Все новости

Жұбанов Университеті Наурыз мерекесін атап өтті

Жұбанов Университеті Наурыз мейрамын атап өтті. Іс-шараға арнайы шақырылған қонақтар, республика мен облыс көлемінде белгілі зиялы қауым, өнер және мәдениет саласының өкілдері, университеттің барлық факультеттері мен құрылымдық бөлімдері қатысты. Университет ауласында киіз үйлер тігіліп, алтыбақан, ұлттық ойындарға және мерекелік концертік бағдарламаға арналған алаңдар құрылды. Мерекелік іс-шараны Гүлнар би тобы Қара жорға биімен ашты.

Жиналғандардың алдына шығып, Университет ректоры, профессор Б.А.Ердембеков құттықтауын білдірді.

«Құрметті әріптестер! Сіздерді шын жүректен Наурыз мейрамымен құттықтаймын. Наурызда көптеген шаралар өткізіледі. Мысалға  «Наурызнама», «Селтеткізер», «Ұйқыашар» «Наурызшешек». Енді ауа райының қолайсыздығына байланысты бұл шараларды атап өту кейінге қалдырылып отыр. Біздің университетіміз батыс өңірдің алдыңғы қатарлы оқу орындарының бірі болып табылады. Жылдан жылға университетімізге оқуға түсушілредің саны артуда. Биыл біз университетімізге 5 мыңға жуық студент қабылдаймыз деп мақсат қойып отырмыз. Сонда біздің білім алушыларымыздың саны 13 мыңнан артып түседі. Бұл дегеніңіз біздің ахуалымыз жоғарылайды деген сөз. Бәсеке бар жерде тірлік болады. Сондықтан да сіздерге осы тірлігіміз  нәтижелі болып, түтініміз түзу шықсын дегім келеді. Барлықтарыңыздың шаңырақтарыңызға шаттық, молшылық тілеймін»  ̶  деді Бауыржан Аманкелдіұлы құттықтау сөзінде.

«Наурыз бұл тек ұлттық мереке ғана емес, бұл ең біріншіден табиғат мерекесі. Табиғаттың балансына, тепе-теңдігіне негізделген Наурыз мерекесін Жұбанов университеті биылғы жылы ерекше форматта атап өтуде. Салтанатты шараға арнайы шақырылған қонақтар мен университеттің барлық факультеттері мен құрылымдары қатысып, 6 ағаш үй құқрылды. Сонымен қатар «Ең үздік ұлттық ерлер киімі», «Ең үздік ұлттық әйелдер киімі», «Ең үздік безендірілген киіз үй», «Ең үздік ән», «Ең үздік кейіпкер» номинациялары бойынша және 7 ұлттық ойындар бойынша жеңімпаздар анықталды. Өз атымнан, кәсіби-шығармашылық факультетінің атынан әріптестерімізді Наурыз мерекесімен құттықтаймын», — деді кәсіби-шығармашылық факультетінің деканы С.С.Мұхтаров.

Іс-шара барысында жиналған қауымға ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші-сазгер Лұқпан Жолдасов, эстрада жұлдыздары Фарида Жолдасова, «Арай» тобының орындауындағы әндер ерекше көңіл-күй сыйлады.

Мерекені тойлау барысында «Қой көтеру», «Ләңгі тебу», «Арқан тарту», «Асық ату», «Қазақша күрес», гір көтеру және армресслинг сияқты ұлттық ойындар ойнатылып, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ерекше күшті талап ететін сайыстардың бірі «Қой көтеру», мұнда жеңімпазға жүлде ретінде көтерген қой табысталады. «Қой көтеру» сайысында «Дене тәрбиесі және спорт» мамандығының 2-курс студенті Шыңғыс Әлмұқан жеңімпаз атанды. Ол өз иығында салмағы 60 келі қойды 70 рет көтеріп, жеңіске жетті. Шыңғыс шараның тағы бір сайысы — гір көтерудің де жүйрігі болды.

Бүгінгі іс-шара шын мәнінде керемет көңіл-күй сыйлаған концерттік бағдарламасымен, ерекше қойылымдарымен, дәмі тіл үйіретін ұлттық тағамдарымен ызғарлы қыстан кейін халықты ортақ қуанышқа біріктірген тамаша мереке болды.

 

Categories: Все новости

Добавить комментарий