Жаңа қадам – жаңа бетбұрыс

Алматы облысы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі Білім және ғылым министрлігінің 14 наурыз 2020 ж №108 бұйрығының негізінде 68 колледж (39 мемлекеттік, 29 жекеменшік) қашықтықтан оқыту жүйесіне көшкен болатын. Міне, содан бері жаңа форматқа қадам жасалып, облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының мамандары тарапынан қашықтан оқыту технологиясы аясында Техникалық және кәсіби білім беру мекемелерінің әдіскерлеріне әдістемелік сүйемелдеу үздіксіз жүргізіліп келеді. Әрине, алғашқы қадамдарымыз сәтті болды деп айта алмаймыз.

Себебі, педагогтарымыздың жаңа режимге бейімделуінде IT құзіреттіліктің жеткіліксіз деңгейдегі көрсеткіші,бұл бағытта тәжірибенің болмауы көп қиындықтар туғызып отырғанын әдіскер ретінде айта аламын. Бірақ осыған қарамастан кездескен қиындықтарды еңсеріп келеміз. Осы орайда облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының ТжКБ бөлімінің басшысы Исаханова Шынар Қабиқызының (1- фотодағы) еңбегін атап өтпеске болмайды. Колледж әдіскерлерінің әдістемелік тұрғыдан жүргізіп отырған жұмыстарына кәсіби бағыт-бағдар беріп, ой бөлісіп, түрлі тақырыпта облыстық, республикалық деңгейдегі вебинарларға басшылық жасап, оның сапалы өтуіне сіңірген еңбегі зор. Атап айтсақ, бейнесабақтарды түсіруде қолданылатын тиімді бағдарламалар, интербелсенді тапсырмаларды жоспарлау; телекомуникациялық құрылғылар арқылы аралық, қорытынды аттестаттауды өткізу; шығармашылық бағыттағы емтихандарды ұйымдастыру ерекшеліктері бағытындағы вебинарлардан алған тәжірибеміз мол.

Тәжірибесін біршама қалыптастырған оқу орындарымен (Талдықорған жоғары политехникалық, Талдықорған агротехникалық, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік, Алматы облысының қызмет көрсету және тамақтандыру саласындағы инновациялық технологиялар, Алматы экономикалық тағы да басқа) вебинарлар ұйымдастыруы оң нәтиже берді. Әріптестердің қашықтан оқыту аясында тәжірибеде қолданып жатқан Jamboard тақтасы, learning apps.org, quizlet.com, googledisk, Bandicam, Sony Vegas, Xrecorder тағы да басқа онлайн сервистері туралы ақпаратпен бөлісуі әдіскерлердің танымдық құзіреттіліктерінің артуына септігін тигізді, өз тәжірибемізде қолдануға түрткі болды. Оқу-әдістемелік орталық педагогтарға әдістемелік көмек көрсету мақсатында бейнесабақ қорын жинақтау бағытында да ауқымды жұмыстар атқарды.

Сонымен қатар қашықтықтан оқыту аясында ұйымдастырылған жұмыстардың бір түрі – «Менің әдістемелік тәжірибем» тақырыбындағы әдіскерлердің бейнероликтер түсіруі. Әдіскерлер үшін мұның өзі тәжірибе алмасудың, әріптестердің еңбегіне оң баға берудің таптырмас жолы болды. ТжКБ мекемелерінің әдіскерлері облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығы мамандарының осындай еңбектеріне алдағы уақытта да шығармашылық табыс тілейді. Жаңа заманауи технологиялардың дамыған уақытында қашықтан оқыту технологияларын меңгеру педагогтар үшін маңызды екені сөзсіз.

Мейрамгүл ҚОНДЫБАЕВА, 
Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінің
әдіскері, Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий