NIS өмірге деген көзқарасымды өзгертті

Құрметті ұстаздар қауымы, жас түлектер, ата-аналар! Бүгінгі айтулы мерекеде шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, бар білгендерін үйретіп, еліміздің болашағының тұтқасын ұстар жастардың өнерлі де білгір болып тәрбиеленуіне өз үлесін қосқан барлық ұстаздарымызға шексіз алғысымды білдіремін. “Адамның адамдығы – жақсы ұстаздан”, – деп Абай атамыз айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі оқушының болашақ азығы. Сіздердей жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған біздей шәкірттеріңіз өмір майданында мойымай күресіп, болашақ жолдарда бағытынан таймасы анық.

Ең алғаш мектеп табалдырығын аттаған сәттен бері міне бүгін он екі жыл көзді ашып-жұмғанша өте шығыпты. Өмірге деген көзқарастарымызды түбегейлі өзгертіп, өз-өзіне сенімді, жауапкершілігі мол, қандай қиындық болмасын тек жеңіске ұмтылатын оқушыға айналдырып, барлық қабілеттерімізді шыңдай түскен ұстаздарымыздың еңбегі өлшеусіз дегім келеді. Демалыс күндерін отбасысының, бала-шағасының жанында өткізбей, оқушыларды емтихандарға, түрлі олимпиадалар мен ғылыми жобаларға дайындау үшін мектепке келетін мұғалімдерімізді көргенде расыменде осындай тұлғалардың шәкірті болғаныңның өзі қандай бақыт дерсің…

Жеткен жетістігімізге балаша қуанып, кез-келген бастамамызға қолдау білдірулеріңіз кәсібиліктің айқын көрінісі деп білемін. Мектебіміздегі әрбір шәкірттің, жас түлектің кеудесінде соққан жұдырықтай жүректері жас ұрпақты тәрбиелеуде үздіксіз қосып келе жатқан еңбектеріңізге тек қана өрлеу, шығармашылық табыс тілейді. Берген тәрбиелеріңіз әрбір оқушының өміріне жол сілтер шамшырақтай болып, үнемі жанып тұрсын дегім келеді. Шәкірттеріңіздің құрметі мен махаббатына бөленіп, жүре беріңіздер! Шын жүректен, риясыз көңілмен рақмет айтамыз! Біз сіздердің алдарыңызда бас иеміз!

Ізгі тілекпен, Мөлдір ТӨЛЕМІС, 
Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің
12-сынып оқушысы, Маңғыстау облысы 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий