Все новости

Әлемдік даму үдерісі және Қазақстан (Бердіғожин Лесқали)

Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жолдаған елбасымыз, ұлт көшбасшысы Н.Назарбаев: «Бүгінде әлем Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келеді. Бұл Жолдау жаңа әлемге, яғни Төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу мен жетістікке жету жолын табу үшін не істеу қажеттігін айқындайды» деп атап көрсетті. 2017 жылы тәуелсіз еліміз әлемдік дағдарыстың қолайсыз салдарын еңсеріп, сенімді өсу жолына қайта түсті. Жыл қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнімнің өсуі 4 процент болып, ал өнеркәсіптік өнімнің өсуі 7 проценттен асты. Бұл орайда, өнеркәсіптің жалпы көлемінде өңдеуші сектордың үлесі 40 проценттен асып түсті. Қазақстанның қолайлы дамуы орта таптың қалыптасуына мүмкіндік берді. Кедейшілік 13 есе қысқарып, жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызға дейін төмендеді. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық табыстарының негізі – біздің басты құндылықтарымыз ретінде қала беретін азаматтық бейбітшілік, ұлтаралық және конфессияаралық келісім екені сөзсіз.

Әлемдік даму өзгерісін мұқият қадағалап отыратын ғалым-зерттеушілер тарих уақытының тым шапшаң жүріп жатқанын айтуда. Кейінгі кездері әлемдегі даму жедел өзгерістерге тәуелді болып, оның өзі жер дөңгелеуінің бұрынғыдан да жиілеп кеткеніндей әсер қалдырары анық. Шындығында ақпараттық даму дүниежүзі кеңістігінің қожайынына айналды.
Тіпті бірін-бірі алмастырып жатқан жаңалықтар, ғылым мен техниканың, технология мен инновацияның шапшаңдығы адамды таңғалдырмай қоймайды. Осының өзі — көмірсутек экономикасы дәуірінің бірте-бірте «жасыл экономика энергия көздеріне» бет түзегенін байқатса керек.
Әлемдік өркениет тағдыры да, дамуы да ең алдымен адами дамуға тәуелді. Адамзаттың даму тарихына қарасаңыз бәрі де ойлаудың, жасаудың нәтижесімен дамыған. Ойлау мен жасау, енгізу арқылы жаңа технологияларды ілгерілету — бүгінгі бәсекелестіктің де өзегі. Адамның мұқтаждығынан шығаратын, алысты жақындатып, баяуды тездететін, ауырды жеңілдететін де — адам ақыл-ойының жемісі. Осындай ой жемісінің нәтижесінде дүние дамуында өнеркәсіптік революциялар бірінің орнын бірі басты.Әлемде капиталистік өндірістік қатынастар сонау ХYII ғасырда қарапайым манфактуралардың пайда болып, дамуынан бастау алса,
ХІХ ғасырда көмір мен будың қозғалтқыш күші — бірінші өнеркәсіптік революцияның негізі болды.. Алғашқы отарбалар пайда болды. Көмір мен бу арқылы қозғалысты үдеткен машина адамның жазу-сызуынан бастап, үлкен экономика салаларын алға сүйреді. Жұртшылықтың сұранысына орай қызмет көрсету, тауарлар шығару дамыды. Сауда саттық, алыс-беріс,яғни тауар мен ақша қатынасының үстемдігі басталды. Адам ойы мен тынымсыз еңбек бу қозғалтқыштарының орнын электрлендіруге жағдай жасады.ХХ ғасырда орнаған екінші өнеркәсіптік революция « электлендіру заманын» тарих сахнасына шығарды.Электр қуаты негізінде байланыс дамып, радио, телефон, теледидар дүниеге келді. Іштен жану қозғалтқышына сүйенген бұл кезеңде жедел дамыған елдерде алып зауыттар, фабрикалар қаптады. Зауыттармен қоса өндіріс үдемелі сипат алып, мұнай мен газ өндіру барынша еселенді. Мұнай өнімдерін пайдаланатын автокөлік құралдары, басқа да тұрмыстық техникалар дүниеге кеңінен тарап, бүкіл адамзатқа қолжетімді болды. Техника, технологиялар дамуы арқасында байланыс пен ақпарат саласы алға шығып, цифрлық байланыс құралдары өмірге келді. Дамудың жаңа бағыты — үшінші индустриялық революция басталды. 1990 жылдары ақпараттық технологиялар,компьютерлер заманы дәуірлеп алғашқы ақылды техника роботтар дүниеге келді. Оған ілесе ғылымның ерекше табысы автоматтандыру, кибер-физикалық жүйе және интернет әлемнің даму тенденциясын мүлде өзгертті. Автоматтандыру, кибер-физикалық даму арқасында барынша дамыған елдер «Төртінші индустриялық революция» кезеңіне аяқ басты. «Индустрия 4.0» деп аталатын революцияның шығу тарихын ғалымдар Германияға тиесілі деп көрсетеді. Себебі, 2011 жылы Германия өңдеуші өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін кибер-физикалық жүйелерді (Cyber-Physical System) зауыт процестеріне қарқынды шоғырландыру арқылы арттыру құралы ретінде анықтаған. Содан бері, көптеген дамушы елдердің үкіметтері кибер-физикалық жүйелерді ұлттық мүддені қорғау үшін аса маңызды деп санап, инновацияның басым тізіміне енгізді. Қазіргі таңда әлемнің әртүрлі елдерінде «Индустрия 4.0.» тұжырымдамасын енгізудің орташа және ұзақмерзімді бастамалары қабылданған. Бұлар жоғарыда айтылған Германияда — «Industrie 4.0», Францияда — «Industrie du Futur», Оңтүстік Кореяда — «Manufacturing innovation 3.0», Үндістанда — «Make in India», Испанияда — «Industria Conectada 4.0», Жапонияда — «The New Robot Strategy», Италияда — «Manifattura Italia», Ресейде — «Ұлттық технологиялық бастама». Қытайда — «China Manufacturing 2025». Бұған ұқсас Еуразиялық Одақта «Factory of the future», АҚШ-та «Advanced manufacturing partnership», Германияда «Mittelstand 4.0» бағдарламалары да қолданылады. Осылардың аясында өңдеу өнеркәсібі мен басқа да экономиканың салаларында технологияның жаңа даму перспективалары қолдау тауып, таныла бастады.Жолдауда көрсетілгендей, өнеркәсіп өндірісінің тұрақты өсуін қамтамасыз ету үшін, Қазақстан үкіметі «Төртінші өнеркәсіптік революция» элементтерін жаппай енгізуге назар аударатын болады.Басты нәрсеғ алдымен жетекші елдердің тәжірибесін саралап,пайдалану. Мысалы, ең ірі «BCG» сарапшыларының пікірінше , «Индустрии 4.0» енгізу Германияда өңдеу өнеркәсібінде өнімділікті 90 млрд. еуродан 150 млрд. еуроға дейін арттыруға септігін тигізген. Ал, неміс компанияларының қосымша табысы жылына 30 млрд. еуроны құраған. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, «Индустрия 4.0.» технологиясына көшуге 20 жылға жуық уақыт қажет делінеді. Дегенмен, бұл үшін қазірдің өзінде сандық негізге көшу үшін тиісті алғышарттарды жасау керек. Қазақстанның өңдеу секторын диагностикалық бөлімінде Германия «Fraunhofer» институтымен «Индустрии 4.0» элементтерін енгізу дайындығы деңгейінде алдын ала келісімдерге қол жеткізілген екен. Сонымен қатар, аталмыш институтпен өңдеу өнеркәсібіне сол элементтерді жылдам енгізудің жүйелік ұсынымын әзірлеуге де уағдаластық жасалған.
«Fraunhofer» — 67 институтты біріктіретін, өнеркәсіпті зерттейтін ірі еуропалық институт. Оның құрамында өнеркәсіпті автоматтандыру институты, жаңа материалдарды зерттеу институты, интеллектуалдандырылған жүйе институты бар. Оларда 24 мың қызметкер еңбек етеді. Ол — Германиядағы «Индустрия 4.0» технологиясын дамыту жөніндегі негізгі үйлестірушілердің бірі.Қазақстанда жаңа индустрия құрудың басты бағыттарының бірі электромобильдер өндірісі мен қажетті инфрақұрылымдарды дамыту болып анықталған екен. Ол үшін тиісті жол картасы әзірленіп, оны іске асыру көзделген. Бұдан бөлек, «Индустрия 4.0» бойынша өнеркәсіп салаларын трансформациялау үшін алдыңғы қатарлы ақпараттық коммуникациялық технологияны кеңінен қолдануға қажеттігі де қарастырылған. Еліміздің әлемдегі Төртінші индустрияландырудан қалып қоймау мүмкіндігі. Сондықтан да бізге ахуалды еңсере алатын, сандық технологияларды меңгерген, адами капиталды құру үшін жағдай жасауға қауқарлы мемлекеттік және қоғамдық институттардың, әділ бизнестің тығыз интеграциясы қажет».

Бердіғожин Лесқали – тарих ғылымдарының докторы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің қауымдастырылған профессоры

Добавить комментарий