Оқушы кәсіпкерлерге жаңа бизнес көзін ұсынды

Өскемен қаласы химия – биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 10 сынып оқушысы Ұлпан Қайырбаеваның «Қуат көзін беретін элементтерді екінші рет кәдеге жарату мәселесі» атты зерттеу жұмысы Германияның Мюнхен қаласында 2020 жылдың 8-10 сәуір аралығында өткен «Білім мен ғылымды модернизациялау жағдайында инновациялық процестерді басқару» II Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының материалдар жинағының құрамына енді.

Аталмыш жұмысты Ұлпан жоба жетекшілері Өскемен қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің химия пәнінің мұғалімі, химия ғылымының магистрі Жанар Абишева мен С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті. п.ғ.к, доцент Батима Тантыбаеваның жетекшілігімен жасаған.

Ұлпанның алынып отырған тақырыбы бүгінгі күнде өте өзекті. Өйткені, қазіргі техника заманында кез-келген құрал батарея немесе аккумуляторсыз жұмыс істеуі мүмкін емес екені түсінікті.  Ел аузында батарея деп айтылатын қуат көздері немесе гальваний элементтері қайта қуаттандыруды қажет ететін және қажет етпейтін болып бөлінеді. Қайта қуаттандыруды қажет етпейтін батареялар екінші рет қолдануға жарамсыз болғандықтан тұрмыстық қалдық болып табылады. Бұл элементтердің құрамында әр түрлі ауыр металдармен (қорғасын, мырыш, сынап) қатар қоршаған ортаны ластандыратын заттар кездеседі. Қоршаған ортаға түскеннен кейін мұндай элементтер табиғатқа зиянын тигізеді. Сондықтан осындай қуат көзін беретін элементтер қоқысқа тасталмай, жинақталып, екінші рет кәдеге жаратуға жіберілуі керек. Ол элементтерді бөлек жинап, арнайы орындарға өткізу халықтың саналылық деңгейінің жоғары болуын көздейді. Сонда гальваникалық элементтердің екіншілік кәдеге жаратуға жіберілуі тек табиғатты қорғау тұрғысынан ғана емес, экономикалық жағынан тиімді болады.

Зерттеу барысында мынадай мысал келтіріледі: “Егер батареяны қоқысқа тастасақ, онда қоқыс өртелетін болса зиянды заттар атмосфераға таралады. Ал арнайы қоқыс үйетін орынға жиналса онда олар топырақты ластайды. Бір саусақ тәрізді батарейка тұрмыстық қалдықтың 0,25% құрайды және өз кезегінде 20 кв.м. жерді, 400л суды ластайды. бір кірпі, екі көртышқан және мыңға жуық жауын құрты зардап шегеді. Жалпы қоқыстағы уытты металдардың 50% құрайды. Ал қайта өңдеу нәтижесінде 100 дана саусақ тәрізді батарейкадан 100 графит карандаш,1 кг марганец тыңайтқыштарын, 3 турки латунь (цинк) алуға болады”.

– Жоба 2 жыл бойы жүргізілді, тақырыбы маған ұнады, себебі қазіргі таңдағы өзекті мәселе -экологиялық ахуал туралы болды, яғни қолданыста болған батарейкаларды (қуат көзин беретин элемент) қайтадан өңдеу. Жобаны таңдауға Жанар Семейхановна жане Батима Сметаевна көмектесті, одан кейінгі практикалық жұмыстар, теориялық бөлігін, экономикалық есептеулерді жүргізе бастадық. Ең маңыздысы, бұл жоба – касіпорынның немесе зауыттың көмегімен іске аса алады, себебі технологиялық процесстің желісі макет түрінде жасалынды. Қаржылай есептеулер де жүргізілді. Біз республикалық ғылыми жобалар сайысынан бас жүлделерді де жеңіп алдық, университеттерде форум, конференцияларында жоба таныстырылды. Ал бұл жинаққа кіруі, әлемдік деңгейге жетудің бір қадамы. Ең үздік жобалардың қатарына кіріп, бағалануы үлкен жетістік деп ойлаймын, – дейді жас зерттеуші Ұлпан Қайырбаева. 

 

Жобадағы есептеулердің нәтижесінде, батареяларды кәдеге жарату – бизнес көзіне айналуы әбден мүмкін деген қорытынды жасалған.

Ал кәдімгі батареялар тұрмыста кең қолданылатындықтан, оларды жинауда тұрғындардың жауапкершілігі маңызды, яғни басқа тұрмыстық қалдықтардан жеке жиналуы керек. Жоба жұмысын қорытындылай келе, ізденімпаз оқушы:

– Тұрғылықты орында осындай батареяларды өңдейтін кәсіпорын іске қосылса онда қоршаған ортаны қорғау мәселесімен қатар, өндіріс қажетін қанағаттандыратын бағалы заттар да алынар еді. Сондықтан еліміздің бизнесмендеріне айтар тілегіміз, қолданыста болған батареяларды далаға тастамай, өңдейтін кәсіпорын салған әлдеқайда тиімді болар еді, – деген тілек білдіреді. 

 

Өскемен қаласы Назарбаев зияткерлік
мектебінің баспасөз қызметі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий