ТРИЗ педагогика: Өзін-өзі тану

Қазіргі таңда  мұғалімдердің көкейінде «Балалар жиырма бірінші ғасырда табысты болу үшін нені үйренуі керек?» және «Оқытудың тиімді әдістері қандай?» деген сияқты негізгі сауалдар туындайды. Иә, бүгінгі білім беру саласының өзекті мәселесіде  жаңаша әдіс-тәсілдерді оқып үйрену арқылы заман талабына сай білім беру болып табылады. Сол себепті, ұстаздар үнемі ізденіс үстінде. Оқушының қызығушылығын арттыра отырып, оның өмірге бейімділігін, эмоционалды денсаулығын жақсартуға, шығармашылығы мен дарындылығын дамытып, жасампаз азамат болуына ықпал етуде ойын технологиясын  пайдалану тиімді.

«Ойын терапиясы баланың рольдік ойынға енудегі жаңа әлеуметтік қатынастырымен ерекшеленеді. Тек жаңа шынайы қатынастар практикасы баланы ересек адамдармен қалай қатар қойса, дәл солай құрдастарымен де қатар қоя алатын рөлдік ойындар. Еркін қатынас пен бірлескен жұмысты мәжбүр еткен қарым-қатынасқа және агрессияға айырбастау терапевтік ықпалға әкеп соғады», – дейді Д.Эльконин. Осы ретте, орта буын оқушыларының жас ерекшелігін ескере отырып ойын арқылы өнертапқыштық, шығармашылық дағдыларын дамытуға мән бердім. Оқытудың тиімділігін арттыру мақсатында жаңа білім парадигмасына сүйене отырып, ТРИЗ педагогикалық технологиясын өзін-өзі тану сабақтарында қолдандым. ТРИЗ педагогикасы ғылыми және педагогикалық бағыт ретінде сексенінші жылдардың соңында қалыптасты.

Оның негізіне Генрих Саулович Альтшуллер ойлап тапқан ТТШТ (ТРИЗ) технологиясы алынды. Қысқаша тарихына тоқталсақ, 1946 жылы Г.Альтшуллер шығармашылық әдіснама бойынша жұмысын бастады. ТТШТ атауы кейінірек 70 жылы пайда болады. Шығармашылық тапсырмаларды орындау теориясы адамның шығармашылық мүмкіндіктерін дамытудың жаңа әдістемесі үшін негіз болып табылады. Шығармашылық мүмкіндіктердің көріне бастауының себебі – балалық кездегі елестету деңгейінің жоғарлығымен, балалардың ойлауын танымдық бағытының дамуымен түсіндіріледі. ТРИЗ педагогика дегеніміз – ол шығармашылық ойлауды, шығармашылық қиялды, шығармашыл тұлғаны дамыту. «Өзін-өзі тану» пәні  бойынша оқу үдерісінің басты міндетінің бірі: тұлғаның құндылықтар жүйесін, қоғамға қызмет етуге бағытталған мәселелерді шығармашылықпен шешудің іс жүзіндегі дағдыларын анықтау болып табылады.

ТРИЗ педагогикасы элементтерін сабақтың кез келген кезеңінде қолдану оқушылардың қызғушылығын, шығармашылық дағдыларын, танымдық, ізденгіштік, өнертапқыштық, ойлау қабілеттерін дамытуда маңызы зор болды. Сабақта қолданылған әдістерге тоқтала кетсем: «Друдл» жатығулары шығармашылық пен қиялды дамытуға арналған жұмбақтар. Друдл аяқталған суреттер емес, ол ойластырып, аяқтауды қажет етеді. Ерекшелік пен әзіл ерекше бағаланды. Жақсы жауап- ешкімнің ойына келмейтін, бірақ тыңдасаң шешімін айқын көрсететін жауап. Оқушылардың қиялы мен сыни ойлау дағдыларын дамытуда «Друдл» жаттығуын қолдандым.Оқушыларға суретте берілген адам санын белгілеп, сонымен қатар, адам келбетінен қандай қасиеттерді көруге болатынын атап беру тапсырылды. Тапсырма өте қызықты болды және оқушылардың да жауаптары әрқилы, әсерлі болды.

«Данетка» ойыны жұмбақ ойынының бір түрі. Классикалық нұсқада жүргізуші біртүрлі жағдайды сипаттайды, ал болжағандар оны білу үшін түсіндіруші сұрақтар қоюы керек. Болжау кезінде сіз сұрақтар қоюыңызға болады, бірақ оларға жауап тек «иә» және «жоқ» сөздері болуы мүмкін (сонымен қатар «маңызды емес» немесе «дұрыс емес»). «Данетка» ойынын сабаққа қызығушылықты ояту мен сабақты бекіту кезеңінде қолдандым. Бұл жердегі мақсатым осы ойын арқылы логикалық ойлауды дамыту, қиялын қосу, сұрақтарды дұрыс тұжырымдауға үйрету. Бұл ойын оқушылардың қызығушылығын арттырып, қызықты сұрақтар құрастырып, ойлау дағдыларын дамытуға әсер етті. «Шаттық шеңбер» кезеңінде оқушыларды сабаққа ынталандыру, көңіл-күйлерін көтеру мақсатында кейбір сұрақтарды А.Гин мен И.Андржеевская «Необычное в обычном: 100 креативных задач» кітабынан алып «Иә/Жоқ» ойынын ұйымдастырдым.

Бүгінгі күн қуанышқа толы болды ма? Бір-біріне жақсылық жасадындар ма? Ешкімге ренжіген жоқсындар ма? Жаңбыр жауған жақсы ма? Жаңбыр жауған жаман ба? Қарама-қайшылықты шешу әдісі – ұсынылған заттар мен құбылыстарды әр қырынан қарау;бұл мүдделердің, қалаулардың немесе талаптардың біреуі екіншісін жоққа шығарған кезде қарама-қарсы күрес. Қарама-қайшылықты таба білу арқылы өнертапқыштық дағдыларын дамыту мақсатында сабақтың негізгі бөлімінде мәтінмен жұмыс барысында қолдандым. Тапсырма: «Жер-ана» әңгімесін негізге ала отырып, төмендегі сұрақтарға жауап беріңдер. Оны постер жасау арқылы қорғаңдар. Сұрақтар: жер ана әңгімесіндегі негізгі ойды анықтап, өзекті мәселені табыңдар; әңгімедегі шағым жасалған объектіні анықтаңдар және ондағы қарама-қайшылықты көрсетіңдер; жер ана әңгімесіндегі қарама-қайшы қасиеттерді «талап ететін» нысандарды анықтап жазыңдар; жер ана әңгімесіндегі қарама-қайшылыққа тұжырымдау жасаңдар; жер ана әңгімесіндегі өзекті проблеманы қалай шешуге болады?, – ұсыныстарыңды жазыңдар.

Оқушылардың өнертапқыштық дағдыларын дамыту мақсатында «Креатив-бой» ойынының орны ерекше болды. «Креатив- бой» интеллектуалды командалық сайыс. Ол әйгілі «Не? Қайда? Қашан? » немесе «Brain Ring» ойындарына ұқсас, бірақ айтарлықтай айырмашылық бар. Шығармашылық күресте тапсырмалар ретінде ашық (яғни шығармашылық, өнертапқыштық немесе зерттеу) тапсырмалар ұсынылады. Мұндай тапсырмалар әрдайым дұрыс жауап бола бермейді. «Ұрыстың» қатысушылары әр түрлі білімді ұштастыра және оны шығармашылықпен қолдана білу үшін соншалықты эрудицияны (фактілерді немесе оқиғаларды білу) қажет етпейді. Тапсырмаларды дайын «Креатив-бой» жинағынан алдым. Оқушылар ашық есепті шешу барысында жаратылыстану, математика және эстетикалық пәндердегі білімдерін қолдана алады. Өз идеяларын ұсыну арқылы экологиялық, экономикалық және этикалық құндылықтарды дамыта алады. Топтар есеп шешімін беру барысында бір-бірімен экологиялық, экономикалық тұрғыда тартыс ұйымдастырды.

Бұл оқушыларға есепті шешу барысында бағалау критерийлеріне назар аударуды үйретті. Оқушы қиялын, шығармашылық ойлау дағдысын дамытты. Уақытпен жұмыс жасау және әркім өз рөлін орындауға жауапкершілікті сезінуді үйретті. Есептердің шешімі бойынша оқушылар арасында талдау ұзағырақ болғандықтан, есептерді шектеуге тура келді. Сабақта алғашқы рет ашық есептерді шығару қолданылғаннан кейін оқушыларға ерік беріп, уақытқа шектеу қоймадым. Сабақта қолданылған ТРИЗ педагогикалық әдістің түрлері оқушылардың бойында креативтілік, шығармашылық, өнертапқыштық және қарама-қайшылықпен жұмыс жасау дағдыларын дамытуда таптырмас әдіс екеніне көзім жетті. Ең бастысы, ойын арқылы даму, пәнге деген қызығушылықты арттырады.

Кульяш НАЙМАНОВА,
Семей қаласындағы физика математикалық
бағыттағы Назарбаев Зияткерлік
мектебінің
мұғалімі, Шығыс Қазақстан облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий