Все новости

‘Бітіруші курс студенттеріне қосымша кәсіби білім беру’ курсынан алған тәжірибеміз жайлы

Қазіргі уақытта білім саласындағы түбегейлі өзгерістер мұғалімнен үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бұл өзгерістер оқушылардың өздігінен білім алуына, жан-жақты ізденуіне, алған білімін алдағы уақытта өз кәсібінде дұрыс пайдалануына алуына мүмкіндік жасайды. Осыдан келіп болашақ мұғалімдерді осы бағытта даярлау қажеттігі туындайды. Сол мақсатта университетімізде «Бітіруші курс студенттеріне қосымша кәсіби білім беру» курсы ұйымдастырылып, педагогикалық жоғары оқу орны мен колледж оқытушылары оған жан – жақтан келіп қатысуда.

  Педагог қызметкерлердің біліктілігін арттырудың деңгейлі бағдарламасы негізінде әзірленген, педагог кадрларды даярлайтын жоғары оқу орнындарының бітіруші курс студенттеріне қосымша кәсіби білім беру бағдарламасы бойынша Астана қаласында курстан өтудеміз. Біз осы аралықта оқыту мен оқудың қазіргі заманғы әдістерін оқып үйрендік. Осы әдістер оқытушының күнделікті тәжірибесімен байланыста қарастырылып, педагогиканың әртүрлі негізгі аспектілері талқыланды. Курс бағдарламасының мазмұны жеке жеті модуль түрінде беріліп, олар оқу барысында аралас түрде ұсынылды. Бағдарлама мазмұнының модульдеріне тоқталатын болсақ, оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер, сын тұрғысынан ойлауға үйрету, оқу үшін бағалау және оқуды бағалау, оқыту мен оқуда АҚТ пайдалану, талантты және дарынды балаларды оқыту, жас ерекшеліктеріне сәйкес оқыту және оқу және оқытуды басқару мен көшбасшылық әдістері.

Сонымен қатар, осы курста жаңартылған білім беру мазмұны жайлы да қарастырдық. Жаңартылған білімберу бағдарламасының маңыздылығы оқушыға  қолайлы білім беру ортасын құрып, сын тұрғысынан ойлау, зерттеу жұмыстарын жүргізу, тәжірибе жасау, АҚТ–ны қолдану, коммуникативті қарым-қатынасқа түсу, жеке, жұппен, топта жұмыс жасай білу, функционалды сауаттылықты, шығармашылықты қолдана білуді және оны тиімді жүзеге асыру болып табылады.

Сондай-ақ курста  жаңартылған білім беру бойынша құндылықтар мен оқу бағдарламаның ерекшеліктерін талқылап, критериалды бағалаудың түрлерін, бағалау критерийлері мен дескриптор, рубрика және кері байланыс туралы және қалыптастырушы мен жиынтық  бағалау тапсырмаларын жасау алгоритмдерімен, модерация үдерісін қарастырдық.

Курстың бірінші күні шағын топтарға біріктік. Маған тренердің топтарға біріктіру әдісі ұнады. Біз «Қайырлы күн құрметті, қымбатты әріптестер!» жағымды сөйлемі негізінде бес топқа бірігіп, топтың атын, топтың ережелерін бірге талқылап, анықтап алып, сабақ өтетін аудиторияға іліп қойдық. Содан бастап әрбір күні топтан үш тыңдаушыдан кезекші болып, әртүрлі әдістермен топтарға бірігіп отыратын болдық. Сонымен бірге, бірінші күні бір бірімізбен танысуды ұйымдастыру әдісі де қызықты жүргізілді, екінші күні топта қасымызда оң  және сол жағымызда отырған тыңдаушыларды таныстырып, бір бірімізбен кеңірек танысуға зор мүмкіндік алдық.

Жаңартылған білім беру бойынша құндылықтар мен оқу бағдарламасының ерекшеліктерін талқылап, ұзақ мерзімді, орта мерзімді, күнтүзбелік-тақырыптық, қысқа мерзімді жоспарлармен және оқыту мақсаттарынмен танысып, мұғалім жасайтын күнтүзбелік-тақырыптық, қысқа мерзімді жоспарлармен практикалық тапсырмалар орындадық.

Критериалды бағалау бойынша оның мәні мен маңыздылығын, түрлерін, бағалау критерийлері мен дескриптор, рубрика және кері байланыс туралы және қалыптастырушы мен жиынтық бағалау тапсырмаларын жасау алгоритмдерімен, модерация үдерісімен танысып, тренердің «МИКС» авторлық әдісі негізінде критериалды бағалау терминдері бойынша әр топқа тапсырмалар беріліп, біздің топ сол эксперт тобы болдық. Топтарға  екі шумақ өлең, эссе, Шәмші Қалдаяқовтың «Арыстың жағасында» өлеңіне терминдер бойынша әнімен айту, сурет салу тапсырмалары берілді. Ал, біз эксперт ретінде олардың тапсырмаларын бағалау үшін әрбір тапсырманың критерийлерін алдын ала анықтап алып, сол бойынша практикалық тапсырмаларды бағаладық. Барлық тапсырмалар өте жоғары дәрежеде жасалған, барлығымыз үлкен әсер алдық.

Жаңа оқыту әдіс-тәсілдерін, қалай оқу керектігін және диалогтық оқыту, метатану бойынша мәліметтерді «INSERT», «Екі жұлдыз, бір тілек» әдістері арқылы түсініп, тапсырмалар орындадық. Сонымен бірге, «Тиімді кері байланыс» жайлы түсініп, практикада қолдану жолдарын бірге талқыладық. Сабақтың соңында «Мадақтама сэндвич» әдісі арқылы сабақты қорытындыладық.

Сыни тұрғыдан ойлау қандай да бір нәрсені немесе мәселені талдау жасап, ой елегінен өткізуді білдіреді. Бұл бақылау, тәжірибе, толғану және пайымдау нәтижесінде алынған ақпаратты ұғыну, бағалау, талдау және жинақтау әдісі болып табылады. Сын тұрғысынан ойлау оқушылардың пәнге қызығушылығын оятып, сын тұрғысынан ойлауын, сонымен қатар оқушылардың бақылау, талдау, қорытынды жасау дағдыларын дамытады.

Ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың (АҚТ) дамуы білімді бағалау мен пайдалану жүйесін де өзгертуді талап етеді. Осыған байланыста оқытуда қолданылатын әдіс-тәсілдер,  технологиялар жаңартылып отырады. АҚТ оқушыларға ғылыми ұғымдарды түсіндіруді және олардың қабылдауын, түсінуін жеңілдетуге мүмкіндік береді, болашақ мұғалімдер сандық технологияларды және АҚТ-ны сабақ беруде тиімді пайдалану жолдарын қарастырдық.

Талантты және дарынды балаларды оқыту оқушылардың қажеттіліктерін қанағаттандыруда мектепте барлық оқушылар үшін, бастауыш буын деңгейінде және орта буын деңгейіндегі «кеңейтілген» мектеп тәсілін құрғанда анағұрлым жоғары нәтижеге қол жеткізе алатынымыз белгілі. Сондықтан оқушылардың таланты мен қабілетін ашып, оқыту барысында оларды дамытып отыру өте маңызды. Талантты және дарынды оқушыларды анықтай білу, олардың бойларындағы қасиеттің одан ары жандануына жол аша білу біздің басты мақсатымыз. Бұл модуль бойынша талантты және дарынды сөздерін фильмнен үзінді көре отырып, айқындап өз ойларымызды айтып жеткіздік. Тренер қортындылап, нақты талант пен дарынды сөздерінің мағынасын ашып берді.

Оқуды басқару және көшбасшылық негізгі идеясын сын тұрғысынан бағалау, өзгерту және тәжірибе мен білім саясатын қайта бағалау нәтижесінде мұғалімдердің бастамасымен барлық деңгейлерде өзгерістердің іске асырылатына негізделеді. Бұл модульде көшбасшылық пен басқарушы сөздерінің мәні мен маңызын ашу үшін топта жұмыс істеу барысында бір-біріміздің ой-пікірлеріміз тыңдалды. Әр топ өздерінің пікірлерін постерге түсіріп, топтан бір қатысушы басқа топтарға түсіндіріп, өзара пікір алмасып, талқыланды. Соңынан тренеріміз слайдпен көрсетіп көшбасшылық пен басқарушы сөздері туралы толық мағлұмат берді. Маған ұнайтыны тек қана оқып қана қоймай, өзіміз постерге жазып немесе презентация жасап, әркім өз ойын ортаға салып, ортақ нәтижеге бағытталатындығымыз болды. Келесі суреттерде курста топтық жұмысты орндау барысында тапсырмаларды белсенді орындауға қатысу сәттері келтірілген.

Мамандығы бойынша өз пәнін жетік білетін, оқушының шығармашылығы мен дарындылығына жағдай жасай алатын, тұлғалық-ізгілік бағыттылығы жоғары, педагогикалық шеберлік пен өз ісін жүйелі атқаруға қабілетті, оқытудың жаңа технологияларын толық меңгерген, отандық, шетелдік тәжірибелерді шығармашылықпен қолдана білу болашақ мұғалімдердің ең басты қасиеті болып табылады. Сондықтан курстан алған білімімізді болашақ информатика мұғалімдерін даярлауда сабақ барысында қолданамын, өйткені болашақ мүғалімдер жаңа әдіс-тәсілдерді жетік меңгеріп, орынды қолдана білуінде.

Жалп, курстан өзім үшін көп ақпарат алдым. оқыту мен оқудың қазіргі заманғы әдістері бойынша мәліметтер алып, болашақ мұғалімдерге оқыту мен тәрбиелеу үдерісінде пайдаланамын. Курсқа қатысқан мұғалімдермен пікір алмаса отырып, тәжірибеме көптеген өзгерістер енгіземін деп санаймын. Курста тыңдаушыларға таратылып берілген мұғалімге арналған нұсқаулықпен жұмыс істеу барысында көп нәрсені ұғындық. Әрине курстың басынан бастап бізден көмегін аямаған тренеріміз Аяттың көмегі өте зор болды. Ол осы екі аптаның ішінде бізге көп мағлұмат беріп, көптеген әдіс-тәсілдерді көрсетіп, бағыт-бағдар берді. Алдағы уақытта осы курста айтылғандардың, көргендердің барлығын іс–тәжірибеге пайдаланып, жаңаша сабақтар жүргізіп, болашақ информатика мұғалімдерін заман талабына сай болуға бағыт-бағдар беруге тырысамын деген ойдамын.

Шырын Шекербекова, педагогикалық ғылымдарының кандидаты, 
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті
Информатика және білімді ақпараттандыру кафедрасының доценті. 

 

Реклама

Categories: Все новости

Tagged as:

Добавить комментарий