Все новости

Қаһарлы қыс және оқу маусымы

Қазақ халқы табиғаттың жыл мезгілдеріне, мауысым айларына мінезіне сай керемет атаулар қойған. Мысалы, «қыс» — тіршілікті «қысып, құрсап» тастау дегенді білдірсе, «жаз» — тіршіліктің «жазылуы, кеңеюі» дегенді білдіреді. Сондай-ақ мезгілдің ай атаулары да мінезіне сай есім алған. Қыс мезгілінің «қаңтар» айы – тіршіліктің «қаңтарылып қалуы» деген ұғымды білдірсе, «ақпан» — «ақ түтек боран» соғатын ай дегенді

Биылғы қаңтардың үшінші онкүндігінде еліміздің солтүстігі мен шығысында қатты аяз күшейіп, тіршілік қаңтарылып қалды. Мектептер мен жоғары оқу орындарында сабақтар тоқтатылды. Үсік шалғандардың қатары көп, қайтыс болғандар да болды.

Қыстың қаһарына қарап отырып біз бұрын көтерген мәселемізге қайта оралғымыз келіп отыр. Интернет басылымдарда бетінде біздер оқу мезгілін тамыз айынан бастасақ деген ой тастаған едік. Онда: «Біздіңше, …жазғы демалыс мерзімін қысқарта отырып, жаңа оқу жылын, қыркүйекте емес, тамызда бастау. Осылайша, ауа-райы қолайлы, мамыражай жаз бен қоңыр күз айларында екі тоқсанды игеріп алып, қыс айларында оқушыларға молырақ демалыс беру керек. Себебі Қазақстанның солтүстігінде қыс айларында күннің суықтығынан мектеп оқушылары апталап сабақтан қалып қоятын кездері жиі болып тұрады. Басқаша айтсақ. «Бір оқпен екі қоян атып алуға» болады. Электр, жылу энергиясын қажет етпейтін жаз айында оқу мерзімін еңсеріп алып, қыс айларында оны үнемдеуге мүмкіндік туады», — деген екенбіз.

Сол пікіріміз – пікір. Біздер кең байтақ жеріміздің табиғат сыйы мен климаттық ерекшелігін дұрыс пайдалана білуіміз қажет. Білім маусымының бастау және аяқтау мезгілдерін Қазақстанның климаттық, географиялық ерекшеліктерге сай бағамдап, өзіміз белгілейтін кез келді. Президент 30 дамыған елдің қатарына кіру жоспарын қойып отыр. Ол жоспар қазақстандық жастардың бәсекеге қабілеттіліктің  дағдысын білім игеруді таңдау арқылы ғана орындалары анық. Бізден озғандардың көші осыған көз жеткізіп отыр.

Н. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында қазақстандық қоғамда білімнің салтанат құруы факторына ерекше назар аударды:

«Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді»

Біздің бәсекеге қабілетідігімізді шыңдау жолы – білім. Ол басты құндылықтардың біріне айналуы тиіс. Ендеше біз осы мақсаттың жолында жұмыс жасайық. Білімденуші жастарымыз қыс мезгілінің «қыспағына» ұшырамай, білім іздеу жолындағы уақытын дұрыс пайдалана білу жолын ұйымдастыра білуіміз қажет. Бұл тұрғыда біздер әрісі патша заманынан, берісі кешегі кеңес дәуірінен  қалған  қасаңдылықтан (стереотиптерден)  бас тартуымыз қажет. Ол қандай «қасаңдылықтар»?

Біріншісі — оқу маусымын қыркүйек айынан бастау. Кезінде айтқанбыз, тағы да қайталаймыз: оқуды күзде бастау патшалық Ресейдің арта қалған аграрлық ел ретінде қалыптасқан экономикалық жағдайы мәжбүрледі Ал кеңес үкіметі сауатсыздықты жойып, барлық баланы мектеп партасына отырғызды. Бұл мемлекеттік шара кейін идеологиялық астарға ие болып, 1 қыркүйек Білім күні болып санаға орнықты.

Біздің бәсекеге қабілеттігімізді шыңдау жолы – білім

Рухани жаңғырудың даңғыл жолына түсіп жатқан біздерге ол сол ескі санадан арылуы қажет-ақ. Білім алу біздің жастарымыздың бойында күнделікті тіршіліктің қамы, болашағын дұрыс құра білуге бағытталатын әрекет ретінде бағалануы тиіс. Одан артық астар болмауы керек. Оны идеологияның бесігіне бөлеудің қажеті жоқ. Бұл – таза әлеуметтік мәселе. Оқу маусымын қай мезгілде бастаған (күз, жаз) маңызды емес. Ең бастысы, қолайлы, тиімді, білім алу үрдісіне кедергі болмағаны дұрыс. Бұл орайда, оқу маусымын тамыздан бастасақ, қыс мезгіліндегі қатты аяздар мен борандарда оқу үрдісі еріксіз үзілмейді. Ол уақытта жоспарланған демалыс (каникул) орын беруге болады.

Жадырған жаз айында (күн ұзақ әрі жылы) оқу маусымының басым бөлігін еңсеріп тастап, қыстың қақаған суығында демалысқа кетіп, қыс соңы мен көктем айларында, жаз басында оқу  мерзімін жалғстырса, бүгінгі күнде қалыптасқан жағдайдан әлде қарай тиімді болар еді. Мұндай қадам оқушылардың үздіксіз білім алуына жол ашады және жеке өміріне келер қауіп-қатерді азайтады, оқу орындарында жылу және электр энергиялары үнемделеді, т.б.

Демалыс демекші, жаз айларында демалыс күту, оқушыларға үш айлық демалыс беру  — екінші «қасаңдылық». Біздің санамызға демалысты, негізінен, жаз айларында алу орныққан. Бұл да — кеңестік дәуірден қалған «мұра». Ол — кеңес үкіметінің одақта жетекші орынға ие болған Ресейдің жер ыңғайына байланысты туындатқан саясаты. Ресейдің орталық бөлігінде жаз айларында ыстық күндері аз, жауын-шашын көп болатын болса, Сібір, Қиыр Шығыс, полярлық солтүстік мұхит жағында күн райы суық. Онда жаз мезгілі өте қысқа. Мәңгі тоң басқан өлкелер де бар. Мәңгі тоң басқан өңірлерде кеңес үкіметінің адамдары мұнай, газ өндіріп, КСРО-ны, одан әрі Еуропаны қамтамасыз етіп отырды. Кеңес үкіметі осындай географиялық ерекшелігі байланысты Ресей тұрғындарының ыңғайына қарай жаз айында демалыс беріп, жеміс-жидегі, көкөнісі мол, күні ыстық жақтарға демалдыру мүмкіндігін жасады. Орталық Ресейдегі өңдеуші, сонымен қатар жоғары технологиялық зауыт, фабрикаларда, Сібірдегі, солтүстіктегі кен орындарында немесе әскери нысандарда мол айлық алатын олар оңтүстік жаққа (Қырым, Сочи, Кавказ,  Орталық Азия) келіп, демалыстарын өткізетін. Содан бізде демалыс алу жаз айына келіп тірелетін болып қалыптасты.

«Қырық градустық ыстық солтүстік Қазақстанға да  таңсық емес»

Жаз айларындағы демалыс Қазақстанның климаттық жағдайына  аса қажеті емес болатын. Себебі Қазақстаның оңтүстігі ыстық климатты өлкеге жатады. Жаз айларындағы қырық градустық ыстық солтүстік Қазақстанға да  таңсық емес. Демек, климаттағы ыстығы жеткілікті, көкөнісі мен жеміс-жидегі мол қазақстандықтарға жазда демалыс іздеудің қажеті шамалы. Керісінше, жаздың қолайлығын пайдаланып, келер қыстың қамына қарай тіршілік жасау керек. Ата-бабаларымыз солай өмір сүрген. Олар: «Қыстың қамын жазда ойла» деген қағидаға сүйене отырып, жаз бойы шаруа қамында болған: егін еккен, мал баққан, шөп шапқан. Біздер кешегі кеңестік дәуірдің «кеселіне» әлі  еріп, керісінше істеп келеміз.

Елбасы биылғы жолдауында Төртінші технологиялық революция заманында өмір сүріп жатырмыз деді. Ол революцияның басты өзегінде жасанды интелект дәуірінің орныққаны да белгілі. Жасанды интелектіні кімдер жасайды? Біліммен қаруланған, технологияны меңгерген жастар жасайды. Ал біздер оларға Қазақстанның табиғи жағдайын ескере отырып, экономикалық, климаттық тұрғыдан тиімді, үздіксіз білім алу маусымын құра білейік, білім культі құндылығын қалыптастырайық!

Қысқасы, оқу жылын тамыз айынан бастасақ мынадай мүмкіндіктер мен тиімділіктер ашылады:

  1. Білімденушілерге жылдың қолайлы мезгілінде үздіксіз білім беру үрдісін қалыптастырылады;
  2. Бес күндік оқу кестесіне толық ену мүмкіндігі орнығады;
  3. Жылу мен электр энергиясын үнемделеді (экономикалық тиімділік);
  4. Қыс мезгіліндегі еріксіз босатылатын сабақ күндері кемиді;
  5. Оқушылар үшін қыс мезгілінің қауіпсіздігі азаяды;
  6. Жоғары оқу орындарының оқу үрдісі Еуропаның оқу семестріне сәйкес болып, академиялық икемділікке ыңғайлы мүмкіндік ашылады;
  7. Мектеп мұғалімдері қыс айларында (оқушылар қысқы демалсысқа кеткен уақытта) кезекті демалыс немесе біліктілікті көтеру курстарынан өтеді;
  8. Қысы қатты солтүстіктің оқушыларын еліміздің жылы оңтүстігіне демалдыру, түрлі білім, спорт сайыстарын өткізу арқылы ішкі туризмді жандандыру мүмкіндігі ашылады;
  9. Қыс мезгілінде қазақстандықтардың, әсіресе ұстаздар қауымының жылы жақтарға демалу мүмкіндігі артады. Осылайша олар бір жылда екі рет ыстық жерде демалып, денсаулықтарын жөндейтін болады;
  10. Оңтүстік өңірлерде электр желісін таратушы компаниялардың жаз айларындағы табысы артып, желдеткіш құралдар (кондиционер) шығаратын компаниялардың бәсекелестігі күшейеді.

Біздер мәселенің он шақты қырын көрсете алдық. Мұнан да басқа тиімді жақтары бар екендігі сөзсіз. Кеңестік дәуірдегі орталық биліктің танымы мен көзқарасына байланысты калыптасқан қасаңдықтан арылып, тәуекелге бел байлау  — рухани жаңғырудың бір парасы.

 

2 replies »

  1. Біраз жақсы тың ойлар айтылған. Мақала тілі өте бай, ұғуға жеңіл.

Добавить комментарий