Все новости

Е.Бақтыгереймен кездесу өтті

Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің «Өнер және мәдениет» факультетінің ұйымдастыруымен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында жүзеге асырылған « 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Ерлан Бақтыгереймен кездесу өтті.

Өмірін өнермен, музыкамен байланыстырған жеңімпаз Ш.Қажығалиев атындағы 1-ші Республикалық дирижерлар конкурсының лауреаты, Астана қаласындағы Академиялық филармония симфониялық оркестрінің бас дирижері және көркемдік жетекшісі қызметін атқарған. Қазіргі таңда туған жері Тараз шаһарында Жамбыл облыстық филармония оркестірінің көркемдік жетекшісі, бас дирижеры болып тағайындалды.

1

Бұған дейін Татарстан симфониялық оркестірдің бас  дирижері болған Ерлан Бақтыгерей өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол деген пікірмен келіседі. Ол кездесуге жиылған қауымға еліміздің шағын қалаларындағы өнердің әл-ахуалының мәз еместігін айтып, орын алған жағдайды қалай жүйелі шешудің бірнеше жолын айтты. Бірінші кезекте музыкалық үйірмелердің толық жабдықталмауы, тәжірибие жинақтайтын орындардың жетіспеушілігі мен мамандарға төленетін айлықтың мардымсыздығы  тілге тиек етілді. Шаһарымыздағы осы мәселелерді шешуге атсалысуға ниеттенген дирижер қазіргі таңда бірнеше жобаларды ойластырып жүр.

34

Ерлан Бақтыгерей әлем сахнасын бағындырғысы келестін студенттердің сан сұрағына бір ғана жауап қайырды. Ол Қазақстанның музыкасы ұлттық болмысын әлемдік сахнаға шығарған кезде ғана өршіп дамиды дейді. Дирижердің пайымдауынша әлемде тек  классикалық композицияларды орындайтын оркестрлер жетерлік. Оларға тың, таңсық әуен қажет. Осы себепті қазақ халқына тән  ұлттық аспаптардың үнін үлкен сахнаға шығарып,  дәстүрлі бағытты классикамен қатар алып жүрген кезде  табысқа жету мүмкіндігі еселеп артатын көрінеді. Отанына деген адалдығын сөзбен емес іспен дәлелдей алған патриотқа Университет ұжымы өз тарапынан «ТарМПУ 50 жыл» медалін  тарту етті.

 

Серікбол БЕРІКҚОЖА

ТарМПУ ақпараттық-имидждік жұмыс бөлімінің басшысы,

Тараз қалалық мәслихатының депутаты

Categories: Все новости

Комментировать

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.