Все новости

Мектепте қыш құмыра өнерін меңгертудің қыр-сыры

Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар — рухани жаңғыру» мақаласында: «Егер құндылықтар жүйесінде білімділік басты құндылыққа айналатын болса, ұлт табысқа жетеді», — деп баяндады. Осы орайда  жаңа білім беру мазмұнын  іске асыру үшін ұлттық құндылықты жас жеткіншекке жан-жақты үйрету мақсатында  өнердің ерекше түрлері турасында жұмыс жасап келемін.   

Қол өнерінің бір түрі — көне қыш құмыра өнері. Қыш өнерін меңгертудегі  мақсаты — кенже қалған өнерді қайта жаңғырту. Осы орайда Назарбаев Зияткерлік мектептері жалпы білім берумен қоса, қосымша білім беру жетекшілігі барысында қыш құмыра үйірмесін ашып, жұмыс жасап келеді. Қыш өнерін үйрену үшін бейнежазбаларды көріп, алған білімдерін практикалық жұмыста қолданып жүр десек те болады. Саз балшықтан әртүрлі бұйымдар да арнайы станок  арқылы жасалынып, қолданысқа түсе бастады.

Қыш өнерін үйренем, меңгерем деген жастар мен мектеп оқушыларының саны арту үстінде. Қыш өнерінің жас ұрпаққа берері мол. Оқушы қыш өнерін басқа өнерге қарағанда, қолымен жасаған бұйымының пішінін жан-жағынан көре алады, сазды балшықты қолымен жасап, шағын мүсіндер, жануарлар, кәдесыйлықтар жасай алады. Сондай-ақ, бұл өнер саусақтың ұсақ моторикасын жаттықтыруға көмегін тигізеді. Бала бойындағы ойлауды, тепе-тендікте ұстауды, визуалды көруді, өзіне деген сенімділікті  арттырады.

Тарих бетін парақтасақ, қыш өнері  сонау неолит дәуірінің VI ғасырында пайда болып, бүгінге дейін  адамзат баласы бұл іспен мыңдаған жылдар бойы айналысып, күнделікті тұрмыста пайдаланып  келген.  Керамика (keramіke гректің сөзі – қыш, keramos – саз) –саз минералды қоспасымен араласқан саз балшық.  Ежелгі грек тілінде «Керамос» құмыра сазынан қалыптап кептіріп және күйдіріп алынған бұйым дегенді білдірген. Кейінірек «Керамика» деген сөз саздан жасалған бұйымдардың бәріне таралған. Саз – жалпы химиялық формуласы n Al2O3 • m SiO2 • z H2O гидроалюмосиликаттардан тұратын шөгінді тау жыныстары. Сазды материалдардың бөлшектерінің мөлшері аз (0,01–10 мкм) болады және формасы негізінде пластинка тәрізді.

Керамикалық бұйымдарды дайындау кезінде шығу тегі минералды шикізаттарды  каолинде, сазбалшықтар, кварц, әктас, дала шпаттарын т.б.қолданады.

Бұл өнер Қазақстан жерінде соның ішінде  Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданы  қыш құмыра өнерінің ордасы, шұраты, жауһары десек қателеспейміз. Себебі жер асты қазбалардан қыш құмыраларды тауып, бүгінгі ұрпаққа мұраларымызды дәріптеп жалғастыру болып табылады.

Қыш өнерінің  негізгі міндеттері:

  • саз балшықты бұйымға дейін жұмсартып дайындау;
  • станок шеңберінде дәл ортасына айналдырып  жұмыстана білу;
  • құрал жабдықтарымен жұмыстана білу;
  • қалауы бойынша бұйым жасай білу;
  • муфел ошағын қолдана білу.

Қыш өнерінің жағымды қасиеттері: жоғары беріктігі, ұзақ уақыт сақталатыны. Ал   жағымсыз қасиеттеріне  келсек, қыштың  сыңғыштығы, салыстырмалы түрде жоғары көлемде салмағы ауыр болып келеді.

Өзімнің іс тәжірибемде өткен әртүрлі заттармен қолмен жұмыс  жасаған кезде қолдары икемге келе алмай жатады. Себебі оқушылар қағазды құрастырып кесуді, бейнеге қарап сурет салуды, қораптан робот фигурасын құрастыруды жүзеге асыра алмай жатады. Осы жайтты ескере отырып, алдымен оқушыларға үйірме сабағында саз балшықпен жұмыстанып үйретуді жөн көрдім.

Үйірме кезінде негізгі жұмысты бастамас бұрын саз балшықты алдын-ала дайындау қажет. Сазды 10-20 минут араластырып, екіге бөліп, кері қосып, біріктіріп илеу – негізгі әрекеттердің бірі. Сазды нығыздап, иін қандырып, біріктіріп саусақпен соқпалайды. Оқушылар шеңбермен жұмыс жасаған кезде саз балшықты ортаңғы нүктесіне орналастыра алмай, бұған мән бермей қалады, себебі ортаңғы дәлдікке орнатылмаса, саз балшық орнынан қозғалып, шеңберден жылжып кетеді . Ең маңыздысы — сазды шеңберге дәл ортасынан орналастыра білу қажет. Шеңберді  айналдыру кезінде басқышты жоғары-төмен басып отыру қажет. Сазға суды құйып, айналдырып отыру керек, егер суды аз құйса, саз бұйымның айналуына кедергі жасап, қолға жабысып қалады. Егер басқышты бірден тез басса, онда саз балшық шеңбер ортасынан сырылып кетеді, ол үшін адам жаймен басып, ақырын жұмыстану керек. Осы кезде оқушыдан асқан шыдамдылық пен төзімділік  қажет етіледі. Жұмыстың тағы бір  ерекшелігі оқушы жұмыс жасап отырған кезде тыныс алу жолдарын реттеп отыру керек, яғни құмыраны жоғарыға қарай көтергенге дейін дем алмай тұрып жұмыс жасауға тура келеді, ал орта жолда деміңді  алсаң, қолың саз балшық жолынан тайып кетеді. Бұдан байқайтынымыз, қыш өнері адам бойындағы физиологиялық қасиеттермен де байланысты екендігін көрсетеді.Құмыра жасаған кезде формасына мән беріледі. Мысалы, ыдыстың төменгі жағы 7-8 мм қалындықта болады, ал жоғары қарай 4-5 мм орташа қалыңдықта көтеру қажет, әйтпесе жоғары жағы  7-8 мм қалыңдықта  болса шеңберде айналмай бұзылып қалады. 1 сурет Басқышпен басу арқылы жылдам әрі ақырын айналдыру қажет. Оқушылар құмыра ішіндегі суды алуға ұмытып кетеді, оның бір амалы, төменгі асты табанынан ұзын жіңішке сымды сұғып, суды ағызуға болады немесе ысқыш (губка) арқылы суды алуға болады. Құмыра жасау барысында тек қолмен ғана емес, қырлы ағашпен сыртқы бедерін тегістеуге болады. Құмыраны жасап болғаннан кейін құмыра бетіне қырлы қырғыш құралмен өрнек сызықтарды ойып, ангоб /бояу атауы/ бояуымен безендіреді. Бір аптадан  кейін құмыраны шыны қабат әшекеймен (глазурь) төмкеріп, муфель пеш немесе арнайы ошаққа салып отқа күйдіреді. Керамикалық бұйымдар глазурленген немесе глазуленбеген болуы мүмкін. Глазурлер, бұйымдарға сырткы әсерлерге берік болуға, су өткізбейтін қабаты және жоғары декоративті сапасын береді. Бастапқы  шикізат сапасы бойынша керамикалық материалдарды және бұйымдарды күрделі, жұқа және отқа төзімді деп бөледі. Құмыраны күйдіру барысында алдымен 200° C температураға дейін күйдіреді. Саз арасындағы ауа кеуіп, 3-4 сағаттан кейін 1000-1200° C температураға дейін көтерілу керек. Одан әрі бұйымды оттан алғаннан кейін газет немесе ағаш ұнтағын (апилка немесе газетпен) бұйымның үстіне шашып, жабық ыдыстың ішіне 15 минут ұстап тұрып күйдіру әдісі. Нәтижесінде күдірілген саз балшық керамикалық қышқа айналады.

Сазбен жұмыс жасаған кезде құмыра жасаумен қатар шағын мүсіндерді, саз сырнайды (музыкалық асбап), торсықты, жануарлардың мүсіндерін, сондай-ақ өзінің қалауы бойынша әртүрлі пішіндерді жасауға болады. Әртүрлі пішіндегі бұйымды қайталап жасамау үшін, гипстен қалыпқа құюға болады яғни (шликер) деп аталады Алдымен саздан жасалған торсық дайын бұйымның бір жағына гипсті құю керек, 10 минуттан кейін осы әрекетті екінші бөлігіне  қайталап құйып орындау ,кейін дайын жасалған форманың ішіне сазды  сұйық тәрізді етіп құяды.  Форманы 10-15 минуттан кейін сазды кері төгіп, кептіру қажет. Бұйымның формасы дайын болады. 2 сурет

Орал қаласындағы физика-математикалық бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде қыш өнерін үйретумен қатар «Біз-біргеміз» атты әлеуметтік жобасы аясында «Бәйтерек» мүмкіндігі шектеулі балалар қоғамдық бірлестігінің» тәрбиеленушілерімен бірге жұмыстар атқарылып келеді.

Тәжірибеде байқағаным, жас жеткіншектің бүгінгі таңда белсенді қозғалысының  жетіспеушілігінен саусақтың ұсақ моторикасы дұрыс қимылдамай кедергілер болады.  Ендеше мүмкіндігі шектеулі жандардың ұсақ моторикасын дамыту үшін қыш өнері өте пайдалы, яғни арт- терапия деп аталады .Себебі саз балшықты жұмсартып екіге бөліп,  барлық саусақтарын бірдей сазға батырғанда, саусақтарға қимыл қозғалыс жасалынады нәтижесінде  саусақ қимылдары, көз бен қолдың тепе-теңдігі, ойлау жүйесін қалыптасуына  септігін тигізеді.Осылайша мектеп оқушыларымыз мүмкіндігі шектеулі балаларға көмектесіп ,бірге үйретіп достық қарым қатынасқа айналып  қоғам өмірімен тығыз байланыста жұмыс атқарып келеді. Осы қыш құмыра өнерін үйрену жолында оқушыларымыз жақсы жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Атап айтсақ, 7 сынып оқушысы Зайтқалиев Ади 2018 жылдың ақпан айында  Шымкент қаласында өткен 1 –ші Халықаралық өнер және білім байқауында қол өнер номинациясы бойынша және Республикалық байқауларда үш рет бас жүлдеге ие болды.

Қорытындылай келе, оқушылар мектеп қабырғасында уақыттарын тиімді өткізу үшін әрі саламатты өмір сүру мақсатында қыш өнерімен көбірек жұмыс жасауы қажет.  Ол үшін  барлық мектепте қыш өнерін мектеп бағдарламасына пән ретінде енгізіп, қала берді үйірме бағытында  арнайы жоспарлар арқылы көптеп ұйымдастырса, нұр үстіне нұр болары анық.

 

Добавить комментарий