ШҚО оқушылары қашықтан қалай білім алуда?

Шығыс Қазақстан облысында мұғалімдерге қашықтан оқыту бойынша әдістемелік қолдау көрсетілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елімізде Төтенше жағдай кезінде оқушыларға интернет және теледидар арқылы сабақ өткізудің 2 түрі ұйымдастырылған болатын. Бірінші бағыт Kundelik.kz, Bilimland.kz және Daryn.online.kz интернет-платформалары арқылы жүзеге асырылуда. Осы форматта Шығыс Қазақстандағы 248 елді мекенде 430 мектептің 172 437 оқушысы (91,5%) оқып жатыр. Екінші бағыт – телесабақтар. Интернет жылдамдығы төмен 218 елді мекенде тұратын 15 841 оқушы (8,5%) El Arna, Balapan және Qazaqstan телеарналары арқылы білім алуда.

– Қазіргі уақытта мұғалімдердің де жұмысы көбейіп, ата-аналардың ұстаз еңбегіне деген көзқарастары өзгерді. Сондықтан оқушылар мен ата-аналар да түсіністікпен қарап, өз үлестерін қосуы қажет деп ойлаймын. Сын сағатта олар бірлесе әрекет еткен жағдайда қашықтан оқытудың нәтижесі оң болады, – дейді ШҚО білім басқармасы «Шығыс» әдістемелік орталығының директоры Мұңлық Асанова.

Оның айтуынша, мұғалімдерге әдістемелік қолдау көрсету мақсатында әлеуметтік желілер арқылы интернет платформаларда жұмыс істеудің алгоритмі ұсынылып, «Оқушымен кері байланысты қалай орнатасың?», «Оқу материалдарын қалай әзірлейсің?», «Қандай цифрлық платформаларды қолданасың?» сынды тақырыптарда семинарлар ұйымдастырылған. Қашықтан оқытудың екінші аптасынан бастап аймақтағы 2000-ға жуық мұғалімнің іс-тәжірибелері зерделеніп, әр пән бойынша 1700 сабақтың жоспары жасалды.

– Интернет-платформалармен жұмыс істеу тәжірибесі аз 400 педагог білім беру ұйымдары республикалық қауымдастығының қысқа мерзімді вебинар курсынан өтуде. Қашықтан оқытуды сапалы ұйымдастыру мақсатында облыста жобалық кеңсе құрылған. Бұл оқыту процесін үйлестіріп, техникалық қолдауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – дейді Мұңлық Асанова.

 

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий