Жеңісті жақындатқан жауынгерлерді ұрпағымыз ұмытпайды

Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, елге жеңіспен оралған майдангерлер соғыс жылдарында зардап шеккен елді мекендердегі, тұрғылықты жерлердегі әр алуан салалардың қайта дамуына үлес қосты. Соғыс салған ылаңнан тоз-тозы шыққан халық шаруашылығын қайта қалпына келтіріп, жүдеп жадаған халықтың жағдайын жақсарту шаралары олар үшін оңай болған жоқ. Елдік мүддені бәрінен жоғары қойып, күндіз-түні тынбастан, талмай еңбек еткен алдыңғы буын өкілдері өндіріс орындарында, құрылыс алаңдарында жұмыстарды жандандырып, өндірістің тұралаған тіршілігін жандандыруға зор үлестерін қосты. Бір топ майдангерлер аудандағы білім саласын ілгері дамытуға саналы ғұмырларын арнап, ерен еңбектерімен ерекшеленді.

Ғұмырлары ғибратқа толы қан майдан куәгерлері мыңдаған шәкіртке тағылымды тәрбие сіңіріп, ағарту жұмыстарын жүйелі жүргізді. Ол кезеңдерде бұл бағыттағы мемлекеттік қолдаудың әлсіз деңгейін ескерсек, жеңіс жауынгерлерінің арқалған жүгі қаншалықты салмақты болғанын бағамдау қиын емес. Бұл мақаланың аясында қажырлы жұмысты  атқарып, біздің білім шаңырағында қызмет еткен майдангер ұстаздардың өмір жолдарын, жасаған  еңбектерін баяндауды жөн көрдік. Бұл, біріншіден, біздің де аға ұрпақ алдындағы мерейлі міндетіміз болса, екіншіден, жастардың тарихты тануына, ата-бабаларының ерлігіне қанығуына қосқан үлесіміз.

Оспан ӘБІЛПАТТАЕВ – 1898 жылы бұрынғы Перовск уезіне қарасты Қараөзек болысының №7 ауылында кедей шаруаның отбасында дүниеге келген. Ол 2-3 жасқа толмай-ақ әкесінен айрылып, өзінің білімге құштарлығымен діни сауат ашып, хат таниды. Жастайынан жоқшылық көріп, кісіге жалданып қой бағады. Соған қарамастан, білімге құмар жан училищеге оқуға түскен. Бірақ тұрмыс тауқыметіне орай училищені толық бітірместен оқуын тастап, отбасын асырайды. 1922 жылы Қызылорда қаласындағы мұғалімдер даярлайтын 6 айлық курсқа түседі. Курсты тәмамдаған соң ауылға келіп мектеп ашуға кіріседі. Елге хат таныту үшін түске дейін балаларды, түс ауа үлкендердің сауатын ашады. Тереңөзектегі тұңғыш бастауыш  мектеп ашуға бастамашы болған. Аталған білім ошағы ашылғанда мектеп табалдырығын 17 оқушы аттаған. 1926 жылы бастауыш мектеп болып қаланған білім ордасы 7 жылдық білім ошағына айналды. Оспан Әбілпаттаев мектепке басшылық жасаумен қатар, оқу бағдарламасын жасады. Ол елді мекендерден оқушылар жинап, оларды оқулықтармен қамтамасыз етті. Сондай-ақ, жас ұрпақтың сауатты болуын ойлап, жас ұстаздарды тәрбиеледі. Осылайша, ағартушы-ұстаз өз ісіне шын берілген азамат екенін көрсете білді.1941 жылы екінші дүниежүзілік Ұлы Отан соғысы басталғанда майдан даласына өзі сұранып, елін қорғауға аттанды. Қан майданда ол жанкештілік танытып, кескілескен шайқастарда жау әскеріне тойтарыс беруге атсалысқан. Жеңіс жауынгері Мәскеу қаласын қорғауда ерлік көрсетіп, «І дәрежелі Отан» орденімен, «Мәскеуді қорғағаны үшін», «Ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған.Елге жеңіспен оралғаннан кейін майдангер өзі еңбек еткен №35 мектепте ұстаздық қызмет атқарды.

Саналы ғұмырының қырық жылға жуық уақытын білім беру саласына арнап, шәкірт тәрбиеледі. Адал еңбегінің нәтижесінде ұстаздардың ұстазы атанып, 1958 жылы құрметті зейнет демалысына шыққан. Біртуар тұлғаның қоғам дамуына қосқан еңбегі ескеріліп, «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталды, «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мұғалімі» атағын алды. Ол 1979 жылы 81 жасында дүниеден өтті. 1999 жылы халық ағарту ісіне елеулі үлес қосқан педагогтың есімі ұрпақ есінде мәңгі қалу үшін Үкіметтің қаулысымен аудан орталығындағы №210 орта мектепке О.Әбілпаттаевтың есімі берілді. Мектеп алдына ескерткіш-бюсті қойылып, Тереңөзек кентінен көше аты берілді. Ұрпақтары да әке жолын жалғап, ұстаздық қызмет атқаруда. Сыр өңіріне белгілі әулетті ел-халық «ұстаздар әулеті» дейді.

Төлеген ӘБІЛДАҰЛЫ – 1922 жылы Жалағаш ауданының Ақсу ауылында дүниеге келген. Ол жастайынан ата-анасынан айырылып, Ырғыз балалар үйінде тəрбие алған. 1941 жылы соғыс басталғанда тоғызыншы сыныпта білім алып жүрген жерінен əскер қатарына шақырылады. Ақтөбе қаласында 101 дербес атқыштар бригадасында əскери дайындықтан өтіп, Калинин майданына аттандырылады. Ұрыс даласында Ржев маңындағы Зайцево, Букараев, Кувшинова жəне Мишунова елді-мекендерін азат ету шайқастарына қатысады. Майданда Төлеген Əбілдаұлы ауыр жараланып, Мəскеу,Рязань қалаларындағы госпитальда емделеді. Ауыр жарақатынан айығып шыққан жас жауынгер Кратов қаласындағы 208 запастағы атқыштар полкіне кіші командирлер даярлайтын курсқа жіберіледі. Бұл жерде майдангер миноатқыш көздеушісі мамандығын алып, кейіннен Саратов қаласындағы танк училищесін де үздік бітіріп шығады. Осы курстан кейін ол «ИС-3» маркалы ауыр танктің жүргізушісі болады.

Кіші лейтенант Төлеген Əбілдаұлы 118 Ельшинск жəне 120-Оршанск гвардиялық танк полктар құрамында соғыста болып, Шығыс Германия, Чехословакия, Польша жерлерін азат етуге қатысқан. Ұлы Жеңіске жеткеннен кейінгі бір жылдан соң қан майданның куəгері елге оралып, бейбіт күні еңбекке араласты. Елге оралғаннан кейін Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтта білім  алып, аудан орталығындағы №35 М.Калинин атындағы орта мектепте орыс тілі мен əдебиеті пəні бойынша ұстаздық қызмет атқарды. Аудандық халыққа білім беру бөлімінде инспектор жəне партия ұйымының жетекшісі де болды. Сондай-ақ, 1960 жылдан бастап партия, кеңес органдарында парткабинет меңгерушісі, партиялық ұйымдастыру бөлімінің басшысы жəне 12 жыл халықтық бақылау комитетінің төрағасы ретінде ауданның дамуына үлес қосып, 1982 жылы зейнетке шыққан.

Ұлы отан соғысының ардагері құрметті демалысқа шықса да қоғамдық жұмыстардан қол үзбей, ауданның саяси өміріне белсене араласқан. Сталингард шайқасында ерлік көрсеткен қаһарман тұлға «Қызыл жұлдыз», «ІІ дəрежелі Отан соғысы», «Құрмет белгісі» ордендерімен,«Германияны жеңгені үшін», «Ерен еңбегі үшін»,«Еңбектегі ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған. Ұлы Отан соғысының ардагері, майдангер-ұстаз Төлеген Əбілдаұлы 2008 жылдың 12 қарашасында өмірден өтті.

Сейіткамал УСАБАЕВ – 1913 жылы бұрынғы Сырдария губерниясы Ақмешіт уезі Байзақ болысына қарасты жетінші ауылда (қазіргі С.Сейфуллин ауылы) дүниеге келген. Жастайынан жазу, сызуға, білімге құштар болған ол Қазақ ағартушылық институтын (Казинпрос), Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтын  және Жоғарғы партия мектебін бітірген. Ол он тоғыз жасынан бастап комсомол, кәсіподақ жұмыстарына белсене араласты. 1930 жылдардың ортасынан аяғына дейін республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің және Қызылорда облыстық «Ленин жолы» газетінің меңгерушісі болып еңбек етті.

1941-1945 жылғы Ұлы Отан соғысында екі жылдан астам уақыт оқ пен оттың ортасында жүрген. Қиян кесті соғыста да талай мәрте ерлік көрсетіп, азаматтық антына адал болды. Ауыр күндерді артқа тастап, жеңісті жақындатуға өз үлесін қосты. Майдангер, жеңіс сарбазы «Ұлы Отан соғысының І дәрежелі орденімен», көптеген медальдармен марапатталған. Сейіткамал Усабаевтың республикалық, облыстық және жергілікті баспасөз беттерінде жарияланған өлең, очерк, әсіресе, «Ара» журналында жарық көрген фельетондары оқырмандардың сүйсініп оқитын рухани азығына айналды. Қуатты қаламынан туындаған тамаша туындылары қоғам мүшелеріне терең ой салуымен ерекшеленді. Ол өз мамандығы бойынша бірқатар мектептерде басшылық қызмет атқарды.

Тапсырылған жұмысқа тиянақтылық танытып, жоспарларды жүйелі жүзеге асырған майдангер 1950 жылы Тереңөзек аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі болды. 1956 жылы партияның 30 мыңдық шақыруы бойынша Аманкелді атындағы колхозға басқарма төрағасы қызметіне тағайындалған.Сейіткамал Усабаев 1960 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейін №35 қазақ орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс беріп, шәкірттерін еркін сөйлеуге, сауатты жазуға, оқығанын, естігенін әңгімелеп беруге үйретті. Ана тілін оқыта отырып жастарды отансүйгіштікке, ұлттық салт-дәстүрді құрметтеуге тәрбиеледі. Ол кісі өз міндетіне аса жауапкершілікпен қарап, адал атқаратын. Өте турашыл, өз ойын ешкімге жалтақтамай ашық айтатын. Өзінен кішілерге ағалық ақылын айтып, өз тәжірибесімен бөлісіп, ақыл- кеңес беріп отыратын. Сейіткамал Усабаев өмір бойы ұлағатты ұстаз болып өмірден озды.

 

Қасымхан ЫСМАЙЫЛОВ – 1922 жылы қазан айында Тереңөзек ауданы Майлықұм ауылында дүниеге келген. 1941 жылы тоғызыншы сыныпта оқып жүргенде Ұлы Отан соғысы басталды. 1941 жылы қазан айының 25-і күні әскерге шақырылып, Ақтөбе қаласындағы 101-ші қазақ атқыштар бригадасында соғыс өнеріне үйреніп, үш ай әскери дайындықта болған. Екінші батальонның пулеметшілер ротасында жаттығуда жүрген кезінде «Үздік әскери жауынгер» белгісін таққан. Пулеметшілер батальоны Батыс майданына аттанғанда ол Мишаковка селосын азат ету шайқасында  жеңіл жараланады. Кіші сержант шеніне ие болған пулеметші госпитальдан шыққан соң Ржев қаласын азат етуде де ерлік көрсетеді.

Осы ұрыста жау снарядынан екі аяғынан жараланған. Госпитальда бір жарым жыл емделген соң елге оралады. Қан майдандағы ерлігі үшін жауынгер «І дәрежелі Отан соғысы», «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Қызылорда қаласындағы педагогикалық институтқа түсіп, «тарих пәнінің мұғалімі»мамандығын алады. 1951-1954 жылы «1 Май» мектебінде директор, оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарады. 1955 жылдан зейнетке шыққанға дейін №35 М.И.Калинин атындағы (қазіргі И.Тоқтыбаев) мектепте тарих, қоғам тану пәндерінен сабақ берді. Оқушыларға  сапалы білім берумен қатар, сынып жетекшісі болып Отансүйгіштікке, адалдыққа баулыды. Оқушылармен  сабақта да, егін жинауда да, қоғамдық жұмыстарда да бірге жүретін. Шәкірттері ол кісіні «Біздің Мересьев ағай» дейтін. Аудандық оқу бөлімінде де, мектепте де тарих пәні бірлестігінің жетекшісі болып, жас мұғалімдерге ақыл-кеңес берген.

Майдангер ұстаз Қасымхан Ысмайыловтың мақалалары мен фельетондары республикалық, облыстық, аудандық газеттерде жарияланып тұрды. «Социалистік  Қазақстан» газетінде сапалы білім, саналы тәрбие берудің жолдарын көрсету мақсатында «Қарыз бен парыз» атты мақаласы жарық көріп, республика мұғалімдеріне үлкен ой салды. Ұлағатты ұстаздың  еңбегі еленіп республикалық, облыстық «Құрмет» грамоталарымен, «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен, «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Майдангер ұлағатты ұстаздың ерлік пен еңбек жолы ешқашан ұмытылмайды. Қазіргі таңда аудан орталығында майдангер ұстаздың есімімен аталатын көше бар.

Айтөре ШАМКЕНОВ – 1916 жылы Қызылорда облысы Тереңөзек ауданында теміржолшылар отбасында дүниеге келген. Қазақ халқының тарихында «Ұлы азаттық» көтеріліс қарсаңында дүниеге келген А.Шамкеновтың балалық шағы қиындыққа толы болды. Жоқшылық, ашаршылық, «Елім-айлап» ел көшкен заманда, ата-анасы балаларын асырап ержеткізген уақытта 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталды. Ол 1941 жылы әскер қатарына қатардағы жауынгер болып қабылданып, ұрыс тактикаларын үйренді. Содан 1942 жылы мамыр айында 249 артиллерия полкінің аға сержант радисті болып қызмет атқарған. Майдан шебінде жау әскеріне қарсы майдандастарымен бірге ұтымды айла-тәсіл жүргізіп, жеңісті жақындатты.

Ал 1943 жылдың шілде айында ерлік пен елдікті ұштастырған жауынгерге полктың «Аға командир радисті» дәрежесі берілді. 1944 жылы ақпан айында сұрапыл соғыс барысында басынан жарақат алып, алты ай госпитальда жатып емделіп, тамыз айында елге оралады. Соғыс кезінде ерлігі еленіп «Ерен ерлігі үшін» медалімен марапатталған.Майдангер елге келген соң аудан орталығындағы №35 қазақ орта мектебіне дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып қызметке орналасады. Он жылға жуық шәкірттеріне патриоттық тәрбие беріп, спортты сүюге, саламатты өмір салтын ұстануға баулиды. Өз кезегінде майдангер ұстаздың тәлім-тәрбиесін көрген озат оқушылар аудан көлемінде ұйымдастырылған түрлі спорттық жарыстарда жүлделі орын алып жүрді. Спортты серік еткен жастар ұстаз сенімін ақтаумен қатар, өздері білім алатын орта мектептің абыройын асқақтатып, мерейін тасытты.

Салауатты өмір салтын ұстанған кәсіби маман ретінде майдангер ұстаздың жолын қуып, өз салаларының білгірі атанды. Осындай шәкірттер тәрбиелеген жанның қажырлы еңбегі еленіп, аудандық, облыстық білім бөлімдерінің «Құрмет» грамоталарымен марапатталды. Халық ағарту ісінде оның еңбегі зор екені насихатталды. Өңірде «Айтөре айтқан екен» деген әзіл-қалжыңы аралас тұщымды әңгімелер бар. Бұл А.Шамкеновтың аққөңіл, жаны жайсаң азамат екенін білдірсе керекті. Жайсаң азамат жары Балтай екеуі он бір бала тәрбиелеп өсірді. Балалары жоғары мамандық иегері болып, еліне адал қызмет етіп, әке жолын жалғастыруда. Шамкенов Айтөре 16 қаңтар 1984 жылы өмірден озды. Майдангер ұстаздың білім беру саласында атқарған жұмыстары сан алуан. Сондықтан да оның есімі аудан тұрғындарына етене таныс.

 

Ибадулла БАЙДАУЛЕТОВ – 1922 жылы дүниеге келген. Ол Мәскеудегі Қызыл алаңда болған ең алғашқы Жеңіс күніне арналған әскери шеруге қатысқан қазақстандық жауынгерлердің бірі. Ұлы Отан соғысы басталғанда небәрі 19 жаста болды. 1942 жылдың мамыр айында әскер қатарына шақырылып, Фрунзе (қазіргі Бішкек) қаласында командирлер даярлайтын курста оқып, сол жылдың қыркүйек айында Батыс майданына аттанды. Аталған майданда 33-Армияның 90-дивизия құрамындағы 22-атқыштар полкінде, кейіннен 69-атқыштар дивизиясының 742 полкінде взвод командирі болып ұрысқа кірісті. Осы майдандарда 1942 жылдың 5 шілдесінен 23 тамызға дейін болған. Курск майданындағы кескілескен шайқастарда Ибадулла Байдаулетов басқарған взвод жауынгерлері ерлік көрсетіп, жауды жайратып, тірі қалғандарын тұтқынға алады.

Осындай ерліктері үшін ол «ІІ дәрежелі Отан соғысы» орденімен, «Мәскеуді қорғағаны үшін», «Ерлігі үшін»,  «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталды. Ұлы Жеңістен кейін жауынгер елге оралып, туған жерді түлетуге барынша үлес қосты. Ұлы Отан соғысының ардагері Ибадулла Байдаулетов №35 Иса Тоқтыбаев (бұрынғы М.И.Калинин) атындағы мектепте ұзақ жылдар бойы музыка пәнінен сабақ беріп, ұстаздық қызметті атқарды. Ол мектеп қабырғасында өнерге біртабан жақын оқушылар үшін көркемөнерпаздар үйірмесінінің негізін қалады. Оқушыларға музыка әлемінің қыр-сырын үйретіп, олардың шабыттарын шыңдады. Өнерлі өрендер майдангер ұстаздан үйренгендерін көпшілікке паш етіп, көрермендер көзайымына айналды.

Олар бірнеше мәрте  аудандық, облыстық жарыстарда жүлделі орындар  алып, биіктерден көрінді. Сонымен қатар, майдангер ең алғашқы үрмелі аспаптар оркестрін құрған жандардың бірі. Ауданда ұйымдастырылатын кез келген мерекелік шаралар мен салтанатты жиындар Ибадулла ағайдың үрмелі аспаптарымен әспеттелетін. Өнер мен білім саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырған И.Байдаулетов облыстық, аудандық білім бөлімінің «Құрмет» грамоталарымен марапатталған. Ұрпақтары да ізгі ісін жалғап, ел алғысына бөленіп келеді. Ұлы Серік Байдаулетов те бүгінде ауданға белгілі  сазгер.

Смағұл ТҰРҒАНБАЕВ – 1912 жылы Тереңөзек ауданының Бостандық жолы ауылында (қазіргі Қалжан ахун ауылдық округі) дүниеге келген.1929 жылы бастауыш мектепті бітіріп, өзі туып өскен ауылында шаруашылықта жұмыс жасаған. 1935жылы Қызылорда қаласындағы бір жылдық кеңес-партия мектебін (совпартшкола) бітіріп, Қармақшы ауданында Қызылотауда мұғалімдік қызмет атқарған. Ол 1936-1938 жылдары Қызылорда қаласындағы екі жылдық мұғалімдер дайындайтын педагогикалық курсты бітіреді. 1938-1940 жылдары Тереңөзек ауданы орталығындағы М.И.Калинин (қазіргі №35 Иса Тоқтыбаев) атындағы мектепте оқытушы, 1940-1941 жылдары Қызылту (қазіргі Ә.Жәмішов атындағы) мектебінің директоры болды.

Сондай-ақ, 1941-1942 жылдары Тереңөзек аудандық партия комитетінде саяси-ағарту кабинетінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1942 жылы Ұлы Отан соғысына шақырылып, елге 1946 жылы гвардия лейтенанты атағымен оралды. Әскерде рота командирінің саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары болған. Соғыс жылдарында Харьков саяси училищесінде, Горький офицерлер құрамы оқу орнында әскери білім алған.Соғыстан келгеннен кейін 1946-1948 жылдары Шаған ауылындағы Жәдігер мектебінің (қазіргі №37 мектеп) директоры, 1948-1960 жылдары М.И.Калинин атындағы орта мектепте оқу ісінің меңгерушісі, 1960-1963 жылдары аудандық оқу бөлімінің мектептер жөніндегі инспекторы, 1963-1970 жылдары Ленин колхозындағы  (қазіргі С.Сейфуллин ауылы) 1 Май мектебінің директоры, 1970-1972 жылдары М.И.Калинин атындағы мектепте тарих пәнінің оқытушысы болып қызмет атқарды.

Саналы ғұмырын білім саласына арнаған ұстаз 1972 жылы зейнет демалысына шыққан. Соғыс кезіндегі ерлігі мен қызметтегі жетістігі үшін бірнеше орден, медальдармен және «Құрмет» грамоталарымен марапатталған. Майдангер ұстаз ауданда ұлттық тоғызқұмалақ ойынын алғаш насихаттаушы, жастарға үйретуші. Спорттың осы түрінен ол бірнеше рет облыстық, республикалық  жарыстың жеңімпазы атанды. Жұбайы Оразаева Бибіайша  екеуі тоғыз бала тәрбиелеп өсірді. Тұрғанбаев Смағұл ағайдың ерлігі мен еңбек жолдары ұрпақтары бар кезде ешқашан ұмытылмайды. Өнегелі істері жастарға үлгі-өнеге. Ол 1978 жылы өмірден өтті.

Ғаппар САҒЫНДЫҚОВ – екінші дүние жүзілік соғыс басталғанда жеңіс күнін жақындату үшін елін қорғауға 19 жасында Ақтөбеде жасалған  №101-ші ұлттық құрамында әскери даярлықтан өтіп, Сталинград майданында жауға соққы беруге қатысты. Бастапқыда минометші, кейін бөлімше командирі болып, жауынгерлерді алға бастап 1941-1944 жылдары от пен оқтың ортасында жүрді. 1944 жылы кескілескен ұрыстардың бірінде жараланып, әскери комиссия шешімімен елге оралды. Ұлы Отан соғысындағы ерлігі үшін «Жуков», «Германияның жеңгені үшін» және басқа да көптеген медальдармен марапатталған. Елге оралған соң жігерлі азамат Тереңөзек аудандық партия комитетінің нұсқаушысы болып, халық шаруашылығын қалпына келтіру үшін жұртшылық арасында идеялогиялық жұмыстарды жүргізді.

Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының тарих факультетін бітірген. Шаған ауылының №37 мектебінде оқу ісінің меңгерушісі, Қалжан ахун ауылында №126 орта мектебінде директор болды. Аудандық партия комитетінің ұйғарымы мен Қызылөзек мектебін басқарды.Аудан орталығына ауысып, 1974-1977 жылдары №35 қазақ орта мектебінде тарих пәнінен дәріс берді. 1977 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейін №88 селолық кәсіптік техникалық училищесінде ұстаздық еңбек етті. Училищеде кәсіподақ комитетінің төрағасы болды. Қоғамдық жұмысқа белсене араласып, жас мұғалімдерге іс-тәжірибесін үйретіп ақылшы-ұстаз болған Ғаппар ағай ел сенімін ақтап, ұрпақ тәрбиелеуде жігерлі еңбек етті.

Ұлағатты ұстаздың қызы Ботакөз орыс тілі пәнінен сабақ береді. Ал Бағдашкүл Ғаппарқызы Қалжан ахун ауылында №126 орта мектептің директоры болып әке жолын абыроймен жалғастыруда. Басқа да ұрпақтары түрлі салаларда жемісті жұмыс жасап жатыр. Майдангер ұстаз 1997 жылы 75 жасында дүние салды. Сағындықов Ғаппар ағайдың ерлігі және еңбек жолы ұрпақтары барда ешқашан ұмытылмақ емес.

Мырқайдар Төребайұлы МӘМБЕТОВ  – 1923 жылдың ақпан айында Тереңөзек ауданының Бидайкөл (қазіргі Асқар Тоқмағанбетов) ауылында дүниеге келген. Бидайкөл ауылындағы бастауыш мектепке 1932 жылы барып, 8-сыныпқа дейін білім алады. 1941 жылы маусым айында Ұлы Отан соғысы басталған шақта жастайынан еңбекке араласып, колхозда түрлі жұмыстар атқарады. 1941 жылдың қараша айында әскер қатарына шақырылып, Тереңөзек әскери комиссариатынан соғысқа аттанады. Брянск соғыс майданында 2 Украина фронтында артеллерия полкінде артеллерист болып соғысқа қатысады. Орёл, Харьков, Курск шайқастарына қатысып, Украинаның сол жақжағалауынан Молдавияның Кишинев қаласы арқылы Германияға бет алып, Чехославакияны немістерден азат етеді. Соғыс кезінде көрсеткен ерлігі үшін «І дәрежелі Отан», «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған.

1945 жылы Ұлы Жеңістен кейін кіші лейтенант атағын алып, елге оралған. М.Мәмбетов 1947 жылы Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы институттың химия-биология факультетіне оқуға түсіп, 1951 жылы «Химия пәнінің мұғалімі» болып бітіреді. Еңбек жолын Тереңөзек ауданының Далакөл (қазіргі Ақжарма) ауылында №130 Абай мектебінде мұғалімдіктен бастаған. 1953 жылы аудандық білім бөлімінде инспектор қызметінде, 1955 жылы №131 «Қызылдихан» мектебінде қызмет жасады. 1958 жылдан зейнетке шыққанға дейін №35 М.И.Калинин атындағы (қазіргі Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицей) мектепте еңбек етті. Қырық жылғы ұстаздық еткен кезінде «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісімен, аудандық, облыстың оқу бөлімінің «Құрмет» грамотасы, «Алғыс хаттарымен» марапатталды. Жеңістің 40,50,60 жылдығына орай мерекелік медальдармен де наградталған.

Зейнетке шыққан соң да майдангер ұстаз №88 кәсіптік-техникалық училищесінде, №137 С.Сейфуллин  мектебінде 4 жыл ұстаздық қызметте болды. Қазіргі таңда облыс, республика көлемінде шәкірттері ел экономикасын өркендетуге үлес қосып, еңбек етуде. Отбасында 3 ұл, 3 қыз тәрбиелеп, өсірген ардагер-ұстаз 82 жасында дүниеден өтті.Соғыс және еңбек ардагерінің өнегелі өмірі мен ерен еңбегі әріптестерінің, шәкірттерінің арасында мәңгіге сақталатыны сөзсіз.

Дүйсенбай ЖЕТЕРБАЕВ – 1924 жылы 24 желтоқсанда Тереңөзек ауданында дүниеге келген. Ол аудандағы жеті жылдық мектепті күміс медальмен бітіріп, Жалағаш ауданында бірқатар мектептерде ұстаздық қызмет атқарған. Ұлы Отан соғысы басталғанда 1941 жылы кіші командирлер курсында әскери дайындықтан өткен. 1942 жылы атақты генерал-лейтенант Батуниннің бастамасымен құрылған артеллерияда бөлімшесінің командирі болып Одесса, Днепр, Киев шайқастарына қатысқан. Қиян кесті шайқастарда көрсеткен ерен ерліктері үшін жауынгер 1943 жылы «Ерлігі үшін» медалімен, 1944 жылы «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған.1944 жылдың аяғында кезекті шайқаста басынан ауыр жарақаттанып, госпитальда емделеді.

Жарақатынан айыққан соң елге оралады. Д.Жетербаев 1945-1954 жылдары Жалағаш ауданында «Сталин» орта мектебінде ұстаздық еңбек етеді. 1954 жылы Шымкенттегі «Н.К.Крупская» атындағы мемлекеттік институтының физика және математика  мамандығы бойынша оқып, үздікке бітірген. Мұнан кейін, яғни 1956-1964 жылдары өз мамандығы бойынша Қазалы ауданындағы ауылшаруашылық техникумында дәріс берді. 1964 жылдан бастап Тереңөзек ауданында №35 М.И.Калинин атындағы мектепте ұстаздық етіп, физика- математика пәндерінен оқушыларға сапалы білім берді.1965 жылы Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтының сырттай бөлімінде физика-математика мамандығы бойынша оқып бітіреді.

Бейбіт күндері білім саласын дамытуға қосқан сүбелі еңбегі бағаланып, «І дәрежелі Отан соғысы» орденімен, «Социалистік жарыстың жеңімпазы» төс белгісімен, «Еңбек ардагері» медалімен, СССР Қарулы Күштерінің құрылғанына 50, 60 жылдық мерейтойлық медальдарымен, Жеңістің 20, 30, 40 жылдық медальдарымен марапатталған. Сондай-ақ, облыстық, аудандық білім  бөлімінің «Алғыс хаттарын» алған. Жаны жомарт, пейілі дархан абзал азамат Жетербаев Дүйсенбайдың жүріп өткен жолдары ұрпаққа үлгі екені анық.

Аққайыр ҚОРЖЫНБАЕВ – 1918 жылы өмірге келген. ҰлыОтан соғысы басталғанда өзі сұранып, Отанын қорғауға аттанған жан 1941-1945 жылдар аралығында Мәскеу  қаласын қорғауға қатысып, ерлік көрсеткен. Соғыста  көрсеткен ерліктері үшін «Мәскеуді қорғағаны үшін», «Ерлігі үшін» медальдарымен, «І дәрежелі Отан соғысы» орденімен марапатталған. Отан алдындағы борышын адал өтегені үшін жоғары қолбасшы И.В.Сталиннің марапатын алған. Соғыстан кейін Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда қаласында педагогикалық институтына түсіп, физика-математика пәні мұғалімі мамандығын  меңгерген. 1956 жылдан бастап М.И.Калинин атындағы орта  мектебінде физика, астраномия пәні мұғалімі, 1967 жылдан бастап осы мектепте директордың тәрбие ісі  жөніндегі орынбасар қызметін атқарды. Ұстаздың еңбегі еленіп, «Ерен еңбегі үшін», «Лениннің 100 жылдық» медальдарымен марапатталған. Жұбайы ұстаз Боранқұлова Бибажар екеуі тоғыз бала тәрбиелеп өсірді. 

Қайысбек БАЙСАЛБАЕВ – 1924 жылы Қызылорда облысы Тереңөзек ауданында дүниеге келген. Балалық шағы ауыртпашылығы мол кезеңмен тұспа-тұс келген ол 1942 жылы 18 тамыз күні Тереңөзек әскери комиссариатынан әскер қатарына алынған. 1943 жылы Ашхабад қаласындағы әскери учелищеде оқу-жаттығу және әскери даярлық жұмыстарын меңгеріп, сол жылдың қаңтар айынанбастап 75-гвардиялық атқыштар дивизиясының 242-полкінде қатардағы жауынгер ретінде соғысқа қатысқан. Майдангер 2-Белоруссия майданында ерекше ерлік көрсетіп, «Қызыл жұлдыз» және «ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы» ордендерімен марапатталған. Елге жеңіспен оралғаннан кейін Қызылорда қаласындағы педагогикалық институтқа оқуға түскен.

Институттың химия-биология бөлімшесінде білім алған Қайысбек Байсалбаев №35 М.И.Калинин атындағы орта мектепте ұстаздық қызмет атқарған. Биология және химия пәндерінен дәріс берген майдангер-ұстаз жұмыс барысында сабырлы да байсалды, көп сөйлемейтін қасиетімен ерекшеленген. Оқушылардың жүрегіне жол тауып, жас буынға рухани тәлім-тәрбие берген. Қызмет бабындағы нәтижелі еңбегі басшылық тарапынан ескеріліп, аудандық білім бөлімінің, облыстық білім басқармасының «Алғыс хаттарымен» марапатталған. 1985 жылы еңбек демалысына шықты.

Саналы ғұмырын білім беру саласына арнаған өмірі өнегеге толы ардагер-ұстаз Қайысбек Байсалбаев 2018 жылы дүниеден өтті. Ол кісінің есімі Сырдария ауданының білім беру саласында әрқашан құрметпен айтылады.

Айнұр Тоқшылыққызы ӘЛИЕВА,
№35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп лицейінің
оқу ісі жөніндегі орынбасары, тарих пәнінің мұғалімі,
Қызылорда облысының Сырдария ауданы, Тереңөзек кенті

 

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий