Все новости

Варшавада Инженерлік білім беру көшбасшыларының форумы басталды

2018 жылдың 17 сәуір күні  Варшавада поляк-қазақ жоғары оқу орындарының ректорлары форумы аясында «Келешек» білім беру қоры және поляк техникалық жоғары оқу орындары ректорлары конференциясының ұйымдастыруымен Инженерлік білім беру көшбасшыларының екінші форумы өз жұмысын  бастады.

Үйлестірушілердің айтуынша, форумның мақсаты – жастардың білім беру жолын таңдауға және академиялық әлемде өнеркәсіп пен бизнес арасындағы байланыстарды орнатуға көмектесу, сонымен қатар жоғары технологиялық сала  үшін қызметкерлерді ең үздік әдістермен оқытуды насихаттау болып табылады.

Форумға Қазақстан мен Польша университеттерінің ректорлары, дипломаттар, екі елдің білім беру мекемелері мен білім беру қорларының басшылары және  инженерлік бірлестіктер мен кәсіпкерлердің өкілдері қатысты.

Форумның ресми ашылуында Польша академиялық мектептер (KRASP) ректорлары конференциясының төрағасы, Варшава технология университетінің ректоры,  профессор Ян Шмидт, Қазақстан ЖОО ректорлар кеңесінің төрағасы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, академик Ерлан Сыдықов және «Келешек» білім беру қорының президенті Вальдемар Сивиньски құттықтау сөз сөйледі.

Қазақстан ЖОО ректорлар кеңесінің төрағасы Ерлан Сыдықов форумның қамтитын тақырыбына ерекше тоқтала келіп,  бүгінгі форумға халықаралық және ұлттық бірлестіктер мен ғылыми-өндірістік ұйымдардың беделді өкілдері жиналғанын және инженерлік бағыттағы мамандарды даярлауға басымдық беріліп отырғанын тілге тиек етті.

— Естеріңізге сала кетейік, әріптестер, адамзат өркениеті әрқашан инжиниринг арқасында құрылды. Бірақ оның трансформация кезеңі тек ғылыми-техникалық идеялар серпінді негізінде ғана мүмкін», — деді Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры.

Сонымен қатар Қазақстан жоғары оқу орындары ректорлары Кеңесінің төрағасы Ерлан Батташұлы жастардың ғылымға бет бұруы жайлы айта келіп, жүйелі түрде жүргізілуге тиіс міндеттер жөнінде бірқатар ұсыныстар айтты. Оның ішінде бірлескен ғылыми зерттеулердің іске асырылуын қарастыру, ғылымды қажет ететін бизнес-жобалар жасау, халықаралық консорциумдар аясында білім беру жобалары, техникалық мамандықтар бойынша білім беру стандарттары, электрондық дерекқор (логистикалық орталықтар) саласында бірыңғай логистикалық инфрақұрылымды нарыққа сай тереңдету және көлік кешенін дамыту секілді өзекті мәселелер бар.

Сондай-ақ форум барысында Польша Республикасы Білім және ғылым министрінің орынбасары Петр Мюллер және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Арын Орсариев сөз алды.

ҚР БҒМ жауапты хатшысы Арын Орсариевтың айтуынша, Қазақстан бүгінде  білім беру жүйесін дамытудың жаңа кезеңіне аяқ басқан, әлемдік аренада бәсекеге қабілетті мемлекеттердің бірі.

— Елімізде әлемдік тәжірибеге сәйкес үздік мамандарды даярлау және жетекші оқу орындарын тарту бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде,-деді ол. –Жасыратыны жоқ, таяу уақытта жоғары технологиялар саласында білікті де  білімді STEM-мамандар деп аталатын кадрлар даярланып,  көпшілікке танымал болады.

STEM — бұл инновациялық технологияларды зерттеу және енгізу, сондай-ақ жаратылыстану саласындағы ғылымды кеңінен қолдану. Мысалы, био және нанотехнология, инженерлер, бағдарламашылар секілді мамандар.

Мұндай мамандарды жоғары деңгейде дайындау үшін білім беру жүйесін жаңартып, жаһандық кеңістікте оның бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету қажет, — деді Арын Орсариев.

Жауапты хатшының айтуынша, Қазақстанда инженерлік саладағы мамандарды дайындау белсенді түрде жүргізілуде.

Қазақстан Республикасының индустриялды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі — ИИДМБ) экономиканың алты басым секторлары үшін жоғары білікті, ғылыми және ғылыми-инновациялық кадрларды даярлауға бағытталған.

2017 жылдан бастап Қазақстан инженерлік білім беру қауымдастығы (ҚАЗИББҚ) аккредиттеу органдарының Ұлттық тізіліміне енгізілді. ҚАЗИББҚ — ИИДМБ шеңберінде білім беру бағдарламаларын халықаралық аккредитациялау тәжірибесі бар Қазақстандағы жалғыз тәуелсіз аккредитациялық орталық. Түрлі бағыттағы инженер-практиктерді ҚР Ұлттық инженерлік академиясы біріктіреді (ҚР ҰИА).

Сондай-ақ форумда Еуропалық Ұлттық инженерлік ассоциациясының Бас хатшысы Дирк Бочаров пен SiemensPolska ЖШС басқарма мүшесі, серіктестіктің өнеркәсіп мәселелері жөніндегі директоры Томаш  Хайдук шақырылған қонақтар алдында баяндама жасап, инженерлік салада білім берудің келешегі жайлы ой қозғады.

Ал Ұлттық ядролық зерттеулер институтының бірінші проректоры, профессор Олег Нагорнов өз сөзін инженерлік-технологиялық білімге арнады.

Қазақстан мен Польша жоғары оқу орындарының жоғары технологиялық индустриясы үшін персоналды оқытудағы тәжірибесіне арналған панельдік сессия аясында Силезия политехникалық институтының ректоры Аркадиуш Мэнжик, Алматыдағы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің ректоры Дамир Шыныбеков, Катовице арнайы экономикалық аймағының төрағасы  Януш Михалек, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков, E&S бас инженері, сайт менеджері Габриель Бухала, М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков, Білім беру жүйесін дамыту қорының бас директоры Павел Пошытэк, «Келешек» білім беру қорының атқарушы директоры Биянка Сивиньская тәжірибелерін ортаға салды.

Форум қорытындысында 2018 жылғы инженерлік білім беру рейтингінің салтанатты таныстырылымы жария болды.

Categories: Все новости

Добавить комментарий