Ерлігі өшпес – ер атам

Ұлы Отан  соғысы… Жеңіске биыл 75  жыл. Жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, ұмытылмайтын мұңды жылнама. Сан жүректі жаралап, қанмен, термен, жаспен, еңбектің ауыр күшімен   келген зардапты жеңіс. Баласын әкесінен  айырып, ананың қос  етегін  жасқа  толтырған, сарғайған  сағынышпен сүйгенінің жолына қарап күндерін өткізген  жаралы жандардың көз жасынан тұратын жойқын соғыс. Соғыс деген жеңіс деген сөз ғана емес, біздің жарқын болашағымызды жоспарлайтын сойқан тарих тағылымында сайрап мәңгі ізін қалдырған жазылмас жара.

Ал, сол сұрапыл соғыстың алғы шебінде болып, жауға қарсы майданға аттанған ардагерлерді ұмыту   қалайша  мүмкін болмақ? Елі  үшін, туған  топырағы  жері  үшін жанын қиюға дайын майдангерлердің арасында менің атам да бар. 1924 жылы қыркүйектің он бесінде Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында Ұлы Отан Соғысының ардагері Әли Әбутәліп Шырманұлы  дүниеге келген. Балалық шағы бәрімен бірдей  қарапайым отбасында, ауыл молдасынан хат танып, білім жолымен өтті. Бар жоғы жетінші сыныпты бітірген, жазуы өте әдемі, ерекше болған деседі. Бұл қабілеті содан соң қызына тараған.

1941 жылы Ұлы отан соғысы басталғанда атам небәрі 17 жаста еді. Әскерге қабылдану мерзімінің ере екендігіне қарамастан, өз еркімен соғысқа аттанған. Жас болса да, бас болып, қайсарлығымен ерекше көзге түскен. Соғыстың жеңілі  қайдан болсын, қарны ашып, қара  жерді  төсеніш  етсе де,  елі үшін еш тайсалмаған  атам  жайлы  естелікті тыңдаудан жалықпадым. Киев қаласының маңында соғысып, аяғынан ауыр жарақат алады. Маңайында қол ұшын беретін тірі жан болмағаннан кейін, шарасыз күйде қиналып жатып, алыстан итке жеккен шананы көзі шалып, алға қарай ұмтыла түседі. Жақындаған мезетте шананың артына жабысып, жаны қалады. Құдды ит атама жіберілген періштедей болып, госпитальға дейін сүйреп алып келеді. Госпитальда ұзақ емделіп, аяғын кеспесе болмайтындай дәрежеге түседі. Ақырында аяғынан айырылып, мүгедек атанған.

Елге келгеннен кейін ерең еңбегінің құрметіне көлік тағайындалып, сыйақы берілген. Көп ұзамай екінші қосағын тауып, үйленіп, балалы шағалы  болған. Нағыз махаббатың  иесі  деп атамды айтса болады. Атам  жайлы  естіген  естеліктерімді  жазып  тауыса алмаймын. Өйткені  ол  жайында оның  көзі тірі ұл – қыздары  үнемі естеріне  алып отырады: – Достары жары екеуін көрген кезде, Қыз Жібек пен Төлегенсіңдер» деп мақтауын асыратын. Балаларына керемет үлгі көрсете білген шын ғашықтар болған. Бір  аяғынан айрылса да балық аулап, бақшаны баптайтын болған. Жеңіс  туралы әндерді жақсы көріп, сүйіп тындайтын. Жүгірген кезде ешкімді жеткізбеген, бұл дегеніміз жарымжан күйге ұшыраса да өмірге деген сенімнен, бойындағы күші мен қуатынан айрылмағандығының айқын белгісі.

Жыл сайын екі рет емдеп сауықтару орталықтарына барып тұратын және Кавказдан мандариндер, гранаталар, апельсиндер ала келетін. Ол жылдары ауылда мұндай жеміс жидектер жоқтын қасы. Сүйікті жары болса күйеуіне алаңдап, ауыр көтеретініне қапаланатын, бала тәрбиесіне келгенде жеңіл желпі қарамаған, қызы жұмысқа тұрып, үйге ақша алып келсе, коммунисттік әдетінше ақшаны қайтаруды талап еткен. Өйткені, бұндай жолмен ақша алып, ырзығы артпайтынын  түсіндірген. Тіпті, жұмысқа тұрудан да қашпады. Қазіргі Жаңақорған санаториясындағы сақтау бөлімінде адал қызмет етіп жүрді. Алайда 1990 жылдың аяғында аты жаман аурумен мазасыздана бастады.

Бір ай науқастанып, тұра алмайтындай халде төсекке таңылды. Операция жасауға болатын еді, бірақ өзі дәрігерлердің уәжіне келіспеді. Мүмкін қасында жатқан адамның операциядан кейін қайтыс болып кеткеніне қорыққан шығар. ”Құдай қанша өмір сүруді жазса, сонша өмір сүремін” – деген болатын. Көбіне сөзбен емес, іспен дәлелдеуді жөн көретін, -деген  естеліктер  толассыз айтылатын. Осылайша ардақты атамыз 1991 жылы қаңтардың 24 күні 67 жасында  қайтыс болды. Саналы ғұмырында мықты ардагер, асқар таудай әке, адал жар, шыншыл кәсіпкер бола білді. Артынан ерген ұл-қыздары, немерелері мен шөберелері атамыздың батырлығын, қайтпас қайсарлығын ешқашан жадымыздан шығармаймыз және мәңгілік жүрегімізде қала бермек.

Менің  болашақтағы  арманым – журналист  болу, атам  соғысқан жерлерді  барып  көріп,  репортаждар жасау. Осы тұрғыда өзім білім алып жүрген №152  мектеп гимназияның  ардақты  ұстазы, қазақ тілі мен әдебиеті  пәні  мұғалімі, ізденісті жобаларымның жетекшісі Далбаева Атен Урустенбекқызымен бірлесіп, тарих, әдебиет сабақтарында соғыс тақырыбына жазылған шығармаларға, жазушылар өміріне түрлі зерттеу мақалалар мен репортаж, сұхбат, диалог жасап тәжірибиеден өткізудемін. Елі үшін тер төккен батыр бабаларымызды құрметтеп, қастерлеу бейбіт өмірде күн кешіп жүрген әр пенденің  парызы!  Ерлік  ешқашан ұмытылмайды!

Аружан АЛИЕВА, 
№152  мектеп гимназияның 10-сынып
оқушысы, Алматы қаласы, Алатау ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий