Қашықтан оқытудағы мұғалім құзіреттілігінің маңызы

Әлемде болып жатқан төтенше жағдайға байланысты білім саласында тың өзгерістер орын алды. Төртінші оқу тоқсаны ұстаздар мен оқушылар үшін ерекше жаңалықпен басталды. Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі ұстаздарға қойылатын талаптың жоғары екенін ескерсек, Назарбаев Зияткерлік мектептері ДББҰ-ның стратегиялық жоспарының нәтижесінде көктемгі демалыс күндері ұстаздардың қашықтан оқыту технологиясын игеру мақсатындағы білім жетілдіруіне арналды. Расында, бұл кезең қашықтан оқытуда АКТ –дың мүмкіндіктерін игеру арқылы ғана оқушыға білім беруді оңтайландыруға болатынын дәлелдеді.

Алпауыт елдердің бірі Америка құрама штаттарында 1995 жылдан бастап жоғарғы оқу орындарының 58% қашықтықтан оқыту технологиясына тәжірибе жасап, бұл технологияның тиімді екенін алға тартқан. Бұл тұста оқытушының ақпараттық құралдармен жұмыс істеуге тәжірибеде дағдылануы қажет екені бесенеден белгілі. Біздің тәжірибемізде де заманауи технологияны пайдаланып, сапалы білім беруге болатыны дәлелденді. Осыған орай Қызылорда қаласындағы НЗМ-нің әкімшілігінің ұйымдастыруымен өткен әрбір онлайн басқосулар өте мазмұнды өтті.

Оқушылармен тікелей байланыста отырып, қазақ тіліндегі 4 дағды бойынша 40 минуттық сабақ өтудің тиімді тұстарын ерекше атап айту керек. Бүгінгі таңда қолданыстағы өте тиімді Microsoft Teams бағдарламасы арқылы тыңдалым мен айтылым бойынша жұптық диалогке түсу, топтық тапсырманы орындатуда кедергісіз жүзеге асуда. Бір мезетте барлық оқушының тапсырманы орындап, өзін өзі бағалауы арқылы сабақ мақсатына жетуі, жазылым тапсырмасын бір мезетте орындап, нақты уақыт аралығында кері байланыс беру сынды нәтижеге бағытталған жұмыс алгоритмін ұстаздар күн сайын жетілдіруде. Ең бастысы, білім алушыларға барынша қолдау көрсетіп, тапсырманың шектен тыс күрделі болмауын, бағалау құралдары мен тапсырманы орындау нұсқаулығының нақты болуы ескерілуі шарт.

Microsoft Teams бағдарламасындағы оқушылардың қабілеті мен білім деңгейіне қарай сараланған тапсырманы бағалау тиімділігі маған ерекше ұнады. Оқушылар жұмысына дер кезінде сапалы кері байланыс берудегі бағдарламаның тиімділігі уақытты үнемдеуге мүмкіндік беруде. Сондай-ақ жазылым тапсырмасында оқушыларға академиялық шынайылықты сақтаудың аса маңызды екені алдын ала ескертілді және талап етілуде. Кейбір шалғай ауылдардағы білім алушылардың түрлі қиындықтары ескеріліп, барынша қолжетімді әлеуметтік желілер арқылы тапсырманы орындауларына мүмкіндік жасалуда. Күнделікті жұмыс кестесі жоспарлы түрде жүзеге асуда. Түске дейін сабақ берумен айналыссақ, түстен оқушыларға жеке консультация беру, қосымша сабақтар жүргізу жүйелі жүргізілуде. Осы бағдарлама аясында сабақты бірлесіп жоспарлау да толыққанды жүзеге асуда.

Ниетің мен әрекетің дұрыс болса, алынбайтын қамал жоқ екеніне қашықтан оқыту нақты дәлел болды. Мұғалімнің кәсіби құзіреттілігі-оның жан-жақты білімінен, ұстаздық шеберлігімен, оқытудың заманауи амал-әдістерін меңгерумен өлшенеді. Өмір бойы білім алу арқылы ғана мұғалімдер жылдам өзгермелі заманның ағымына ілесе алмақ. Қашықтан оқытудың да өзіндік қиындықтары бар, алайда көш жүре түзеледі. Ұлы Абайдың: «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» демекші, НЗМ-нің ұстаздары еліміздегі білім көшінің алдында келе жатқан майталмандар екенін дәлелдеді.

Гаухар МАНАНБАЙ, 
Қызылорда қаласындағы Назарбаев
Зияткерлік мектебінің мұғалімі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий