Педагог қағидаттары қандай болу керек?

Төрден орын алатын мамандыққа машықтанған бес минуты кем маман ретінде тәуелсіз мемлекетіміздің тарихында тұңғыш ретінде қабылданған “Педагог мәртебесі” туралы отандық ұстаздар қауымының кәсіби қызметіне арналған салалық Заң мені де айналып өтпеді. Ұстаздардың ұстанымы ұлы дала ұрпақтарының болашағы үшін аса маңызды. Сондықтан да, саналы ұрпақтың санын арттыруды көздейтін мамандықтың межесі мен үшін биік болмақ. Алмағайып заманда ақ пен қараның ара жігін ажыратуды үйрететін ұстаздың қатарынан табылуды мақсат етемін. Бүгінде елімізде ұстаздың орны тағы бір мәрте айшықталып, мемлекет тарапынан қолдау алуда. Бұл шәкірт шамын жағатын ұстаздарға деген құрмет екендігі анық.

Педагог қағидаттары қандай болу керек?! «Ұстаз» университетінің қабырғасында қаланған жас маман көзқарасымен, мен бұл сұраққа тосылмай жауап бере аламын. Себебі, педагогикалық шеберлікті арттыру жолында әр жыл сайын іс – тәжірибеден өтіп, бапталып келеміз. Педагог ұстанымдары ең алдымен шәкірт тәрбиесімен маңызды. Асылы, шәкіртті талабынан танып, шамын жағып, жұлдызын жарқыратып, шығармашылығын дамыту – әрбір педагогтің парызы. Сөзіме дәлел ретінде Жүсіп Баласағұнның мына бір сөзін алдыға тартамын: «Әрбір бала жарық жұлдыз, жарқырауына жәрдем ет». Ықылым заманнан ұстаз орны ешкімге берігісіз тақ. Нақтырақ айтар болсақ, жүрек тербітер әнші де, білекті батыр да, ғұлама ойшыл да, белгілі өнерпаз да ұстаз атты ұлы есімнің алдынан өткендігі жасырын емес.

Ал, бүгінгі білікті маманның болмысы қандай болу керек?! Бәсекеге қабілетті мемлекеттің мен мұндалаған жастарына білім беру – бүгінгі ұстаздарға артылған жауапкершілік. Өзімнің өмірлік жолымды бала көкжиегін кеңейтуге бағыттағаным мен үшін әрі абырой әрі маңызды жүк. Бағытымды бағамдап, болмысымды қалыптастыруда мен болашақ ұстаз ретінде шәкірт алдында жауаптымын. Елімізде, педагогтарға қатысты бой көрсеткен мәселелер легі бары жасырын емес. Қоғамда орын алған түйткілді мәселелер, қолайсыз жағдаяттар, теріс пікірлер бүгінде актуалды. Десе де, ұстазға деген сенім мен құрмет өз биігіген түскен емес. Оңтайлы шешімдер орайын тауып, орнына келіп жатқан тұста, өзімнің кірпішімді қалауға мықтап бекіндім. Ары мен абыройы, білімі мен білігі жұптасқан ұстаздар санатына кіру әрбір жас маманның арманы. Осы орайда мен өзімді ең бақытты мамандықтың тұтқасын ұстаған тұлға ретінде қалыптастыру жолымен екшеп келемін. Әрі шәкірт жүрегінен орын алуға сөз беремін.

Көркемжан ҚАНАТ, 
Тараз мемлекеттік педагогикалық
университетінің 4 курс студенті

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий