Рухани жаңғыру: Мәңгілік елдің мұраты

Осыдан үш жыл бұрын Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жарық көріп, Ұлт санасының жаңғыруын мақсат еткен бағдарламалық құжат екендігі Қазақстан халқымен мақұлданды. Елбасы кез келген жаңғырудың ең алдымен Ұлттық болмысқа, дәстүрдің замана сынынан сүрінбей өткен құндылықтарға негізделуін қадап айтқан еді. Бұл іргелі мақаланы халық Мәңгілік Ел мұратын жүзеге асырудың түп негіздерін көрсетіп берген тұжырымдамалық бағдарлама ретінде қабылдады. Бағдарламалық мақаланың халқымызға рухани жол көрсететін нақты бағдар екеніне күмән болған жоқ. Нағыз ұлттық жаңғыру тек Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгенде ғана, Елбасының ұзақ мерзімді стратегиясының негізінде басталды деп айтуға толық негіз бар.

Қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталып отырған осы идеяның ұсынылуы уақыт талабы мен ел дамуының тарихи кезеңіне сай, маңызы зор шешім болып табылды. Озық идеяның үшінші жаңғырудың өзегіне айналуы, елімізге мүлдем жаңаша сипат, тың серпін әкелді. Сананы рухани жаңғыртуға бәсекеге қабілетті, білімді елдің ғана шамасы жетеді. Сол себептен Елбасы рухани жаңғырудағы ұлттық сананың рөліне баса назар аударып, бірнеше міндеттерді айқындап берген болатын. Елбасы аталған мақалада жаңаша бастау алатын «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынған. Нәтижесінде, еліміздің әрбір азаматы өзінің туған жерінің гүлденуі үшін нақты үлес қосуға ұмтылды. Жас буын өкілдері халықтың игі дәстүрінен тәлім алып, ұлтжандылық, патриоттық қасиеттерді бойына сіңіріп өсу үшін нақ осындай бағдарламаның маңызы зор болды.

Еліміздің ұлттық білім беру жүйесінде «Қазақстандық патриотизм» ұғымы қолданылып келеді. «Қазақстандық патриотизм» арқылы Отан, туған жер, ел, атамекен, туған өлке туралы түсініктер оқу-тәрбие үрдісінде, сабақтан тыс іс-шараларда Отансүйгіштік сезімді дамытуға, ұлттық салт-дәстүрді сақтау, мемлекеттік рәміздерді құрметтеу сияқты сезімдерді оқушылар бойында қалыптастыру жүзеге асырылуда. Ең бастысы – жас ұрпақ бойында Отанға, туған еліне деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастыру еді. Жастар тәрбиесіндегі басты ұстаным-өзін-өзі басқаруға мүмкіндік беру, еркіндікті, сөз бостандығын, пікір бостандығын сездірту және олардың ұстанымдарымен санасу. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті Елбасының «Туған жер» бағдарламасы – жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу ісінде баға жетпес ұстаным болып табылды.

Елбасы рухани жаңғырудағы ұлттық сана-сезім көкжиегін кеңейтуде екі нәрсенің басын нақты ашып берген еді. Оның бірі ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғырудың болмайтындығы. Ал, екіншісі алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту. Мұндағы басты идея болашақ пен өткенді үйлесімді сабақтастыра білу. Тұңғыш Президентіміздің бұл идеясы тарихқа деген көзқарасты түзету және ұлттық бірегейлікті сақтап, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту жайлы айтылған болатын. Бұл орайда ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту мен Мәңгілік ел идеясының өміршеңдігін адамзат қоғамына паш ету-қазіргі ұлттық сананы дамытудағы заман талабы болып отыр.

Мәңгілік Ел идеясы – ұлтымыздың ғасырлар бойғы асыл арманы. Оның негізінде саналы тіршілік иесінің қоршаған ортаны игеруге деген мол құштарлығы жатыр. 2014 жылдың басында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының ХХІ ғасырдағы Қазақстанның ұлттық идеясы – «Мәңгілік Ел» деп жариялады. Осылайша кемел келешекке байсалды қадамдар жасау жолындағы тәуелсіз Қазақстанның көздеген заманауи мақсат-мұраты рухани құндылықтармен сабақтасып жатқаны, ал біз Еуразия түркілерінің қара шаңырағын ұстап қалған нақты мұрагері болып табылатынымыз дәлелденді. Ежелгі түркілер аңсаған Мәңгілік Ел – бүгінгі Қазақ мемлекеті. Елбасы Н.Назарбаев «Мәңгілік ел – ата-бабамыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы екенін, ол арман әлем елдерімен терезесі тең қатынас құратын, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын тәуелсіз мемлекет атануы екендігін, сондықтан Қазақ елінің ұлттық идеясы – Мәңгілік ел», – деп ұлттық идеяның ғасырлар бойы орын алған үндестігін жариялады.

«Мәңгі ел» идеясы дүниеге келген сегізінші ғасырда байырғы түркілер саяси, экономикалық, әлеуметтік, өркениеттік дамудың биік шыңына көтерілген еді. «Мәңгі елді» ұлықтаған Орхон ескерткіштерінде, яғни Бумын, Күлтегін, Тоныкөк замандарында мемлекеттің, тіпті империяның тағдыры халықаралық ахуалдан, яғни экономикалық, сауда-саттық, дипломатиялық қатынастардан гөрі соғыс қорытындысымен шешіліп жататыны көзге түседі. «Бейбітшілікті аңсасаң, соғысқа даярлан», деген емес пе халық даналығы. Ғұлама ойшыл, сазгер, қобыз жасаушы Қорқыт бабамыздың өлімге қарсы тұрып, мәңгі өмірге ұмтылуы, тек Қорқыттың ғана емес, сол замандағы билеушілердің елдің мәңгі өмір сүруін қалағандығын білдіреді. Мұхтар Әуезов Қорқыттың мәңгілік өмір туралы толғаныстарының негізгі философиялық түйініп аша келіп, оның болашақ ұрпақ үшін дүниетанымдық маңызы зор, мәңгілік мұра екенін атап өткен.

Қазақ халқы арасында тараған аңыздардан Қорқытты бірде айтулы күй атасы ретінде көрсек, енді біразында ол өлім атаулыға қарсы шара іздеген қамқоршы ретінде көрінеді. Қорқытты мәңгі өмірді іздеген, бақилық болғысы келмеген деген түсінікті, халқына жерұйықты іздеген Асан Қайғымен түсіндіруге болады. Асан Қайғы өз халқы үшін ең қолайлы, ең құнарлы жерді іздегендігі белгілі. Утопиялық көзқарастағы Асан қайғының жерұйықты іздеудегі мақсаты, халқының жайлы жерге қоныстанып, болашақта мәңгі ел болуын қалаған. Еуроцентристік көзқарас бойынша түркі тілдес халықтардың ынтымақтастығына деген сын айтушылар көп. Түркі интеграциясын Мұстафа Шоқай, Тұрар Рысқұлов және Кемал Ататүрік бастаса, кейін нақты практикалық шараларды қолға алған  Елбасының шешуші саясаты екендігіне дау жоқ. Нұрсұлтан Назарбаевтың түрік халықтарының бірлігін нығайтудағы тарихи рөлінің қаншалықты маңызды бағаланғаны, тіпті халықаралық ұйымдар басшыларының пікірлерінен де  аңғаруға болады. Қазақстан Халықаралық «Түрксой» ұйымына қолдау көрсетіп, түрік дүниесінің барын бағалап, жоғын түгендеуге жол сілтеді. Халықаралық аренада Қазақстанның беделі нығайған сайын, түрік мемлекеттерінің бірлігі идеясы ашық әрі табанды насихаттала бастады.

Ұлт көшбасшысы «Тарих толқынында» атты еңбегінде: «Тарихтың алға қойып отырған өктем талабы әрбір түрік еліне әртүрлі салада саяси, экономикалық, мәдени және гуманитарлық тәсілдермен бірігу проблемасын шешудің бәріне бірдей тең институттық тетіктерін жаппай-тұрмай іздестіруді міндеттейді» [1], — дей отырып, түрік мемлекеттері интеграциясының тиімді жолдарын іздеу қажеттілігін көрсетті. Жүсіп Балағұнның «Құтты білік» дастаны Қарахан мемлекеті түріктерінің тілінде жазылғаны белгілі. Жүсіп Баласағұн «Құтты білікті» 1069-1070 жылдары Баласағұн қаласында бастап, он сегіз айдың ішінде Қашқар қаласында аяқтаған. Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» шығармасы, араб-парсы әдебиетінің көшірмесі емес. Дастанда X–XI ғасырлардағы Жетісу жерінде тұрған тайпалардың салт-санасы, әдет-ғұрыптары, наным-сенімдері көп жырланған. «Құтты білік» кейіпкерлерінің есімдері де бұрынғы тәңірілік дін нанымдарына қатысты. Басты бейне Күнтуды — әділ ел басшысының рәмізі. Бұл бейне «Күлтегін» жазуларынан басталып, әл-Фараби мен Қожа Ахмет Иассауи армандаған түрік мәдениетіндегі үлгі, мұрат тұлғаның бастысы. Жүсіп Баласағұнның басты кейіпкер қылып Күлтегінді көрсетуі түркі мәдениетін жалғастырушы, Мәңгілік ел бағдарының қолдаушысы екендігін айқындайды [2].

XVIII ғасырда Қазақ хандығының басын қосып, айдаһардай Қытайдың аузына түсірмей, ақырған аюдың тырнағынан аман алып қалған Абылай ханның саясаты түркілік мәңгілік ел идеясын жандандырушы тұлғаның ерлігі. Шығыстағы ежелден дұшпанымыз қытайлар жоңғарларды қазақ жеріне айдап салып, сол арқылы қазақ жерін де, жоңғарларды да өзіне қарату еді. Осы соғыста не қазақ, не жоңғар, болмаса екеуі де құруы керек екендігі алпауыт елдердің жаттанды саясаты еді. Қазақтың бақытына орай Абылай хандай дара тұлға тарих сахнасына келді. Нәтижесінде бұл соғыста қазақ емес, жоңғар 1758 жылы тарих сахнасынан мүлдем жойылып кетті. Ел басына түскен үлкен қиыншылықтан Абылай хан бабамыз елді біріктіріп, жұмылдырып, соның арқасында қазақ елін аман сақтап қалды. Ендеше, Абылай хан елді біріктірген ұлы тұлға және «Мәңгілік ел» идеясын жалғастырушы екендігін мақтанышпен айтуға болады [3].


Мәңгілік Ел — жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы. Бабаларымыздың арманы. Елбасының бастамасымен Астанада асқақ рухымыз бен мәңгілік мұраттарымызды паш етіп тұрған «Мәңгілік Ел» салтанат қақпасының салынуы «Мәңгілік Ел» идеясының мелекеттік идеологияға айналғандығының бір дәлелі. «Мәңгілік Ел» сөзінің терең тарихи тамыры және үлкен мағыналы мәні бар. Түрік шежіресінде «мәңгі» сөзі «Тәңір», «Құдай», «Алла» сөздерімен мағыналас қолданылды. Осыдан кейін, «Мәңгілік Ел» «Алла Тағаланың елі, халқы» дегенді білдіреді және мемлекет пен ұлттың уақытпен шектелмеген тұмары болады деуге толық негіз бар. Мәңгілік Ел ұлттық идеясының негізгі мәні — мәңгілік мақсат-мұраттарымыз бен мәдени-рухани құндылықтарымызға негізделген, мемлекет құрушы қазақ халқы мен өзге де ұлттардың ұлттық идеяларын бір арнаға тоғыстыратын идеология арқылы қалыптастырылатын қазақтың ұлттық мемлекеті. Мәңгілік Ел ұлттық идеясы дегеніміз — өткенімізден сабақ ала отырып, болашағымызды баянды ету жолындағы хақ мұраттарымыз!

Тұңғыш Президент Рухани жаңғыру және Мәңгілік Ел құру жолындағы асыл мұраттар тек отансүйгіштік рухта тәрбиеленген болашақ ұрпақтың қолында екендігін дәлелдеп берді.  Бұл мұраттар ел ішіндегі тұрақтылық пен тұтастықтың бірқалыпты дамуының шешуші факторы болып табылатын ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімге бастайды. Ал, бұл құндылықтар «Мәңгілік ел» жалпыхалықтық идеясында көрініс тапқан. Мәңгілік елге айналу үшін тәуелсіздікті сақтап, елдігімізді нығайту басты мақсат болып табылады. Өйткені, тәуелсіздік ұғымы халқымыздың асыл қазынасы, ғасырлар бойғы арманына айналған, сонау алаш тұлғаларының зердесі мен өнегесімен келген аманат дүниесі.

Мадина Әнуарбекқызы МЫРҚАСЫМОВА, 
Дулати университетінің аға оқытушысы,
Тараз қаласы, Жамбыл облысы

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

6

Добавить комментарий