Все новости

ЕҰУ О.Смағұлов жазған кітаптың тұсау-кесерін өткізді

2018 жылдың 24 қаңтарында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде белгілі антрополог ғалым, ҚР ҰҒА академигі, Болон ғылым Академиясының корреспондент мүшесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері О. Смағұлов пен А. Смағұлованың орыс тілінде жазылған «Происхождение казахского народа» атты кітабының таныстырылымы өтті.

Z09B2538Тұсаукесер рәсімге Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі Ерлан Сыдықов, ҚР ҰҒА академигі, антрополог, кітап авторы Оразақ Смағұлов, ҚР ҰҒА академиктері Дихан Қамзабекұлы, Бауыржан Омар, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Жалпы биология және генетика кафедрасының меңгерушісі, ҚР ҰҒА академигі Рахметқажы Берсімбай, филология ғылымдарының докторы, профессор, қоғам қайраткерлері Шәкір Ыбыраев, Серік Негимов, Намазалы Омашев, ЕҰУ «Түркітану және Алтайтану» ҒЗО директоры, профессор Қаржаубай Сартқожаұлы, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы Ұйымдастырушылық жұмыс қызметінің басшысы Жапсарбай Қуанышев, ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары Жәкен Таймағамбетов, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев, экономика ғылымының докторы, профессор Орақ Әлиев және көрнекті математик Мұқтарбай Өтелбаевтар қатысты. Бұл топтың арасында сөз алмағандары жоқтың қасы деуге болады
Салтанатты тұсаукесер рәсімді Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі Ерлан Сыдықов кіріспе сөзбен ашып, жаңа туындының тарихы туралы кітап авторы Оразақ Смағұлов айтып берді.Содан кейін болашақта қазақ және ағылшын тілінде жарық көретін кітаптың орыс тіліндегі нұсқасының лента қию рәсіміне кезек келді. Оның рәсімін академик-ғалымдар Р.Берсімбай, С.Қасқабасов, Ж.Таймағамбетов, Қ.Салғараұлы жүзеге асырды.
Айта кету керек, өз кезегінде сөз алған зиялы қауым антрополог ғалымның еңбегін ерекше атап өтті. Оның ішінде, әсіресе түрколог ғалым Қаржаубай Сартқожаның бұл туындының Мемлекттік сыйлыққа әбден лайықтылығы жөніндегі пікірі көпшілік көңілінен шықты.
Шынында да бұл кітапты оқыған адам қазақ халқын көнеден келе жат¬қан этнос ретінде танып, оның бұзылмай-сызылмай сақталған қырық ғасырлық тарихы ба¬рын ғылыми дәлелдер негізінде түсіне алады. Бұл тұжырым жа¬ратылыстану ғылым саласы бо¬йынша емес, биологиялық тұр-ғыдан анықталып отыр. Антрополог ғалым ғұмырымның жарты ғасырын тек осы еңбекке арнаған. Бұл кітапта қазақтың бүтін этнос ретінде төрт мың жылдық тарихы бар халық екені толық дәлелденген.
Жасыратыны жоқ, қазақстандық антропологтың басты еңбегін Ұлттық қауіпсіздік комитеті кезінде идеологиялық сенімсіздік тудыратын туынды деп 1977 жылы өртеп жіберген (кейінірек ресми түрде ақталды). Қырық жыл өткен соң, қазақ халқының шығу тегі туралы еңбек Қазақстан мемлекетінің тәуелсіздікке қол жеткізуінің арқасында қайта жаңғырып отыр.
Антрополог ғалым Оразақ Смағұлов бұл турасында былай деп еске алды: «…егер Кеңес Одағы ыдырамағанда, мен тірі қалмас едім… Құдайға шүкір, қазір тоқсанға таядым… Осы жасымда бұл кітаптың тағдыры дәл осылай ғалымдардың ортасында үлкен қызығушылықпен талқыланып, ел назарын аударады деп ойламаппын. Бүгін ерекше қуаныш үстіндемін, шараны ұйымдастырған университет басшылығына, әсіресе туындыға редақциялық басшылық жасаған Ерлан Бәтташұлы мен осы оқу орнының қызметкері, журналист Еркежан Есімханға ерекше ризамын».
Ұсынылған монографиялық басылым тек көп жылдық тарихи-антрорологиялық зерттеулердің нәтижесі ғана емес, Қазақстанның түрлі тарихи кезеңіндегі тұрғындарының қоныс аударуы, этникалық құрамы мен физикалық бейнесі туралы шынайы ақпараттың баға жетпес дереккөзі, сонымен қатар, төрт мың жылдан астам ата-бабаларының мекендейтін жерінде тұрып жатқан қазақ халқының шығу тегі туралы бұлтартпас дәйектер бар.
Антропология саласындағы зеттеулерге 60 жыл өмірін арнаған және халықаралық деңгейде мойындалған қазақстандық антрополог Оразақ Смағұлов пен антрополог ғалым Айнагүл Смағұлованың ғылыми еңбегі «өзіне ұзақ жол» салды.
Бүгінде бұл еңбек «Рухани Жaңғыру» жалпыұлттық бағдарламасы аясында ерекше мәнге ие. Аталмыш кітап төрт бөлімнен тұрады: Ежелгі қазақ жерінің қонысталуы. Басталуы; Қазақ халқының шығу тегі мен тарихы туралы Қазақстанның гуманитарлық ғылымдары; Қазақ халқының физикалық антропологиясын кешенді зерттеу; 40 ғасыр бойы қазақ халқының сыртқы келбетінің қалыптасуы.
Тұсауы кесілген жаңа туынды ҚР ҰҒА академигі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовтың редакциясымен шығып отырғанын айта кеткен жөн. Сонымен қатар бұл еңбек қазіргі уақытта қазақ және ағылшын тілінде аударылып, баспаға дайындалу үстінде.
Шара соңында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Бәтташұлы антрополог Оразақ Смғұловқа Ғылыми кеңестің шешімімен тағайындалған «Күлтегін» медалін табыс етті.

Categories: Все новости

Добавить комментарий