Все новости

Ел бесігін тербеткен Ана

Бүгінгі таңда  білім беру мазмұнының құндылықтық әлеуетін күшейтіп, оны ізгілендіру мәселесі өзекті болып отыр.

Елімізде бұл мәселелер өзекті ғана болып қоймай, шешімі табылып, жақсы жолға қойылып отыр. Мұның айқын дәлелі –  Назарбаева Сара Алпысқызының бастауымен жарық көріп, елімізде және алыс, жақын шетелдерде оң бағасын алған «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасы.

Бұл бағдарламаның көздеген негізгі мақсаты – жас ұрпаққа рухани-адамгершілік білім беру. Бағдарлама әл-Фараби, Абай, Шәкәрім бабаларымыздың ілімдерінен бастау алып, өскелең ұрпақтың өмірін, іс-әрекетін ар-ұждан, адамгершілік заңдарына негіздей отырып, жақсы мен жаманды, ақ пен қараны саралай білуге үйретеді. Аталған бағдарлама еліміздің білім беру жүйесіне енгізілместен бұрын, өзіндік тарихи, әлеуметтік жолдардан өтті. Нақтырақ айтсақ, Сара Алпысқызы 1992-2000 жылдарда балаларға қайырымдылық жасау үшін қайырымдылық қорларын ашу, балалардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау, көп балалы және аз қамтамасыз етілген отбастарына қамқорлық жасау мақсатында түрлі іс-шаралар мен нақты қайырымдылық істер жасап, нәтижесінде елімізде Алматы, Астана, Теміртау қалаларында «SOS – Қазақстан балалар ауылдары»,  Республика бойынша «Үміт» үйлері, жасөспiрiмдер үйлерi ашылды, сонымен қатар Қазақстанның барлық облыстарында балалар қайырымдылық қорлары құрылды. Осы жылдары балалар құқы жайлы халықаралық Конвенция тәжірибесі зерттеле бастады. Елімізде салауатты өмір салты бағдарламасы енгізіліп, балалар мекемелеріне көмек көрсетілді. Республикалық балалар реабилитациялық сауықтыру орталығына, аз қамтамасыз етілген отбастарына,  экологиялық апат аймағына гуманитарлық көмек көрсетіліп,  дарынды балаларға қолдау жасалды.

Сара Алпысқызы  2000 жылдан бүгінгі күнге дейін балаларға рухани-адамгершілік білім беру мақсатында  «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру жобасын жасап, «Өзін-өзі тану» пәнінің оқу-әдістемелік кешенінің   жазылуына жетекшілік ете отырып, бұл оқулықтар мен әдістемелік құралдарды сынақтан өткізу үшін Республика бойынша эксперимент жұмыстарының жүргізілуіне мүмкіндік жасады. Сынақ нәтижесінде ОӘК толықтырылып, жетілдіріліп,  «Өзін-өзі тану» пәні міндетті пән ретінде жаппай білім беру жүйесіне енгізілді. Осы жылдарда  «Өзін-өзі тану» пәнінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты  (2006) дайындалып, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі жанынан Балалардың құқықтарын қорғау комитеті құрылды. Сонымен бірге  Қазақстанның барлық облыстарында осы  комитеттің бөлімшелері, балалардың құқықтарын қорғау басқармалары құрылды. Бүгінде жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде тұтас білім беруді дамыту жұмыстары жүргізіліп, мектепте рухани-адамгершілік құндылықтарды біртұтас педагогикалық үдеріспен интеграциялау мақсатында педагогтердің білімін жетілдіру жұмыстары жалғасын табуда.

Ізгілікке, игілікке бағытталған осы жолда Сара Алпысқызы алғашында қайырымдылық жасау мақсатын көздеп, балалардың әлеуметтік жағдайы, денсаулығы, яғни қарнының тоқ, киімінің бүтін болуына баса назар аударса, уақыт өте келе қоғамда орын алып отырған әлеуметтік кеселдердің алдын алуға, оны рухани сауықтыруға мән беруі, асырап бағу мен асыл тәрбиенің ара жігін ашып беруі ұрпақ тәрбиесіне қосқан қомақты үлесі екені даусыз.

Сара Алпысқызының тікелей бастауымен алғашында «Бөбек» қайырымдылық қоры болып құрылып, бүгінгі күні Ұлттық дәрежеге дейін көтерілген орталықтың даму кезеңдерінде көздеген мақсаты біреу-ақ болды, ол – ізгілік, рухани-адамгершілік. Сондықтан да Сара Алпысқызының қоғамдық қызметі қоғамды рухани тұрғыда сауықтыру мен оны  ізгілендіруге келіп саяды.

С. А. Назарбаева өз еңбегінде: «Ғасырлар тоғысында біз ойда-жоқта тәрбиенің басты мақсаты – бала компьютер тетіктерін басып, ағылшынша былдырлап сөйлей білсе жеткілікті деп шештік. Міне, ол дап-дайын – жаңа формация адамы! Ал сол баланың мейірімділік пен зұлымдықтың айырмашылығын ажырата алмайтыны, жақынының ауыртпалығын бөліспейтіні бізді ойландырмайды да… Мен балалардың жастайынан салауатты және бақытты болу өнерін меңгергенін, өмір даналығын бойына сіңіріп, адамзатқа риясыз қызмет ету арқылы бақытқа бөленуді үйреніп өскенін қалаймын. Өздерінің кім екенін, не үшін өмір сүретінін, неге ұмтылатынын терең түсінуі керек. Әр адамның өзін-өзі тануы қажет»,- дейді. Бұл мәселе «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасында жалпыадамзаттық құндылықтарға негізделген ойы, сөзі, ісі бірлікте өмір сүретін, кемел мінезді адамды дамыту мақсаты болып жүйеленіп, өскелең ұрпақтың жақсы азамат болуына қызмет етуде.

Сара Алпысқызының тікелей жетекшілігімен  бүгінде «Бөбек» Ұлттық орталығында  еліміздің білім беру ұйымдарының барлық деңгейлерінде жалпыадамзаттық құндылықтарды пәндер мазмұнына интеграциялау арқылы, рухани-адамгершілік сипатта жетілген ойы, сөзі, ісі бірліктегі адамды қалыптастыру, ол үшін педагогтің рухани әлемін байытып, оның баламен қарым-қатынасын ізгілікке, сүйіспеншілікке негіздеу мәселесі негізгі міндеттердің бірі болып, бүкіл білім беру кеңістігін ізгілендіру мақсатын қойып отыр.  Сол себепті,  педагогикалық қызметкерлер біліктілігін арттыру курстарының бағдарламасы қайта қаралып, мазмұны жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде тұтас білім беруді дамытудың көкейтестілігін шешуге негізделіп, іске асырылуда.

Қорыта келгенде, Сара Алпысқызы – еліміздегі балалардың мүддесін жоғары қоюмен қатар, жас ұрпақтың тағдырын рухани-адамгершілікпен сабақтастырған, болашақ ұрпақты ізгілік бесігіне бөлейтін, руханияттық  ізгі ілімді үйретуге қадам жасаған Ұстаз.  Сара Алпысқызының ұрпақ алдында сіңірген еңбегі өлшеусіз орасан зор.

Қай кезде де ақ ниет, жақсы ой, ізгі істің жалғасын тауып, жақсылыққа бастайтыны, ғұмырының ұзақ болатыны белгілі. Сондықтан да, Сара Алпысқызының ақиқаттан бастау алып, сүйіспеншілікпен жасалып жатқан рухани ісінің ғұмыры ұзақ болғай!

Әкімбаева Ж.Ж., «Бөбек» ҰҒПББСО ғылыми қызметкері

Categories: Все новости

Добавить комментарий