Все новости

Жұбановтың жалынды жастары жетістіктерімен бөлісті

Бүгін Жұбанов университетінің әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментінің ұйымдастыруымен университет жастары арасында жалынды жастығымен, нәтижелі істерімен үлгі болып жүрген жастардың басын қосып, оларға қошемет көрсету арқылы патриоттық сезім мен салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында «Жалынды жастық шақ» баспасөз конференциясы өтті.

Баспасөз конференциясына университеттің белсенділері: кәсіби-шығармашылық факультетінің «Дене шынықтыру және спорт» мамандығының 3-курс студенті, белбеу күресінен бөлек қазақ күресі, дзюдо, самбодан спорт шеберлігіне үміткер Әл-Фараби Бимағанбет, техникалық факультетінің «Металлургия» мамандығының 3-курс студенті, техникалық факультеттің «24 элемент» ғылыми студенттік қоғамының басшысы Қуаныш Баянбаев, кәсіби-шығармашылық факультетінің «Музыкалық білім»  мамандығының 4-курс студенті, облыстық, республикалық ән байқауларының жеңімпазы Ақбота Тәжімағанбетова, экономика және құқық факультетінің 3-курс студенті,  Қазақстан Халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен өткізілген «Тілім менің — байлығым» конкурсының  Гран-при  иегері Розалия Исхакова, экономика және құқық факультетінің 2-курс студенті, «Заман біздікі» Интеллектуалды Элиталар Одағы пікірсайыс клубының президенті Алиаскар Отарбай қатысып, жеткен жетістіктері мен бағындырған белестері жайында баяндады.

Кішкентайынан спортқа жаны құмар Әл-Фараби Қазақстан чемпионатында чемпион атанып, әлем біріншілігінде белді спортшылар арасынан жүлделі үшінші орынды иеленген.

Ал Қуаныш үнемі қоғамдық, саяси шаралардың басы-қасында жүреді. Ол 2016 жылы наурыз айында ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының сайлауында «Нұр Отан» партиясының сайлау науқанына белсене қатысқаны үшін «Нұр Отан» партиясы төрағасы, ҚР президенті Н.Ә.Назарбаевтың Алғыс хатымен, 2017 жылы университет іс-шараларына белсене ат салысқаны үшін университет ректоры Б.Ердембековтің Алғыс хатымен, Алматы қаласында 2017 жылы 29-шы қаңтар мен 8-ші ақпан аралығында өткен 28-ші қысқы Универсиадада ерікті ретінде қызмет атқарып, халықаралық волонтер сертификатына, 2017 жылдың 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында өткен Халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО – 2017» көрмесінде ерікті ретінде қызмет атқарып, Халықаралық волонтер сертификатына ие болған. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Мəдениет жəне спорт министрлігінің ұйымдастыруымен 2017 жылғы 14 желтоқсан күні Астана қаласында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде «Туған жер! Туған тіл! Туған ел!» Қазақстан патриоттары форумында облыстың «Жыл патриоты» номинациясын жеңіп алды.

Ақбота да тек қана жүлделі орындарды иеленіп жүрген жалынды жас. 2016 жылы «Мемлекеттік тіл — ұлт тірегі» қалалық тіл фестивалі аясында өткізілген ақын, сазгер Бәкір Тәжібаевтың 90 жылдығына арналған «Әлемді әніммен тербетемін» атты ән байқауының    І орын иегері, 2017 жылы облыстық ақын-сазгер, драматург Бәкір Тәжібаевтың әндерін халыққа насихаттау, дәуір үнімен үндестіріп, есімін ел жадында қалдыру мақсатында ұйымдастырылған облыстық «Ақбұлақ» ән байқауының бас жүлдегері, ашық аймақтық мәдени білім беру жобасы «Жұбанов кездесулері» эстрадалық ән жанры бойынша І дәрежелі лауреат, облыстық мәдени, архивтер және құжаттама басқармасы, Қарғалы ауданының әкімдігі ұйымдастыруымен өткен «Әуелейді Шәмші әні» облыстық ретро әндер байқауының І орын иегері атанған.

Розалия жастардың кәсіпкерлікті қолға алуын қолдайтын жастардың бірі. Сондай-ақ, ол тіл мәртебесін көтеруде жас та болса өз үлесін қосып жүр. Әртүрлі тілге орай ұйымдастырылған байқаулардың жеңімпазы.

Алиаскар пікірсайыс турнирлерінде сөз саптау шеберлігімен, ұтқыр ойымен, шешендігімен көзге түсіп келеді.

Баспасөз конференциясына қатысқан жастардың барлығының да бағындырған белестері бар, олар университет мақтаныштары. Шара кезінде олар сонымен қатар 1-курс студенттері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, «Жетістікке жету үшін ерінбей еңбек етіңдер» деген аға-апалық кеңестерін берді.

 

Жадыра АРЕН, Қ.Жұбанов Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Баспасөз қызметі бөлімінің маманы

Categories: Все новости

Добавить комментарий