әл-Фараби идеясының қазіргі қоғамда алатын орны

Кез келген қоғам өзінің тарихи дамуында мәдениеті, философиясы, ғылымы, тұлғалардың ел мүддесіне қосқан үлестері арқылы ерекше көзге түсіп отырады. Заман өзгеріп, қоғамдық дамуда жаңа дүниелер пайда болып жатқанымен, оның мәдениеті қашанда халықтың рухани болмысының тереңдігіне тәуелді. Бұнсыз қоғам еш уақытта дамымайды. Қоғамның әлеуметтік-мәдени дамуы дегеніміз қоғамдық сана түрлерінің уақыт, ел мүддесінің талабына сай қызмет атқаруы. Қоғамдық сана түрлерінің (дін, дәстүр, мәдениет, білім, өнер, ғылым, экономика және тағы да басқалар) уақыт талабына сай, өз деңгейінде қызмет атқаруына ықпал ететін қоғамның мәдениеті.

Қоғамның мәдениеті оның ақыл-парасатына тәуелді. Мәселен білім, еңбек, өнер-білімге құштарлық, осы әлеуметтік құндылықтарды жеке адам мен қоғам болмысында біріктіріп отыратын кісілік қашанда мәдениеттіліктің негізі болып табылады. Бұны біз не себептен айтып отырмыз? Биылғы жыл еліміз үшін тарихи даталарға толы. Мемлекет тарапынан Әл-Фарабидің 1150 жылдығын, Абайдың 175 жылдығын атап өту жоспарланды. Мәдениетіміздегі әлемге белгілі тұлғалардың мерей тойын атап өту дегенді құр той тойлау деп түсінбеу керек, олардың идеяларын, ілімдерін қоғамға насихаттау, тәжірибелерін зерделеу қазіргі уақыт жағдайында ел алдында тұрған өзекті мәселе. Ойшыл адамдардың білімі, кейбір идеялары өз заманында толық көріне бермейді. Әсіресе Әл-Фарабидің философиясы адамзат қоғамының өркениетті дамуын негіздеуге бағытталған.

Осы себептен әр ғасырдың тұсында ойшыл даналығының жаңа қырларынан танылып отыруы заңдылық. Оның үстіне қазіргі уақыт жағдайында Әл-Фараби мен Абайдың руханилық, ақыл-парасатылыққа қатысты айтқан ойлары аса қажет. Ойшылдардың даналығын ұрпақтың жаңа биіктіктен зерттеуін талап етіп отырған уақыттың өзі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында атап көрсеткендей, «Біз егемен ел ретінде өсіп-өркендеуіміз үшін мемлекетімізді нығайтуымыз керек. Заң үстемдігін және қоғамдық тәртіпті сақтау баршаға ортақ міндет екенін ұғынған жөн. Халықтың билікке деген құрметі болмаса – елдігімізге сын. Сондықтан азаматтарға, әсіресе, жастарға мемлекетті сыйлаудың мән-маңызын түсіндіру қажет. Осы ретте тағы да Абай мұрасына зейін қойған абзал». Шынымен де мемлекетті қалыптастыру, сақтау, оның өрісін өнер, мәдениет арқылы кеңейтуде бабаларымыз тарихи санаға ерекше мән берген. Олар мемлекетті халықтың өмір сүретін ортақ үйі деп насихаттаған, оның мүддесіне үздіксіз қызмет етті. Мемлекеттің мүддесін ұрпаққа табысталатын жалғыз ғана мұра деп қабылдаған.

Осы тұрғыдан қарайтын болсақ Әл-Фараби де, Абай да сол уақыттағы халықтың мәдениетінің өзі шығарған туындысы, негізгі өкілі. Қоғамның күштілігі қашанда халық мәдениетінің рухы арқылы көрінетіндігі өзі шығарған тұлғалардан да білінбек. Мемлекетті сыйлау деп қоғам мүшелерінің ақыл-парасатқа ие болуын, қай іске де ақыл-парасатпен, жауапкершілікпен қарауын айтамыз. Бұндай қасиет ойшылдарымыздың ілімдерінде қоғамдық мәдениеттің негізі саналған. Мемлекет басшысының мақалада зерделеген мәселелерінен түйетініміз қоғамдық тәртіп, іс-әрекет, әдептілік өлшемі ақыл-парасат деңгейінде көрініп отыруға тиіс. Әр адам мемлекет азаматы ретінде қоғамының болашағын, әлемнің жағдайын түсінуі үшін Абайды білуі тиіс. Абайдыдың идеяларын түсіну арқылы тарихтың тағылымын терең білуге болады. Ойшылдардың идеялары ортақ сана негізінде бір-бірімен байланысып жатыр. Бауыржан Момышұлынан бастап тарих өрісіндегі руханият құндылықтарын зерделейтін болсақ, бүгінгі қоғамға қатысты мәселенің түйіні Әл-Фараби философиясына келіп тіреледі. Яғни тарих өрісіндегі ұлттық идеямыздың феномені және оның тарихи бастауы Әл-Фараби ілімінен, сол замандағы түркі мәдениетінің негіздерінен шығып жатыр.

Әл-Фарабидің екінші ұстаз, ірі ойшыл атануы қоғам болмысын, жартылыс пен уақыт болмысы негізінде зеттеуінде жатса керек. Ойшылдың ұғымында қандай уақыт жағдайында болмасын, қоғамның өз деңгейінде дамуы оның өзгермейтін, темір қазығы болып саналатын негізгі құндылықтары арқылы жүзеге асады. Ғылым, техника, саясат қоғам үшін жаңа уақыт жағдайында пайда болып, қалыптасып жататын құрал ғана. Ал дін, мәдениет, тіл, дәстүр, өнер оның терең әрі тұрақты түрде дамуын қамтамасыз етіп отырады. Сондықтан да бұларды тегістей сақтап отыратын, қоғамның тарихтан қашықтап кетпеуін қамтамасыз етіп отыратын жақсы ақыл-парасат. Жаратылыстың өз жолы бар. Жеке адам мен қоғамның санасы сол берік жолдан бастау алады. Адамның бар мүмкіндігі, тарих пен болашақ алдындағы жауапкерілігі жаратылыстың берік жолына сай әрекет ету, табиғатты, қоғамын таза ұстау, қоғамдық сана түрлерін ұрпақтың игілігіне сай пайдаланып отырумен тең.

Яғни кейінгі уақытқа үлгі-өнеге беретін тарихты қалдыру. Бұның барлығы қоғамнан түптеп келгенде кемел парасатты талап етеді және қоғамның тереңдігіне келіп тіреледі. Әл-Фарабидің жасаған тұжырымы бойынша өркениеттіліктің өзі ақыл-парасаттылықтан шығады. Қоғамдық ақыл-парасат дегеніміз оның әрбір мүшесінің жаратылыс рухын ұғынуынан бастап, тарихының тәжірибесін білуінен, даналық білімін меңгеруінен шығатын, ұлт, мемлекет үшін ненің пайдалы, ненің зиян екендігін тегіс білуден көрінетін зерде. Қоғамда оның мәдениетінің тұтас әрі тереңдігін негіздеп отыратын тәжірибе, деңгей болуы үшін ортақ қасиет болуы керек және оның мәдениетін алға жылжытып отыратын  тәрбие, білім, өнер, еңбек, кәсіп ортақ құндылыққа айнала отырып, әлеуметтік ортада іскерлік дәріптелуі тиіс. Ойшыл өзінің «Қайырымды қала тұрғындары» еңбегінде мәдениетті қоғамға қайшы келетін қалаларды да атап көрсетеді. Олар адасқан қала, құбылмалы қала, надан қала…

«Адамдар бірлестігі шынайы бақытқа жеткізетін істерде өзара көмектесу мақсатын қойған қала қайрымды қала болып табылады, ал адамдары бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отыратын қоғам – қайырымды қоғам» – дейді Әл-Фараби. Әл-Фарабидің қала деп отырғаны бұл мемлекет, қайрымды қала болмысына қатысты ойшылдың идеялары өркениетті қоғам үлгісін негіздейді. Өркениеттіліктің негізінде қоғамның ортақ қасиетінен шығып отырған нәрселер тұрса, оның негізіндегі мәдениеттілік қоғамдық зерде, ақыл-парасат, тарихи сана, тәрбие мен білімның қатар өмір сүруі болып табылады. Қоғамдық ақыл-парасаттылықтың биік көрінісі ұлттық және азаматтық бірегейлік. Екіншіден, қайырымдылық, имандылық, шынайылық, қарапайымдылық сынды қасиеттердің әлеуметтік ортада орын алуы. Жоғарыда айтып өткеніміздей, уақыт қанша алға жылжып, адамзат қоғамы жаңа биіктікке көтерілген сайын Әл-Фараби сынды ойшылдардың идеялары өзінің құндылығын арттыра түспек. Ұрпақ тарихи уақыттан қанша алыстағанымен, керісінше оның өрісіндегі рухани құндылықтарға жақындай түседі.

Себебі адамның болмысы жан мен тәннен ғана тұрмайды, сана, ақыл-ой, білім сынды рухани қасиеттермен тұлғалық сипаттқа ие. Ал рухани қасиеттер ұясы, соның таразысы қашанда тарих болған, болашақта да солай болып қала бермек. Ойшыл ілімінің ішкі мазмұны осыны меңзейді. Яғни адамзат қоғамы тұрмысы, мәдениеті жағынан жаңа уақыт талабына толық ілесуде рухани тамырларынан қол үзбесе өркениет биігіне жоғарылай түспек. Өркениет биігінде өмір сүретін қоғам да, адам да рухани құндылықтарға мұқтаж. Ойшылдың тұжырымы бойынша, «Надан қалалардың тұрғындарын алатын болсақ, бұлардың жандары кемеліне жете алмай  қалады да, өмір сүру үшін материяны сөзсіз қажет етеді, өйткені алғашқы ұғымдардың жәрдемімен бұлардың зердесінде ұялаған ешқандай ақиқат жоқ. Бұлардың тіршілігіне негіз болып отырған материя жойылған кезде, өз жаратылысы бойынша жойылып біткен нәрсенің өмір сүруінің арқауы болып табылатын кұштер де жойылады…

Қайырымды қала тұрғындарын алатын болсақ, ата-бабаларының көзқарастарына сәйкес олардың бойында қалыптасқан рухани жағдай олардың жандарын материядан азат етеді». Қазақта өз басының қажетін ойлап, сол үшін барын салып, ең соңында қоғамынан қашықтап кететін адамды пенде деген. Шыныменде өркениеттіліктің белгісі, қолы жеткізген мүмкіндікті адамның қоғамының игілігіне айналдыра білуінде жатыр. Пендешілік кейіптегі санадан аулақ болу үшін қазақ халқы ұрпаққа өмір тағылымын ерте үйретіп отырған. Яғни ұрпаққа өмір тағылымын түсіндіруші қоғамның өзі болды. Даналық, білім мен тәжірибе руханият түрлері арқылы қоғамның санасына тегістей жетіліп отырған. Қазіргі уақытта  қоғамның өркениеттілігін, мәдениеттіліктен шығып отыратын жауапкершілікті насихаттайтын институт отбасымен қатар, мектеп, университет болып табылады. Біздің ойымызша мемлекет тарапынан көңіл бөлініп отырған тұлғалар филосфиясын қоғамға жеткізіп отыратын университет, ғалымдар болуы тиіс. 

Қазіргі жаһандану жағдайында қоғам болмысына қатысты мәселелер Әл-Фараби, Абай, одан кейінгі алаш зиялыларының мұралары негізінде зерттелуі тиіс. Сонда ғана қоғамның тереңдігіне қатысты қажетті идеяларды толығымен шығара аламыз. Осы тұста айта кететін нәрселердің бірі, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде, университет ректоры, белгілі Абайтанушы ғалым, профессор Б.Ердембековтың бастамасымен ұлт руханиятын зерттеуде оның тәжірибелерін студент жастарға түсіндіру мәселелері қолға алынуда. Университеттің барлық мамандықтарына ұлт руханиятын, оның ішінде алаш тұлғаларының даналығын насихаттау мақсатында арнайы пәндер оқу бағдарламаларына енгізілді. Мақсат мемлекеттің жеке азаматы ретінде қалыптасатын жастарымыздың тарихи санасының, азаматтық мәдениетінің қалыптасуына ықпал ету, қоғамдық сананың рухани жаңғыруын негіздеп отырған ел саясатына көмектесу. Әл-Фараби айтқандай, қоғамның негізі ақыл-парасаттылыққа келіп тіреліп отырса, ақыл парасаттылық қашанда тарихтың тағылымын білуден шығып отырған.

Қазіргі уақыттың жағдайында мемлекетіміздің тәуелсіздігінің сақталуына арқау болатын нәрсе тарих, рухаият екендігін бабаларымыз осы мақсатта қоғамына ерте насихаттап отырса керек. Бүгінгі уақыт шындығымен қатар көрініп отырған ойшылдарымыздың танымы, шыныменде бұгінгі ұрпаққа мемлекетшілдікті үйретеді, ел болашағына парасат биігінен қарауды жүктеуде. 

Үмбетқан Қуандықұлы СӘРСЕМБИН,
Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік
мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі,
философия ғылымдарының кандидаты

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий