Жаңалыққа ұмтылыс – даму құлшынысының кепілі

Әлемдік өркениеттер тоғысында дамуға деген құлшыныстың өрлеуі өзіндік ықпалын қалыптастырып, татулық пен тұрақтылыққа  айналған жұртымыз үшін азаматтардың толыққанды білім алуы және ғылым мен білімнің дамуы ең өзекті мәселесі екені анық. Бүгінде әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамудың алғы шебіне шыққан мемлекеттер үшін ең басты құндылық екені бәрімізге мәлім. Елімізде болып жатқан елеулі өзгерістер экономика саласына ғана емес,  әлеуметтік саласына да өзгерістер әкелуде.

Қоғамдағы білім беру жүйесіндегі өзгерістер соның айғағы. Оған айқын дәлел –  барлық білім беру ордаларындағы қашықтан оқыту үдерісі. Осы сын сағатта қашықтан оқыту туралы шешімді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов дер кезінде қолға алып, ұстаздар қауымына үлкен сенім білдірді. Біз «Алты Алаштың басы қосылса төр ұстаздыкі», – деп, ұстазын ұлықтаған, мұғалімін мәртебесін асқақтатқан, кең даланың төскейінде тер төгіп, еңбектің нанын жеген, ұрпақтың қамын ойлаған халықпыз. Олай болса, осы ретте «Қазіргі заман талабына сай, әр мұғалім, өз білімін жетілдіріп, ескі бір сарынды сабақтардан гөрі, жаңа талапқа сай инновациялық технологияларды өз сабақтарында күнделікті пайдаланса, сабақ тартымды да, мәнді, қонымды, тиімді болары сөзсіз», – деп орыс педагогі К.Д.Ушинский айтқандай білім беру ұйымдарының жұмысын жүйелеу, оқыту жүйесін біріздендіру, білім беру жүйесін жандандыру әрқашан күн тәртібінен түспейтін мәселе.

Білім мен білектің күшіне сенген заманда  әрбір азаматтың міндетін орындауда, білімге сенген заманда аманатты орындау – сіз бен бізге парыз екенін ұғынуымыз керек. Алдағы уақыттар еншісінде татулығы тұрақты, халқы қуатты, ынтымағы ырысты – Қазақстан халқының ортақ мақсаттарға жетуге деген ұмтылысы зор жетістіктер жетеді деп сенемін. «Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де өсіретін ұстаздар», – деп батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы айтқандай, қазіргі ақпараттық технологияның қарыштаған заманында өзгелермен иық тіресіп, дамыған елдермен тең сөйлесе алатын іргелі ел болуымыз – білікті, білімді азаматтарға байланысты. Қанша қиын болса да, өскелең ұрпақ үшін біздер, ұстаздар аянбай еңбек етіп, барымызбен бөлісеміз және парызымыз.

Қашықтан оқыту дегеніміз – білім берудің ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялардың көмегімен жүзеге асырылатын арнайы түрі. Қашықтан оқыту үшін еліміз білім алушылары мен білім берушілеріне «Kundelik.kz», «Daryn.online», Қазақстанда баламасы жоқ «BilimLand» ұлттық цифрлық білім беру платформасы, «Google Classroom» тағы да басқа веб-сервистері арқылы оқу ұсынылды. Біздің арнаулы оқу орнының инженерлік – педагогикалық ұжымы «EDUPAGE» платформасы арқылы білімгерлерге сапалы білім беруде. Колледжіміздің педагогикалық ұжымы өздерінің кәсіби шеберліктері мен тәжірибелерін шыңдай отырып оқытудың жаңа үлгісіне жауапкершілікпен қадам басты. Ұжымдағы әр педагог бағыт пен бағдар, түсіндірме жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізіп, оқыту мен оқу үрдісін үлкен жауапкершілікпен жалғастыруда.

Қалай болғанда да бүгінгі күні қашықтан оқыту жайлы аз айтылып жатқан жоқ. Сынға алып, оны мінеп жатқандар да, қолдаушылар да жеткілікті. Ол заманның талабынан туындалып отыр. Бұл жүйені әлі де болса жетілдіре түскен жөн. Бұл оқу жүйесі ең алдымен білім беру ұйымдарының материалдық техникалық базасы мен цифрлық инфрақұрылымын дамытуды қажет ететінін білеміз. Сол себепті алдымен осы асқаралы асуды бағындырып, білімнің биік шыңына жету, озық тәжірбиелерді отандық білім жүйесіне енгізген абзал екенін ұғынуымыз керек. «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенер заманда қапы қалып жүрмелік», – деген Абылай ханның сөздері бүгінде де мәнін жоғалтпаған жоқ. Ғылым мен технологияның қарқынды дамыған заманында болашақ ұрпақты заман талабына сай қажетті біліммен қаруландырып, бәсекеге қабілетті тұлға ретінде қалыптастыру білім беру мекемелерінің басты мақсаты болып отырғаны мәлім.

Өркениеттің өріне шығып, мәуелі жемісіне қол жеткізу – сапалы білім мен саналы тәрбиеге тікелей байланысты екенін  ешкім жоққа шығара алмайды. Осы орайда соңғы уақытта еліміздің білім саласына үлкен өзгерістер еніп келеді. Жаңалыққа деген ұмтылыс – дамуға деген құлшыныстың кепілі еңбекпен келері анық. Ғұлама ғалым әл – Фараби бабамыз: «Жас жеткіншектеріңізді көрсетіңіз, мен сіздердің болашақтарыңызды айтып берейін», – деген екен. Олай болса, тәуелсіз еліміздің болашағының жарқын болуы тәрбиелі де білімді азаматтарымыздың қолында. Қазіргі жаһандану заманында білім саласының жаңа жүйеге көшуі әрбір педагогтың  жаңаша жұмыс істеуді, өзінің өткеніне үңіліп, бүгінін екшелеп, болашаққа болжам жасауын талап етеді. «Адам ағын су емес. Ағын су артына қарай алмайды. Сен адамсың, артыңа қара, ізің қандай болып түскеніне үңіл», – деген екен бір данышпан.

Жаңаша ойлай білсең ғана – ұлағатты ұстазсың. Сол себепті, заман ағымынан қалмай, ұстаздар қауымы осы іспетті жаңашылдықтарға бой үйретуге тиіспіз. Қорыта келе, өзгеден ақылымызбен, білімімізбен озып, көшбасшылық таныта білсек, іс-тәжірибемізде өзгерістің енгенін көруге болады. Кәсіби шебер, құзіретті, көшбасшы бола білген мұғалім шығармашылық жетістіктің шыңына жетеді. «Шеберліктің белгісі – түрлі әдісті болу», – деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай, түрлі әдіс-тәсілдер арқылы сабақты түрлендіріп, оқушының ынтасын арттырып, білім беруде оң нәтижеге жетеміз деп сенемін.

Ақмарал Матенқызы НУСИПОВА,
Көксу политехникалық колледжінің әдіскері,
Алматы облысының Көксу ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий