Жасындай жарқ еткен жұлдыз туралы фильм

Күні кеше телеарналар арқылы «Бекзат» фильмі көрермен қауымның назарына ұсынылды. Аталған көркем фильмнің өзегі – ұлтының ұранына айналған есіл ердің өмірі. Жылдар өтті, алайда Бекзаттың жарқын бейнесі халқының жадынан сөнген жоқ. Қазақ боксшысының қысқа ғана ғұмырына арналған бұл картина – елінің батыр ұлына деген сағынышының белгісі.

Бекзат Саттарханов 1980 жылы 4 сәуірде Түркістан қаласында дүниеге келген. Бокстағы мансабы 1995 жылдан бастау алады. Дәл сол жылы 15 жасар Бекзат Түркістан қаласында өткен З.Сейітбековті еске алу турнирінде топ жарды. Олимпиадаға дейін де талай жарыста толағай табыстарға қол жеткізгені анық. Құйрықты жұлдыздай жарқ етіп сөнген Бекзаттың ерлігі мен жеткен жетістіктерін қазақ жанкүйерлері түгілі күллі әлем біледі деп айтсақ, артық айтқандық емес. Олимпиада ойындарының жеңімпазы бұл фәниден өтсе де, оның есімі ұмытылған жоқ, рухы асақтап тұр. Жақында ер есімін ел есінде қалдыру үшін «Бекзат» фильмі түсірілді. Фильмнің сюжеттік желісінде Бекзат Саттарханов өмірінің үш кезеңі қамтылады. Балалық шағы, боз бала кезеңі және өмірінің соңғы сәті. 90-жылдардың басындағы қиын-қыстау заманға тап келген Бекзаттың балалығы көп қиындықтармен өтеді. Түркістан қаласындағы теміржолды бойлай орналасқан шағын ауылдың қарапайым тіршілігі бала Бекзаттың көзімен бейнеленеді. Оның арманы, намысқой бітімі әрбір сәтте сыналып отырады. Бірде ата-анасы Бекзатты күреске қатыссын деген ниетпен бапкерге апарады. Онда Бекзат өзінің сергектігімен көзге түседі. Дегенмен, күреске қатысқан баланың бойы өспей қалады деген түсінікпен оны боксқа ауыстырады. Бапкерімен танысқан күннен бастап, оның бұл спорт түріне ерекше махаббаты оянады. Күн сайын ерінбей жаттығып, алғаш рет Түркістанда өткен сайыста жарқырап көрінеді. Бозбала шағында Германияда өткен турнирде топ жарып, бапкерлер оны олимпиадаға даярлау жаттығуларына қабылдайды. 1999 жылы Ташкентте ұйымдастырылған бүкіл Азия біріншілігінде күміс жүлдеге ие болып, олимпиада ойындарына жолдама алады. Осылайша, 2000 жылы Сидней төрінде өткен олимпиадада топ жарып, алтын медальға ие болады. Шебер спортшының бейнесі сомдалған картинаның режиссері – Мұрат Бидосов, сценарийін Сержан Закерұлы жазған.

Фильмнің түсірілім жұмыстары Түркістан, Алматы және Ыстамбұл қалаларында өткен. Басты рөлді жас актер, 2006-2007 жылдары кикбокстан жастар арасында екі рет Қазақстан чемпионы болған Самат Әзімқұлов сомдаған.

Ол туындыдан сонымен қатар, Ғалымбек Оспанов, Мұрат Жарылқасынов, Майра Мақұлбекова, Дулыға Ақмолда, Қуаныш Мұқатай, Бақдаулет Шаймахан және басқа да актерлерді көруге болады. Актерлік шеберлігі аз болғанына қарамастан, басты рөлді сомдаған Самат Әзімқұлов кино әлеміне келуімен қатар, тұлғаның рөлін сомдау қаншалықты қиын болғандығы жайлы былай дейді.

– Ең алғаш Бекзат ағамыздың финалдық жекпе-жегін әкем екеуміз көргеніміз әлі есімде. Мен ол кезде екінші сыныпта оқимын. Сосын марапаттау рәсімін де көрдік. Біздің уақытпен түс мезгілі болатын. Көше тым-тырыс еді, ойлап қарасам, бәрі сол жекпе-жекті көрген екен ғой. Ал содан кейін көшеде айқай-шу басталды, адамдар бірін-бірін құттықтап жатты. Көліктердің сигналы біз тұрған Мөлтек ауданды жаңғыртып жіберді. Сол сәттен бастап Бекзат ағамыз менің бала жүрегімнің төрінен үлкен орын алды. Үйде де, мектепте де екі сөзімнің бірі Бекзат болды. Неге екені белгісіз, Бекзат десе, құлағым елең ете қалатын және бұл қалыпты жағдайға айналды. Бір жыл бұрын, яғни, 1999 жылы спорттың кикбоксинг түрімен айналысып жүргенмін. Бекзат ағамыздың жеңісінен кейін, екі есе құлшынысым артып, жарыстарға шыға бастадым. Сонымен, 2009 жылға дейін кикбоксингпен айналыстым. 7 жылдай Оңтүстік Қазақстан облысының жастар құрамасында болдым. Еліміздің түкпір-түкпіріне, алыс-жақын шет елдерге жарыстарға шыға бастадық. 2009 жылы спорт шебері атағын алдым, және сол жылы көзіме қатты соққы тигізіп алғаным бар. Дәрігерлер ол спорт түрімен шұғылдануыма рұқсат бермей қойды. Осылайша, спортпен біржола, амалсыз қоштастым. Енді қайтадан 2000 жылдың желтоқсан айына оралайын. 1 қаңтар күні жаңалықтардан Бекзат ағамыздың қазасын естідік. Суыт хабар орыс тілінде болғандықтан, мен ештеңені түсіне қойған жоқпын. Анамның көзінен шыққан жасты көрген соң ғана қайғылы хабар екенін сездім. Анамның айтуы бойынша, екі күн тамақ ішпей қойыппын, бірнеше күн көңіл-күйсіз жүрдім. Қай жерде жүрсем де, Бекзат ағамыз есіме түсіп кетсе, өзімді жәйсіз сезініп кететінмін. Сонымен уақыт өте берді. Бекзат ағамыздың өміріне қатты қызығып, зерттеу жұмыстарын бастадым. Ағамыз туралы қандай да бір газет журналдар шықса, сол жерін қиыа алып, сақтап жүретін едім. Мектепте кезінде сыныптастарым небір әңгімелерді айтып жатқанда, тақырыпты Бекзат ағамызға қарай бұрып жіберетінмін. Сабаққа да анда-санда баратынмын, көбінесе жаттығу жиындарында, жарыстарда болатынмын. Бір күні сыныптастарымның: «Сен өзің Бекзатқа ұқсайсың ғой! – деп айтқаны әлі есімде. Қазақта «Болмасаң да ұқсап бақ», – деген сөз бар. Десек те, достарымның айтқан бірауыз сөзі осы киноға түсуіме өз септігін тигізген болар. Спортпен біржолата қоштасқаннан кейін, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына оқуға түстім. Уақыт сырғи берді. Бекзат туралы фильм түсірілсе, сол кісінің рөлін сомдасам деген арман-қиялмен жүрдім. Арманымды ең алғаш қазақ эстрадасындағы өте танымал бір ағама айтып көрдім. Ол кісі ойымды ұнатып, бірден демеуші іздеуге кірісті. 100 пайыз сенімді болған соң, мені Түркістанға ата-анасының рұқсатын алуға жіберді. Біздің ұсынысымызды қабыл алғанда, төбем көкке жетті. Батыр ағамыздың ата-анасы ақ батасын берген кездегі қуанышқа не жетсін. Осылайша, қуанышты жаңалықпен Алматыға оралдық. Әлеуметтік желілерден «Бекзат Саттарханов туралы фильм түсіріледі екен, басты рөлді өте танымал, пәленше деген актер ойнайды екен» деген ақпаратты көзіп шалып қалды. Тіпті түсірілім кезіндегі суреттерді де жүктеп қойыпты. Демеуші тауып берген ағамыз әлгі суреттерді көргеннен кейін, «кешіктік-ау» деп сан соғып қалды. Көңіл-күйім қатты түсіп кетті. Алайда, арада 2-3 апта өткеннен кейін, фильм түсіріп жатырмыз деп жарияға жар салып жүргендердің жұмыстары тоқтап қалыпты деген ақпаратты естідім. Іштей қуандым. Алланың қалауымен сол жылы қажылық сапарға аттандым. Қазір еске алған сайын толқып кетем. Өйткені, Қағбаны бірінші көргендегі дұға кері қайтарылмайды дегенді естіп алған соң, Қағбаның алдына барғанда ең бірінші отбасымның, елдің амандығын тіледім. Екіншіден, осы фильм түсірілсе, Бекзат ағамыздың рөлін ойнасам деп тілегім орындалса екен дедім. Уақыт өте берді. Осы фильмде басты рөлді сомдай аламын деп қаншама есікті қақтым, қанша жердің табалдырығын тоздырдым. Ақырында, ештеңе шықпады. Соған қарамастан, осы киноға түссем деген арман маза бермеді. Өйткені, «Қағбаның алдында тілеген едім ғой» деген ой санамда тұрды. Бұл 2014 жыл еді. 2017 жылы Астана қаласындағы Астана Мюзикл театрына жұмысқа шақырту алдым. Фильм туралы мүлдем күдерімді үзген кезім. Тіпті ойыма да алмай жүрдім. Күндердің күнінде бейтаныс бір нөмірден қоңырау түсті. Қоңырау шалған адам өзін режиссер Мұрат Бидосовпын деп таныстырды. Бірінші сұрағы «Бокстан хабарың бар ма?» болды. Мен «Ия» деп жауап бердім. Онда кешке кездесейік, ақылдасатын шаруалар бар деді. Мен келісіп, кешке шақырған жеріне бардым. Ойымда ештеңе болмады, тіпті әңгіменің Бекзат туралы болатынын да білген жоқпын. Содан амандасып жатқан кезде, менің түр-тұлғама, бойыма көз тастап қарап алды. Сосын «Не жейсің, кел отыр» деп қасына жайғастырды. Ол кісінің қасында «Еларна»-ның директоры Арман Балтабай мырза да бар еді. Ол «Бұрын киноға түсіп көргенсің бе?» деп сұрақ қойды. Мен «Түсіп көргенмін, бірақ эпизодқа ғана» деп қысқа жауап қайтардым. Біраз уақыттан кейін бокс туралы не үшін сұрадыңыздар деп әңгімені әрі қарай өзім жалғастырдым. Арасында Бекзат Саттарханов туралы фильм неге түсірілмейді, сол кісінің рөлін сомдағым келеді деп айтып қалдым. Екеуі бірден бір-біріне таңдана қарап, «біздің де ойымыз сол, Бекзаттың рөліне актер іздеп жүрміз» деп күлді. Сол кезде шынымды айтайын, бір түс көріп отырған сияқты отырып қалдым. Содан әңгіме қызды. Бекзат ағамыз туралы біраз қызықты деректерді айтып бердім. Отырыстың соңында Мұрат ағамыз маған қарап, -«Ал Самат дайындал, бір айдан соң түсірілім басталады!», – деді. Мен әлі де түс көргендей күйде болдым. Аң-таң болған қалыпта үйге қайттым. Міне, бұл жобаға осылай келдім. Мұның түс емес, шынайы өмірде болып жатқанын, түсірілімнің алғашқы күні бірақ сезіндім. Түсірілімде образ бойынша қатты қиналған жоқпын. Режиссердің қойған талабын бірден қағып алуға тырыстым. Тек жарыстағы жекпе-жектерді түсіріп жатқан кезде аздап шаршап қалатынмын. Өйткені, түсірілім болған соң бірнеше дубль болады және ол бірнеше сағатқа созылады. Есте қалғаны, Түркістандағы түсірілім. Көшедегі төбелестерге түсіп жатқан кезде, жағымнан қатты соққы алдым. Байқасаңыздар, фильмнің бас жағында бетім ісіп кеткен еді! – қорытындылады өз сөзін Самат Әзімқұлов.

«Бекзат» фильмі алға мақсат қойып, үлкен жетістікке жетудің жолын көрсетеді. Тек спортта ғана емес, өмірде де күресе білудің, бәсекеге қабілетті болудың қандай екенін көрсетеді.

Мәди МҰХАМЕДҚАЛИ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий