Мектебімен түлеткен – қоштасады түлектер

Бүгін Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде 2019-2020 оқу жылының аяқталуына орай қашықтан соңғы қоңырау салтанаты ұйымдастырылды. Жүз бір түлек мектеппен қоштасып, үлкен өмірге жолдама алды. Мектеп тарихында алғаш рет онлайн форматында өткізілген мерекелік жиында білім ордасының тарихи беттері парақталып, түлектер жетістігі мен жеңістері аталып өтілді. Білім, ғылым бәйгелерінде топ жарған жас зияткерлер өнер, спорт сайыстарында жеңіс тұғырынан көріне білді, – деп хабарлайды осы білім ордасының баспасөз қызметі.

Бүгінгі таңда түлектеріміз АҚШ-тағы Дрексель университетіне, Чехия, Венгрия және Ресеейдің беделді жоғары оқу орындарының білім гранттарының иегері атанса, он тоғыз түлегіміз Назарбаев Университетіне шақырту алып, тағы 19-ы қабылдау комиссияның шешімін күтіп отыр. Соңғы қоңырау салтанатында сөз алған мектеп директоры Бахыт Жұматай барша мектеп қауымдастығын кезекті оқу жылының сәтті аяқталуымен құттықтап, түлектерге сәтті сапар тіледі:

“Кез-келген жетістік өздігінен келмейді. Бұл жетістікке Сіздер жылдар бойы жасаған қажырлы еңбектеріңіздің, үздіксіз оқу мен ізденудің нәтижесінде қол жеткіздіңіздер. Білекпен емес, біліммен бәсекелесетін мына заманда, Сіздердің еліміздің тұрақты дамуына өз үлесін қосатын білімді де білікті, ұлтжанды азамат болатындарыңызға сенімім мол. Үлкен өмірге басқан алғашқы қадамдарыңыз құтты болсын!”.

Таланттылардың талабын ұштап, дарындылардың дарабозын даралаған зияткерлік мектеп тарихында қанат қақтырған бесінші түлектерге ұлағатты ұстаздары мен ата-аналары өз құттықтауларын жеткізді. Сондай-ақ, халық сүйіктісі Димаш Құдайберген бастаған еліміздің өнер жұлдыздары да қызылордалық зияткерлерге мерекелік лебіздерін арнады. Сондай-ақ, «Алтын белгіге» үміткер Аққу Шайхыбек барлық жас түлектердің атынан мектеп ұжымына риясыз алғысын айтып, артынан ерген жас буынға мектептің берген мүмкіндіктерін толығымен пайдалануға кеңес беріп, жаңа оқу жылында табыс тіледі.

Шара барысында мектеп жанынан құрылған өзін-өзі басқару ұйымын жүргізіп, былтырғы оқу жылында мектеп президенті болған бітіруші түлек Арайлым Өмірбекова салтанатты түрде қазіргі мектеп көшбасшысы Томирис Жұмағалиеваға білім кілтін табыстады.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий