Майдангерлер – мәңгілік мақтанышымыз

Екінші дүние жүзілік соғыста неміс басқыншыларының аяусыз қатігездігіне қарсы тұрған майдангер аталарымыздың қаһармандық ерліктеріне жас ұрпақ өкілдері мәңгілік қарыздар. Себебі от пен оқтың ортасында жүріп, жауымен арпалысқан олар бүгінгі бейбіт заманды қантөгіспен қамтамасыз етті. Жеңіске ұмтылған аға буынның бойындағы отаншылдық қасиеті мен қайсарлық мінезін құрмет тұтып, өнегелі өмірін дәріптеу парасатты парызымыз. Әрі жаужүрек жауынгерлердің ғибратты ғұмырын өскелең өрендердің санасына сіңіруіміз қажет. Жеңістің жетпіс бес жылдығына байланысты осы орайда естелік мақаламды атам Қасымның туған бауыры соғыс және еңбек ардагері Хамзаұлы Рысбек есімді /барша кішілер ағатай деп атайтынбыз/ абыз ақсақалдың рухына арнағым келеді.

Атамның бауыры 1919 жылы қазіргі Қарағанды облысының Шет ауданына қарасты Жамбыл ауылында дүниеге келген. 1939 жылы қызыл әскер қатарына шақырылып, сол жақта Ұлы Отан соғысының кескілескен ұрыстарына қатысқан. 1073-ші полк Ленинград майданында, 1941 жылы «Синявино» биігін қорғауда он екі қазақ сарбазы жауынгерлік ерліктерімен көзге түсіп, жоғары басшылықтың бұйрығымен атамызға кіші сержант атағы беріледі. ен. Сол жолы «За отвагу» медалына ұсынылса, 1943 жылы тыңшылық тапсырманы тыңғылықты орындағаны үшін «За отвагу» медалымен екінші мәрте марапатталған. Майдан шебіндегі ерен ерліктерін арнайы зерттеген журналист Бейсен Жұмағалиев 1969 жылғы ақпан айының 15-і күні жарық көрген «Лениншіл жас” республикалық газетінің жаңа санында жан-жақты жазған болатын. Мақалада атамыздың неміс офицерін тірідей қолға түсіріп, штабқа алып келе жатқан жолда қарсы жақтың артиллериялық шабуыл ына ұшырау себепті, ауыр дене жарақатын алған сәті айрықша атап айтылады. Осы кезде жерге түскен снарядтың жарқыншағы көз жанары мен жақ сүйегін зақымдайды. 

Ауыр жағдайдағы атамызды жанындағы қаруластары госпиталдағы медицина мамандарының дәрігерлік көмек көрсетуі үшін дер кезінде жеткізген көрінеді. Нәтижесінде жақсы емделіп, сауығып шыққан соң 1944-45 жылдары сегізінші ротаның 267 запасной полкында қызмет атқарып, бір жылдан кейін туған жеріне аман-есен оралады. Қайтып келгеннен кейін, есеп қызметкерлеріне арналған курсты аяқтап, Шет ауданындағы №10 ауылда бухгалтер қызметін абыроймен адал атқарып, 1958 жылы зейнет жасына жеткеннен кейін құрметті еңбек демалысына шығады. 1973 жылы Ақжал кентінде әртүрлі қызметтер жасап, баласы Мақсат ағаның қолында, немерелерінің ортасында 1997 жылы сексен жасында дүниеден өтті.

Мақсат пен Бағдат деген ұлдары Ақжал кентінде, қара шаңырақта ие болып Мақсат ағаның ұлы Әли, ал Шайза есімді қызы Қарағанды қаласында тұрады. Ардагер атамыз өте балажан адам болатын. Бізді үнемі еркелетіп көтеріп жүретіні еміс-еміс есімде. Тағы бір есімдегісі ол кісі кітап оқығанды, шежіре жазғанды ұнататын. Өте сауатты болды. Жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа, жаныңыз жаннатта болсын! Біз майдангердің ұрпағы ретінде Сізбен әрдайым мақтанамыз! Ерлігіңіз мәңгі есімізде!

Динара Аманкелдіқызы ҚАСЫМОВА,
Әлихан Бөкейхан атындағы №76 мектеп лицейдің
информатика пәні мұғалімі, Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий