Все новости

Ақтауда үздік 20 стартап жоба іріктелді

Сәуірдің 14-і күні Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде 7-11 сынып оқушылары мен колледж студенттеріне арналған «Caspian Start-Up 2018» стартаптар байқауының іріктеу кезеңі өтті. Аталған байқау барысында келіп түскен 120-дан аса стартап жобаның 20-сы ақтық кезеңге іріктеп алынды.

Оқушылар мен колледж студенттеріне арналып өткізіліп отырған тұңғыш  стартаптар байқауын Ақтау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі мен Маңғыстау облыстық білім басқармасы ұйымдастырып отыр.

Байқаудың басты мақсаты – оқушылар мен студенттер арасында жаңа жобаларды таныстыру алаңын құру, инновациялық бірлестіктің әлеуетін көрсетіп, оны қолдау.

  • Жарысқа қатысуда белсенділік танытып, бизнес бастауды ойлайтын оқушылар мен студенттердің көп екендігіне қуаныштымыз. Осындай кәсіпкерлікке бейімі бар жастарды қолдап, оларға кәсіпкерлер мен сарапшылар көмегімен бағыт-бағдар көрсетіп, жобасы бизнес бастауға тиімді болып жатса, кәсіпкерлермен тілдесуге жағдай жасауды жоспарлап отырмыз, — дейді Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Ермек Пайзов.

Іріктеу кезеңіне Маңғыстау облысының аудандарынан, Атырау облысынан, тіпті Астана қаласынан қатысушылар келді. Қатысушылар кәсіпкерлер мен стартап сайыстардың жеңімпаздарынан құралған тәуелсіз қазылар алқасының алдында жобасының креативтілігі мен актуальділігі туралы 2 минут көлемінде баяндап берді.

Это слайд-шоу требует JavaScript.

Айта кетейік, сайыс  үш кезеңнен тұрады. Жобаға қатысушы ең алдымен бастағысы келетін бизнес туралы екі минуттық видео түсіруі тиіс. Содан соң жобаның маңыздылығы, сұранысы, тиімділігі туралы презентация дайындап, caspianstartup.kz сайтына  7-сәуірге дейін тіркелді. Ал 14 –сәуір күні байқаудың қазылар алқасы Назарбаев Зияткелік мектебіне келген жобалардың ішінен ең үздік 20 жобаны таңдап, ақтық кезеңге жолдады. Іріктеуден өткен қатысушылар 21- сәуірде бизнес-жобаларын кәсіпкерлер мен қазылар алқасының алдында қорғайтын болады. Байқаудың жеңімпазына 300 мың теңге беріледі. Ал, ІІ орынға — 250 мың, ІІІ орынға — 200 мың теңге қарастырылған.

Стартап жобалар байқауының бас демеушісі «Forte bank» АҚ Маңғыстау облысындағы филиалы мен «MKS Logistics» ЖШС. Ал «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Маңғыстау облыстық филиалы, «Mediana» ІТ-компаниясы, «Жас Отан» жастар партиясы, «Mangystau» телеарнасы және «Inaktau.kz» қалалық ақпараттық порталы байқау серіктестері.

Сонымен қатар, іріктеуден өткен 20 жобаның қатысушыларына «Атамекен» ҰКП бизнес-тренері Нұрдаулет Медеуов, «Mr.President» шешендік сөйлеу академиясының жетекшісі Қайрат Хасанов және «Like» орталығының Ақтаудағы өкілі Бекжан Шоқанов кәсіпкерлік негіздері, инвесторлармен жұмыс тақырыбына арнайы шеберлік сағаттарын өткізді.

Categories: Все новости

Добавить комментарий