қатарында Хамит Ермеков, Сисен Еспағанбетов (Өзек ауылынан), Мұрат Қаратаев (Ақбақайдан) Сәлім Аманшин, Көшербай Сарғожин, Сәлеке Құтқожин, Әміре Сарғожин, Ықсан Тапаев, Темірхан, Нұғыман Сарбөпин, Шәриполла Нұрмағанбетұлы, Жәңгір Сарғожин, Баймұхан Бейбітов (Жақсыбайдан), Ұлықпан Кереев, Аманғали Баяшев және басқалары болған. Училище бір басқышты, 4 жыл бойы сабақ орыс тілінде оқытылған»  деп  баяндалады.

Орал  қаласындағы  №11  Сәкен  Сейфуллин  атындағы  мектеп  тарихында  да  Дүйсенғали  Бурабаев  есімі  кездеседі.  Орал  қаласында 1920  жылдары ашылған  алғашқы  жетіжылдық  мектеп  интернатта Каратаев Гали, Камалов Суйиндик, Варлов Лев Михайлович, Баймухамедов Абдрахман, Шагиев Исмензен, Кондрахин Александр, Казиев Хайджи, Бурабаев Дуйсенгали  жұмыс  жасады  деп  көрсетілсе,  ал мектеп  директоры  Муньянов Хусни  болған.Бурабаев  Дүйсенғалидың 1929-31жылдардағы  өмірі  мен  қызметі,  халқымыздың  батыр  ұлы  Бауыржан  Момышұлымен  тікелей  байланысты. Бауыржан Момышұлы (1910-1982 жж.).

Бауыржан Момышұлы 1910 жылы 24 желтоқсанда Жамбыл облысы Жуалы ауданында дүниеге келген.1932 жылдан 1956 жылға дейін армия қатарында болған.1990 жылы 12 желтоқсанда Кеңес Одағының батыры атағы берілген.Момышұлының атағы Мәскеу қаласын қорғау түбінде тарих беттерінде жазылды.Батырдың «Офицер жазбалары (1962 ж)»,  «Артымызда Москва (1963)», «Генерал Панфилов (1965)», «Куба әсерлері (1969)», «Ұшқан ұя (1974)», «Соғыс психологиясы (1990)» атты еңбектері бар.

1976 жылы Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығын алған.Бауыржан Момышұлы туралы Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз»  атты  деректі  кітабы жазылды.Осы  кітап  беттерін  қайыра  парақтасақ  Дүйсенғали  Бурабаев  туралы  көп  мәліметтер  берілген.

«IV — Рас, ол кітап менің ең алғаш рет орыс мектебіне оқуға келгеніммен аяқталады, — деп бастады Бауыржан әңгімесін. — Ол менің он екіні — «дбанасат», он алтыны — «шешнасат», он тоғызды — «дебатнасат» деп жүрген кезім болатын. Гончаровтар семьясы маған жабыла көмектесіп, тілімді жұмсартты. Бірге оқып жүрген орыс балаларымен күн сайын жақындасып, достаса бердім. Өстіп, Евгеньевка селосында мен бір қыс оқыдым. Келесі жылы Жамбыл қаласына, ол кезде Әулиеата деп аталады, келіп Аса интернатына түстім. Онда үш жыл оқып, бастауыш мектепті тәмамдадым. Ол кезде орта мектеп деген атымен жоқ. Жетіжылдықтың өзі алғаш рет 1924 жылы Шымкентте ашылды. Оған төрт кластық білімі барларды алады екен. Бірақ ондай білімді шәкірттер аз. Сондықтан үшінші класс бітірген бізді соған алды да кетті. Келсек, біз сияқты балалар Шымкентке жан-жақтан жиналып калыпты. Қызылордадан Әбділда Тәжібаев келіпті. Казалыдан келген бірнеше бала бар. «Қазақстан коммунисі» журналының қазіргі редакторы Кұрманбек Сағындықов бәріміз сонда бірге оқыдық. Біз оқыған тұңғыш жетіжылдык мектептің үйі Шымкентте әлі күнге дейін бар. Бүгінде ол Совет Одағының Батыры Қарсыбай Сыпатаев атындағы қазақ орта мектебі. Жетіжылдықты біз 1928 жылы бітіріп шықтык… Автор. Осы арада бір жанама сұрақ қоюға рұқсат етіңіз, Бауке.

Бауыржанға былай деп бірінші сұрағымды қойдым:

— Сіз бала күніңізде қандай кітаптарды қызыға оқыдыңыз, Бауке? Бауыржан. Сен бұл сұрағынды «бала күніңде және ересек кезіңде» деп қойғын. Мен бәріне бір-ақжауап берейін. Автор. Солай болсын онда. Бауыржан. Мен жас кезімде де, ересек күнімде де кітапты көп оқыдым. Осы күнге дейін кітаптан бас алмаймын. Құныға оқығандарым франңуз, орыс және испан классиктерінің кітаптары. Диккенсті түсінбедім, аяғына дейін оқи алмадым. Менің кітапты көп оқуыма негізгі себеп қызмет бабына байланысты үнемі жалғыз жүруім болды. Мәселен, мен бес жыл Қиыр Шығыста, Тайгада жүрдім. Күндізгі қызмет біткеннен кейін кешке үйде жалғыз каласың. Осы жалғыздықты жою үшін әдебиетті көп оқуға машықтандым. Казақ жазушыларының арғы-бергілерінің бәрін де оқыдым. Жә, енді мен саған жаңағы негізгі әңгімемнің желісін жалғастырайын.

1928 жылы Шымкентте жетіжылдық мектепті бітірдім дедім ғой. Осы күнгі КазПИ ол кезде Орынборда еді. Аздап оқудың дәмін татып алғаннан кейін енді соған түсіп оқығым келді. «Ойладың — орындадың» деген сөз бар емес пе орыста. Сол айткандай, ойға алуым-ақ мұң екен, Орынборға тарттым да кеттім. Орынбор деген жер суық болады екен. Жұка киіммен барған мен дірдектеп, жанымды коярға жер таба алмай жүрдім. Институттың директоры Тоқтыбаев деген қазақ екен. Бір күні бүрсеңдеп институтқа кіріп келе жатыр едім, сол кісі кездесе кетті де: — Әй, қарағым, бері келші,-деп мені кабинетіне ертіп апарды. Тоқтыбаевтың үнемі маған көзі түсіп, күйсіз жайымды аңғарып жүреді екен. Ол бірден өз ұсынысын айтты. — Мына киіміңмен, шырағым, сен Орынборда оқи алмайсың, ауруға шалдығуың мүмкін. Адамға алдымен денсаулық керек. Мә, мына қағазды бухгалтерге апарып, ақша ал да, еліңе қайт. Мінеки, мен ВУЗ-дың есігін осылай жаптым. Сонымен, сорайьш Жуалыдағы ауылға қайтып келдім. Келе сала әкемнің 2-3 қойын сатқызып, кебіс кидім, пальто, малақай сатып алдым. Өстіп, шыт жаңа болып киіндім де, гүбірналық (ол кезде Жамбыл, Шымкент, Кызылорда үшеуі бір гүбірна болатын) оқу бөлімінің бастығы Әшіров деген кісіге келдім. Оған өзімнің жеті класс бітіргенімді, тұрмыс жағдайыма байланысты Орынбордан қайтып келгенімді айтып, қызмет сұрадым. Әшіров қуанып кетті.

— Сен сияқты білімі бар қазақ баласын іздеп таба алмай жүрміз ғой, шырағым-ау. Кәне, мен сені мұғалім етейін, — деп қолыма бір жапырақ қағаз жазып берді. Сөйтіп, екі жыл бастауыш мектепке мұғалім болдым. Ол тұс ел басқару ісіне баулу үшін жергілікті ұлт адамдарын жоғары қызметтерге көтеріп жатқан шақ еді. Біздің Бурныйда да икемі бар қазақтарды жоғарылата бастады. Бір жақсысы олардың орынбасарлары мамандар, орыстар болатын. Білімі аз басшыға істің мән-жайын солар үйретіп отыратын. Сол тұста бір күні менің де жоғарылап шыға келгенім бар емес пе. Ол былай болды. Ол кезде райкомда да екі-ақ адам: секретарь мен есепші, райисполкомда да екі-ақ адам: председатель мен жауапты секретарь жұмыс істейтін. Райкомымыздың секретары Кабаков деген кісі де, райисполком председателі Дүйсенғали Бурабаев деген семинария бітірген бұрынғы мұғалім еді. Аудандык атқару комитетінің жауапты секретары Губанов деген адам орнынан түсіп қалды да, райком мен райисполком оның орнына кандидатура таба алмай састы. Бурабаев өзі бұрын мұғалім болған соң ба, кім білсін, әйтеуір, маған тоқтаса керек. Сонымен мені, ай-шайға қаратпастан, аудандық атқару комитетінің жауапты секретары етіп тағайындап кеп жіберді. Жауапты секретарьдың жұмысынан еш хабарым жоқ. Әйтеуір, оңаша кабинетім бар. Қалқиып сонда отырамын. Оңаша отырғаннан кейін менің не істеп, не тындыратынымды ешкім біліп жатқан жоқ. Сырт жұрт осы бірдеңе бітіріп отыр деп ойлайтын шығар. Ал ештеңені де ұқсата алмағаным өзіме аян. Бурабаев маған анна мәселе, мына мәселе жөнінде аудандық атқару комитетінің қаулысын, шешімін шығар, ана жерге қатынас жаз, мына жерге жарлық жібер дейді. Мен олардың қалай жазылатынын да білмеймін. Бірдеңелерді нобайлап, осылай болар деп тұспалдап, Бурабаевқа алып барамын. Бурабаев ұстамды педагог еді. Менің жазғандарымды алдына алып отырып, маған ұрыспастан, ренжіместен ерінбей соларды бірі кызыл, бірі көк түсті қарындашпен түзететін де отыратын. Мен Бурабаев қып-қызыл ала етіп берген документтерді қайта көшірумен күн өткізетінмін. Содан кейін әр документтің соңына аудандык атқару комитетінің председателі Бурабаев деп қол қояды, жауапты секретары Момышұлы деп мен кол қоямын. Ал шындығына келгенде, аудандык атқару комитетінің председателі де, секретары да Бурабаев еді. Не керек, ақыры Бурабаев мені үйретіп шығарды. Сөйтіп, мен үш жыл аудандық атқару комитетінің секретары болдым. Мен сол Бурабаевты күні бүгінге дейін ұмытпаймын. Менің орысша сауатты болуыма, іс қағаздарын дұрыс жазуыма сол кісі көмектесті. Жалғыз іс қағазы емес, менің газет, кітап оқып өсуіме де сол кісі жетекшілік жасады. Оқитын кітаптардың тізімін беріп, не оқығанымды тексеріп, газеттерден не оқып, не қойғанымды үнемі қадағалап, өзімді ысылдырып адам етті»( « Ақиқат  пен  аңыз»  кітабынан  Л.Б).

Бауыржан  Момышұлы  өзінің  кейінгі  жазбаларында  киім  кию  мәселесінде  де  Дүйсенғали  Бурабаевтың  жақсы  ұстаз  болғанын  көрсетеді «(агроном  Мұстафа  Бұралқиев»  атты  әңгімесі  Л.Б). Дулати  атындағы  Тараз  мемлекеттік  университетіндегі  Бауыржантану  ғылыми  орталығы  жазбаларында  1929-31жылдардағы  құжаттарды  Момышұлы  мен  Бурабаев  қолдары  бар  екенін  дәлелдейтін  дәйектер  бар.

Лесқали  Бердіғожин —  тарих  ғылымдарының  докторы, Х.Досмұхамедов  атындағы  Атырау  мемлекеттік  университеті  профессоры

 

Добавить комментарий