Қашықтан соғылған “соңғы қоңырау”

Бүгін, мамыр айының 25-і күні Тараздағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде соңғы қоңырау алғаш рет қашықтықтан соғылды. Онлайн форматта өткен салтанатты жиын «Ұлы дала мұрасы: тарих, тұлға, тағылым» деп аталды.  Жылдағыдан өзгеше форматта өтсе де соңғы қоңыраудың сәні мен сипаты сақталды. Әуезді ән мен күй, жұлдызды шеру, құттықтаулар, марапаттаулар, күмбірлеген қоңырау үні – барлығы да қамтылды, – деп хабарлайды осы білім ордасының баспасөз қызметі.

Шара шымылдығы оқушылардың түрлі музыкалық аспаптарда «Япурай», «Көзімнің қарасы» әндерін орындауымен ашылды. Ел тарихындағы елеулі оқиғалар мен айтулы мерейтойлар аясында өткен түрлі мектепішілк шараларға да шолу жасалды. Жұлдызды шеру айдарында оқу жылы ішінде түрлі академиялық, спорттық жетістіктерге қол жеткізген оқушылар ұлықталды. Атап айтсақ, Тараздық зияткерлер биылғы жылы халықаралық ғылыми байқаулар мен олимпиадаларда елу бір медаль, республикалық жарыстарда 85 медаль таққан. Жеті оқушы зерттеу жұмыстары бойынша авторлық құқыққа ие болған.


Мектеп директоры Тимур Нуркешов жиналғандарды оқу жылының сәтті аяқталуымен құттықтады. Өз сөзінде оқу орнының басшысы ата-аналарға, оқушыларға, ұстаздарға онлайн білім беруді жеңілдетуге қосқан зор үлестері үшін алғыс білдірді. – Бүгінгі күн сіздер үшін – ерекше күн, үлкен өмір жолының бастауы болғалы тұр. Сондықтан, өмірде қанаттарыңыз талмай, озық ойлы, білімді, парасатты азамат болыңыздар. Қиындықтар алдында мойымай, биік мақсат қоюдан жалықпаңыздар. Біз сіздерге үлкен үміт артамыз!, – деп түлектерге сәтті сапар тіледі сөз соңында Тимур Сейітқажыұлы. Биыл Тараздағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 112 түлегі үшін мектеп қоңырауы соңғы рет соғылды. Олардың алтауы алтын медальға лайық деп танылса, 11-і ерекше аттестатқа үміткер болып отыр.

АҚШ, Италия, Чехия, Венгрия сынды елдердің бірнеше беделді оқу орындары мен еліміздегі Назарбаев Университеті зияткерлерге өз гранттарын ұсынған. Ал, аттестат пен «Алтын белгі» табыстау салтанаты 12-сынып оқушылары үшін маусымның 13-не жоспарланған. Жиын мектептің ауласында ашық аспан астында санитарлық нормаларды сақтай отырып өткізіледі. Мерейлі күн тосын сыйларға да толы болды. Мектеп бітірушілердің үйлеріне ішіне кітап, түлектер лентасы, естелік альбомы мен қойын дәптер салынған қорапшалар таратылды. Күтпеген жайттардың бірі әлемге әйгілі қазақ жұлдызы Димаш Құдайберген мен басқа да танымал жұлдыздардан келіп түскен жылы лебізді бейне құттықтаулар болды.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий