Таңдаған мамандығын жанындай сүйген

Жаһандану заманында мұғалімге қойылып отырған талап та, жауапкершілік те жоғары. Қарқынды өзгеріп жатқан қоғамда балаға саналы тәрбие және бәсекеге қабілетті білім берумен шектеліп қалмай, жан-жақты ғылыми шығармашылық бағыттарда жауапты жұмыстар жүргізілуі қажет. “Мектептің тірегі де, тіреуі де – оқыта білетін мұғалім”, – деп алты алаштың ардақтысы Ахмет Байтұрсынов айтқандай біздің білім ордасындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қазиева Венера Бахытжанқызы туралы жазбасқа болмады.

Себебі ол аз уақыттың аралығында жастығына қарамастан ұлағатты ұстаздардың қатарынан көрінуі арқылы таңдаған таңдаған мамандығының нағыз шебері ретіндегі мақтаулы маман атанды. Әріптестері бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиесіне зор үлес қосып жүрген ізденімпаз қасиетін құрмет тұтады. Жаңашыл ұстаз қажырлы қызметінің  нәтижесінде аудандық, облыстық байқаулардан жүлдемен оралып жүр. “Ұстаздық – ұлы құрмет» республикалық байқауының қорытындысы бойынша «Үздік педагог» төс белгісіне қоса арнайы Дипломмен марапатталған ол «Мен баланың шырағын жағу үшін мектептемін…» эссе шығармашылық сайысында екінші тұғырдан көрінді.

«Ең үздік сабақ жоспары» республикалық додасының аудандық кезеңінде бірінші орынды иеленіп, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының арнайы сыйлығы табысталды. Qaztest.kz қазақ тілді интернет олимпиада сайтында сынып жетекшілердің біліктілігін анықтау мақсатында ұйымдастырылған тұңғыш республикалық «Үздік сынып жетекшісі» аталатын ұстаздар олимпиадасында бақ сынап, жоғары нәтиже көрсеткені үшін үшінші дәрежелі Дипломға, аудандық «Озат» шығармашылық орталығының бастамасымен ұйымдастырылған «Бүгінгі білім берудегі құндылықтар» байқауында Бас жүлдеге қол жеткізді. «Үздік тіл маманы -2019» байқауының аудандық кезеңінде екінші, республикалық КИО қашықтық олимпиадасына қатысуы барысында аудан рейтінгісі бойынша бірінші орын алғаны бар.

«ZIAT» ғылыми-әдістемелік орталығының «Жас білімпаз» атты VIII республикалық оқушылардың ғылыми жұмыстар сайысында оқушысы екінші орынды иеленгені үшін жетекшісі ретінде, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Алғыс хаты мен марапатталды. Мектеп оқушылары арасындағы республикалық Әбіш оқулары байқауының қатысушыларының жетекшісі ретінде арнайы сертификаттың иегері. Білім нәрін сеуіп, тағылымды тәрбиеге баулыған шәкірттері үздіктер қатарынан көрініп келеді. Олардың қатарында: Шалбай Аяжан, Бекмұратова Мерейім, Қанатқызы Рауан, Асылханова Арайлым, Амангелдиева Мархаббат, Жақсыбаева Жібек, Нұрашов Руслан, Қуанышбаева Айым, Жайшылықова Назерке бар.

Озық оқушылары аудандық, облыстық, енді бірі республика деңгейінде жас ақындар мүшәйрасы, интеллектуалды ойындар, мәнерлеп оқу сайысы, ғылыми жоба қорғау, шығармашылық жұмыстар (эссе), шешендік пен білгірлер сайысы, театрландырылған қойылымдар көрсету, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен олимпиадалар барысында жеңімпаз атанған жүлдегерлер.

А.Байтұрсынов: – Ұстаз үздіксіз ізденгенде ғана шәкірт жанына нұр құя алады, – деп айтқандай, еңбегінің нәтижесінде оқу, іздену арқылы ғана жете алатын мұғалімдер мәртебесі қашанда биік болмақ. Ендеше, ізденісті еңбегімен мәртебелі биіктерден көрініп жүрген әріптесіміздің шығармашылық ізденісінің толағай табыстармен толыға түсуін тілейміз!

Құралай Жүрекбайқызы ФАЙЗУЛЛАЕВА,
№80 мектеп гимназияның қазақ тілі және әдебиеті
пән бірлестігінің жетекшісі, Қызылорда облысының
Қармақшы ауданы Төретам кенті

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий