Мен майдангердің ұрпағымын

Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Ғабит Мүсіреповті құндақтаған қасиетті топырақта Мұқали атамыз 1919 жылы дүниеге келген. Ауыл іргесіндегі Елтінжалдағы Беспай дөңінде туған екен. Дүйсеннен туған бес баланың төртеуі ауыр дертке шалдығып, шетінеп кеткен. Тірі қалғаны – Мұқали ғана. 1927 жылы ауыл іргесіндегі “Жыртықта” мектеп үйі салынып, онда маңайдағы жеті ауылдың балалары білім алады. Солардың ішінде Мұқали Дүйсенов те бар еді, – деп жазады облыстық “СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН” газетінің сайты.

Ал жоғары сыныпты Майбалық мектебінде тамамдады. Балалық шақтың қызығын көрмей, ерте есейген ол жастайынан еңбектің ауыр қамытын арқалап, масақ теріп, егіс даласында еңбек еткен күндерін жиі еске алатын. Ал жалындаған жастық шағы 1937-38 жылдардағы алапат кезеңге тұспа-тұс келді. Тепсе темір үзетін шағында, яғни 1940 жылы қаңтар айында Қостанай облысына қарасты Пресногорьков аудандық әскери комиссариатынан әскерге аттанды (қазіргі Жамбыл ауданының Қостанай облысының құрамындағы кезі). Жас сарбаз үшін соғыс үшінші Украин майданындағы ұрыстан басталды. 1942 жылдың мамыр айында болған қанды шайқаста Мұқали атамыз құрамында болған дивизия шығынға ұшырап, қаруластары ажал құшады. “Қараңғы түн. Айнала жау. Жарқылдаған зымыран, зуылдаған оқтар. Өмір мен өлім белдескен шақта алға қарай бір адым жылжудың өзі мұң болады екен”, – деп сұрапыл жылдардағы қиын кезді еске алушы еді.

“Украина даласындағы деревнялардың маңында болған ұрыстың бірінде аяғыма снаряд жарықшағы тиіп, ауыр жараландым. Майдан даласында мен сияқты жараланған солдаттармен бірге 4-5 тәулік ес-түссіз жаттық. Біздің әскерлер болса, жаумен арпалысып ілгері жылжып кете берген. Өмір мен өлім арпалысқан тұста есімді жиғаныммен көз алдым бұлдырап, ешнәрсе аңғара алмадым. Дауыс шығарып, алып кетулерін сұрадым. Деревня тұрғындарының басым көпшілігі қарт адамдар, әйелдер, балалар мен жеткіншектер. Олар маған құлақ асқандай кейіп танытып, арбаға салып (4-5 жаралы солдат болуы керек) үйлеріне апарды. Жарамызды таңып, сүт беріп тамақтандырды. Алайда, ес жинап қалыпқа келер-келместе, деревняға немістер келіп, жаралы кеңес солдаттарын алдарына салып алып кетті. Сөйтіп, біздерді немістер өздерінің әскерлері шоғырланған жерге әкеліп, тас қораға қамады. Содан есімізді жимастан жаттық. Жанымдағы қаруластарымның екеуі елдің азаматтары болатын. Маған амалын тауып қашайық деді. Мен оларға жаралы аяқпен алысқа бара алмайтынымды айттым. Ажалым келсе, басқа түскенді көруге дайын болдым. Не керек әлгі екеуі қашып шықты. Бірақ көп ұзамай соңдарына түскен немістер оларды ұстап алып, бірден атып тастады.

Көз алдымда жерлестерімнен айырылып, қабырғам қайысты. Біздерді кеңес әскерлері құтқарып алды. Көрер жарығым бар екен”, – деп жанға жара салатын кейбір сәттерге тоқталған атамыздың естеліктерінен отты жылдардың жаңғырығы көз алдыңа елестейді. Атамыз алты ай госпитальде емделеді. Кейін деревня маңындағы орман ішінде аз уақыт әскери әзірліктен өтіп, майдан шебіне қайта аттанады. Мұқали атамыз көзі тірісінде ұрпағына, ағайын-туыстары мен ауылдастарына бар білгенін айтып отырушы еді. Бізге ертегідей елестейтін соғыс жайында сұрағанымызда жанарына бір мұң ұялап, сөзін терең күрсінумен бастайтын. “Маусым айының 22-ші жұлдызы болатын. Сол күні таңертеңгі сағат 10-да барлығымызды алаңға жинап, неміс басқыншыларының Кеңес еліне опасыздықпен соғыс ашқандығы хабарланды. Бұдан былай Отанды қорғауға дайын болуымызды ескерткен партияның “Барлығы майдан үшін, барлығы жауды талқандау үшін!” деген ұраны қолдау тапты”, – деп майдангер бір естелігінде сыр шерткен болатын.

Соғыс зардабы кім-кімге де ес жиғызған жоқ. 1945 жылы соғыс аяқталса да, майданнан кейінгі уақыт ең қиын кезеңдердің бірі болды. Қаншама жауынгерлер жаралы оралса, қаншама адамдардың үйіне күн сайын “қара қағаздар” жіберіліп жатты. Ал атамның соғыстағы ерліктері еленіп көптеген медаль, ордендермен марапатталды, солардың ішінде екінші дәрежелі “Отан соғысы” орденін, “Ерлігі үшін” медалін ерекше айтып өткен жөн. Өйткені, бұл марапаттарды ол оқ пен оттың арасында жаумен арпалысып жүріп алған еді. Мұқали Дүйсенұлы 1947 жылғы күз айында елге аман-есен оралып, үй іші қуанышқа кенелді. 1948 жылы Үміт әжемізбен отау құрып, үш ұл мен бір қызды тәрбиелеп өсірді. Оларды оқытып, өмірде өз орындарын табуға үлес қосты. Ол Жаңажол ауылында май зауытында қажырлы еңбек етті. Ауыл тұрғындарынан сүт жинап, зауытқа өткізетін. Еңбегімен еленген атамыз басқа да қызметтерде абырой биігінен көрінді. Зейнетке шыққанға дейін ауыл шаруашылығында “фуражир” болды. Кейінгі жылдарда Жаңажол аулында мешіт салуға белсене араласып, ауыл тұрғындарын имандылыққа баулыды.

Мәуелі бәйтеректей ұрпағымен көгерген ұлағатты әулет тамырын тереңге жайды. Бүгінде балалары өз алдына үйлі-баранды. Ұл-қыздан 21 немере 13 шөбере сүйді. Жыл сайын Жеңіс мейрамында омырауы медальға толы атамыз, салтанатты жиындарға қатысып, жас жеткіншектерге өз батасын беруші еді. Өкінішке қарай, өлімге араша жоқ. Тау тұлғалы абыз ақсақалдан айырылып қалғанымызға бірнеше жыл болды. Бірақ әлі күнге дейін оның орны ойсырап тұр. Отбасының ұйытқысы болған Үміт әжеміз де ғасыр жасап, дүниеден озды. Бүгінде үлкен әулеттің қос бәйтерегін сағынышпен еске алып, Құран бағыштаудан басқа амалымыз жоқ.

Жамбыл МОЛДАШЕВ,
майдангердің немересі,
Солтүстік Қазақстан облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий