Ұстаз болу – жүректің батырлығы

Педагог болу – жауапкершілгі мол, білім жолындағы ауыр жүкті арқалай отыра, білім жолына салатын қадірлі мамандық. Адам баласының шыр етіп өмірге келген сәтінен бастап, өмір жолында қалыптасып,дамуы жолында ата-анамен қатар, ұстаздың да атқаратын рөлі өте зор. Педагог – шәкіртін білім нәрімен сусындата отырып, тәлім-тәрбиені, адамгершілік қасиеттерді шәкірт бойына дарытып, өмір-өзенінде жеке индивидтен тұлғаға айналу жолындағы бағыт беруші.

Дана халқымыз педагог мамандығын қашанда жоғары санаған. Көрнекті педагог В.А.Сухомлинский : «Мұғалімдік мамандық – бұл адамтану, адамның күрделі және қызықты, шым-шытырығы мол рухани жан дүниесіне үңіле білу»- деген екен. Білімді педогог болу үшін – мінезі күннің шуағындай, айтылған сөзі маржандай, ісі нақты, шәкіртінің жан дүниесіне үңіле білетін, психолог бола білу керек. Себебі, адамды танып, оның өмір жолында дұрыс бағыт-бағдар беру педагог шеберлігінің арқасы. Қазіргі таңда елімізде педагог мәртебесін қайтарып,парасат биігіне көтеру, беделін арттыру негізінде көптеген іс-шаралар атқарылуда. Осыдан-ақ педагог мәртебесінің бар мамандықтан биік екенін анық байқаймыз.

Біз – болашақ педагогпыз. Мақсатымыз өсіп келе жатқан жас өскінді білім нәрімен сусындатып, білім қуғандардың жолына салу. Салмағы санаға салмақ түсірердей осынау аса маңызды мамандықты таңдау жолында талаптың қатал боларын ұғына отырып, педагог болуды таңдадық. Жас өскіннің жарқын болашағы мен еліміздің кемел ел болу жолындағы білімді шәкірттің тәрбиеленуі біздің қолымыздағы дүние. Осы жолдағы білімнің ауыр жүгін құлатып алмай, бүгінгі қоғамды ертеңгі күні алға сүйрейтін озық ойлы адам тәрбиелеу үшін де тынбай еңбектенуіміз керек. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» – деп Абай атамыз айтандай, ұстаздық жолда үйрене жүріп үйретіп, шәкірт санасына ақыл-ой, адамгершілік пен ұлттық құндылықтарымызды бойына сіңіре отырып, ұлтжанды азамат тәрбиелеу педагогтық міндетіміз.

Педагог мамандығын таңдай отыра білім іздеу жолында қыры менен сыры мол, қиын әрі жауапты болып келетін, жан-жақтылықты талап ететін мамандықты таңдадық. Пайдалы біліммен бөлісіп, жақсы мен жаманды, ақ пен қараны ажыратуды үйретіп, өмірлік тәжірибемізбен бөлісе отырып шәкірт жанашыры, ақылшысы, бағдаршысы бола білу біздің алдағы міндет. Және де бұралаңы көп жолдардан сүрінбей өтіп, жүректерінде арман оты жалындап тұрған жеткіншектер жанына білім дәнін себу де бір өнер деп білемін. Педагог болу жолымда жақсылықтың жаршысына айналатын, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, есепке келгенде есесін жібермейтін, өмірде өзім ғана дейтін емес, өзгелерді де бақытқа жету жолына жетелейтін ұрпақтың өсіп-өнуі негізінде аянбай еңбек еткім келеді.

Бибігүл ЖЫЛГЕЛДІ, 
ТарМПУ қазақ тілі мен әдебиеті
мамандығының 4 курс студенті

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий