Шәкірттер жетістігі – мұғалімнің кәсіби біліктілігі мен шеберлігінің жемісі

Адамзат тарихында  тұратын ұлы мұрат міндеттердің ең бастысы – өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы, рухани бай және ақыл-парасаты мол, мәдени-ғылыми өресі озық азамат тәрбиелеу. Ұлы Абайдың «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» деген сөзі бүгінгі  күні ұрпақтың әлемдік ғылым мен прогресс заңдылықтарына сәйкес бәсекеге қабілетті болып қалыптасу үдерісінде де өзекті болып отыр. Әр жеке тұлғаның  болашағы өз мектебінде шыңдалады. Ертең осы елге ие болып, тәуелсіз еліміздің тізгінін ұстар азаматтар – бүгінгі мектеп оқушылары.

Елімізді өркениетке апарар жолдың бастауында мектеп тұрады. Ал мектептің жүрегі – мұғалім екені даусыз. Шәкірт ұстазға қарап өседі. Оқушыны білімге қызықтырып, өз әлеміне баурап алу үшін ұстазға дариядай терең білім, биік парасаттылық, еңбекқорлық керек. Мектебімізде осындай қабілет пен қасиеттерді бойына сіңіре білген ұстаздар жетерлік. «Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды» дегендей, мағыналы, өнегелі тәрбие мен сапалы білім беруде мектеп ұжымы 2019-2020 оқу жылында көптеген жетістіктер биігінен көрінді. Облыстық, қалалық білім басқармаларының ұйымдастыруымен өткізілетін кәсіби байқауларға бес мұғалім қатысып, екеуі олжамен оралды. Ғылыми жобаларға («Зерде», «Дарын», тарих және өзін-өзі тану пәндері бойынша) – 18 оқушы қатысып, он бес шәкіртіміз жүлделі орынға ие болды. Пәндік олимпиадаларға 22 оқушы қатысып, жиырма оқушы жеңіс биігінен көрінді. Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-нің профессор оқытушыларының ғылыми жетекшілігімен он авторлық бағдарлама, 66 оқу әдістемелік құралдар дайындалды.

Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша мектеп ұстаздарының 95 пайызы біліктілік курсынан өтіп, оқу үдерісінде жаңа технологияларды пайдалана отырып, сабақ өткізуде. Мектеп ұстаздарының 80% жаңа форматтағы біліктілік санатынан өтіп біліктіліктерін дәлелдеді. Жетістік өздігінен келмейді. Осындай жетістіктерге жетудің бірден-бір себепшісі мектеп басшысы А.Нажмадинқызының еңбегін атап өтпеске болмайды. Мектеп басшысының бастамасымен мектебімізде Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік  университетінің «Қазақстан  тарихы  және әлеуметтік саяси ғылымдар» және «Педагогика-психология» кафедрасының филиалы ашылды. Осы кафедраның профессор-оқытушыларының мектеп базасында шебер сыныптарын жүйелі жүргізуі, мектеп оқушылары мен  мұғалімдерге ғылыми жоба, мақала, авторлық бағдарламалар дайындауда берген кеңестері нәтижесінде жетістіктеріміз ұлғая түсті.

Жаппай білімге бет бұрған, замандасын байлықпен емес, білімділігімен таңдандыратын бүгінгі жауапты кезеңде замана көшінен қалып қоймай, уақыт талабына сай жас ұрпақты білімді етіп тәрбиелеу ұстаздарға зор жауапкершілік жүктейді. Әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр Әл-Фараби «Тәрбиесіз берілген білім — адамзаттың қас жауы» демекші, алдымыздағы шәкірттерімізге алдымен үлгілі  тәрбие бере отырып,  заман талабы мен ағымына сай қалыптасуына ықпал ету біздің міндетіміз. Бұл орайда Абылай хан атындағы № 140 қазақ орта мектебі ұжымы үшін биылғы оқу жылы жемісті жыл болды. Қол жеткізген табыстарымыз бен жетістіктеріміз жетерлік. Атап айтар болсақ мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Оспанова Айтолқын Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік мерекесіне орай жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруде қосқан ерекше үлесі үшін Қызылорда қалалық білім бөлімінің «Құрмет грамотасымен», білім беру саласында жас жеткіншектердің тәрбиесі мен кемел келешегінің жарқын болуына қосқан еңбегі үшін Білім және Ғылым Министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды.

Жас та болса білімі, өжеттілігімен оқ бой оза шауып жүрген мектебіміздің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жақсылық Бақытжан аймақ жастарының белсенділігі мен Отанға деген сүйіспеншілігін арттыруда жастар саясатының дамуына қосқан үлесі үшін Қызылорда облысы әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталып, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары арасында «Тәжірибе, Шыңдалу, Шеберлік» тақырыбында ұйымдастырылған қалалық байқауда алғашқы тұғырдан көрінді. Мектеп оқушыларының бос уақытын тиімді өткізу мақсатында алты әлеуметтік жоба және 10 үйірме жұмыс жасауда.

Мектеп оқушыларынан құралған Ай-Ару би тобы көптеген облыстық, халықаралық жарыстардың жеңімпаздары. «Бақытты елдің ұрпағы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен Республикалық «Дала сазы» байқауында І орын, халықаралық «Sloveniya glosba Festival» конкурсында жүлделі ІІ орынды иеленді. «Жас сарбаз» үйірмесі Облыстық «Отан» ұйымының ұйымдастыруымен өткен әскери-патриоттық сайыста ІІ орын иемденді. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған “Жас ұлан” ұйымының жұмысы да қарқынды жүруде. “Ұланымыз ұлы елдің” атты VII облыстық слетте Жас ұландық мектеп мақтанышымыз Көпжасарқызы Ақбота Жас ұлан ұйымының төсбелгісімен, облыстық Жас ұлан ұйымының ұйымдастыруымен өткен «Жұлдыздай жарқыра» медиа жобасында Азнабай Әділжан алғыс хатпен марапатталды.

Бұл мектеп мақтаныштарының бір парасы ғана. Ұжымының тынымсыз еңбегінің арқасында мектеп абырой биігінен көрініп келеді. Алдағы уақытта да игі жетістіктер жарасымды жалғасын табуын тілейміз. Саналы ұрпақ – жарқын болашақ. Ақиық ақын Мағжан Жұмабаев «әрбір елдің келешегі – мектебіне байланысты» деп жырлағандай білім биігіне жетелер мектеп табалдырығын биыл жүз елу бес 1 сынып оқушысы аттаған еді. Нұр-Сұлтан қаласынан бастау алған Абай оқуларынан үзінді оқу эстфетасы бүгінде жалғасын тауып, келген барша қонақтар мен ұстаздарға жолданып, мектеп ұстаздары мен оқушылары Абай Құнанбайұлының «Желсіз түнде жарық ай» әнін орындады.

Мектебіміздің мың бұралған бишілері мен күміс көмей әншілері салтанатты жиынның сәнін келтіріп, жоғары көңіл күй сыйлады. «Ісіңізге, еңбегіңізге нағыз адамгершілікпен кіріссеңіз, сөз жоқ, жеңіске жетесіз» деген академик Қаныш ағамыздың сөзін еске ала отырып, саналы ғұмырың, күш-қайраты мен телегей білімдерін шәкірттеріне арнаған мектеп басшысы мен ұстаздар қауымына алғысым шексіз. Уақытпен санаспай, еліне қалтқысыз қызмет етіп, жас ұрпақты бақытқа жетелеп жүрген ұстаздарға толағай табыс, шығармашылық шабыт тілеймін. Еңбектерің жансын, мәңгілік елдің ізбасарларын тәрбиелеп жүрген, ұлағатты ұстаздар!

Манат Жарбосынқызы ТОҚТАМҰРАТОВА,
Абылай хан атындағы №140 қазақ орта мектеп
директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары,
тарих пәнінің мұғалімі, Қызылорда қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий