Педагогтерге қашықтан көмек көрсетілуде

Жалғыз біздің елімізге емес, бүкіл дүние жүзіне өзінің жойқын әсерін тигізген осы COVID-19 кесапаты ел экономикасының әр саласына, соның ішінде білім саласына да кері ықпалын тигізді. Қысқа мерзімде оқыту процесін жүзеге асыру үшін педагогтерге де, білім алушыларға да оқытудың жаңа форматына ауысу қажет болды.

Білім беруде ерекше қиындықтар туғызған білім саласының бірі – ол техникалық және кәсіптік білім беру. Себебі, білім берудің басқа деңгейінен ТжКБ айырмашылығы, ол – теориялық білім беруден гөрі тәжірибелік білімнің басым болу қажеттілігінде. ТжКБ ұйымдарында қызмет атқарып жатқан педагогтер көптеген қиыншылықтармен кездесті. Әсіресе тәжірибелік сабақтарды өткізіп, болашақ мамандардың кәсіби құзыреттілігін шыңдау мәселелері, студенттердің өзіндік жұмысын ұйымдастыру және тағы да басқа сұрақтар бойынша кейбір қиындықтар кездесті. Төтенше жағдайда оқыту әдістемесінде түбегейлі жаңа бағыттар іздеудің аса қажеттілігі туындады. Электронды оқыту мен қашықтан оқыту технологиясын қолдануға мәжбүр болдық. Осы орайда еліміздің ТжКБ саласының педагогтеріне әдістемелік көмек көрсету мақсатында «Talap» коммерциялық емес акционерлік қоғамы көптеген жұмыстарды жүзеге асыруда.

Біздің оқу-тренингтік орталығы штаттан тыс тренерлерімен бірлесе отырып, қысқа мерзімде ТжКБ саласының педагогтеріне арнап екі тақырып бойынша тегін 36 сағаттық қашықтықтан біліктілік арттыру курстарын әзірледі. Аталған курстар тек бұл сала мамандарымен қатар білім берудің барлық деңгейіндегі ұстаздардың қызығушылығын тудыруда. Қашықтан біліктілік арттыру курстарының бірі «Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы қашықтан оқыту: контент құрудан бастап оқу процесін ұйымдастыруға дейін» деп аталады. Мақсаты – ТжКБ ұйымдарының педагогттерін сапаны жоғалтпастан қысқа мерзімде оқыту процесін қашықтықтағы форматта құруға мүмкіндік беретін ең қарапайым және интуитивті құралдармен жұмыс істеуге үйретуді көздейді. Курс видео дәрістер, тәжірибелік сабақтар, түрлі сервистерді (платформаларды) қолдану бойынша нұсқаулық түріндегі оқу кешенімен қамтамасыз етілген.

Басты ерекшелігі – тыңдаушылар тек сервистерді пайдалану туралы нұсқаулар алумен шектелмейді, сонымен бірге әр ресурстың студенттердің білім алу қажеттіліктері мен қабілеттерін ескеруге мүмкіндік беретіндей етіп жасалғандығында. Біліктілікті арттыру курсының тағы бір маңызды тақырыбы – «Қашықтан оқыту жағдайында студенттердің өзіндік жұмысын ұйымдастыру». Күрделі жалпы мәдени және кәсіби құзіреттіліктердің дамуына байланысты, қашықтан оқыту кезінде студенттердің өзіндік жұмысын ұйымдастыруға қойылатын талаптар онлайн форматта жұмыс жасау кезінде едәуір артады. Курстың мақсаты мен міндеттері студенттерді өз бетінше жұмыс істеуге ынталандыру үшін студенттерді қажетті біліммен қамтамасыз ету, оқу материалын студенттердің сапалы меңгеруіне және оқу міндеттерін орындауға ықпал ететін, белсенді оқыту әдістерін меңгеруге әдістемелік көмек көрсету.

Аталған бағдарламада тақырыптар бойынша материалдар видео-дәрістер, тыңдаушыларға арналған активитилер мен тәжірибелік тапсырмалар, үлестірмелі материалдар, шеберлік-сыныптар және тыңдаушылардың өз бетінше оқуына арналған әдебиеттер тізімінен құрылған. Қалыптасқан құзіреттілік пен дағдыны бағалау үшін курстық оқытудың нәтижелерін анықтау мақсатында тыңдаушылар бағдарламалар курсының мазмұны бойынша тесттілеуден өтеді. Біліктілікті арттыру сертификатын тестілеуден сәтті өткен тыңдаушылар тегін алады. Барлық материалдар «Talap» КЕАҚ сайтында (http://kasipkor.kz), Telegram каналдарында (https://telegram.me/utcdot және https://telegram.me/utcsrs) орналастырылған.

Курстан өту үшін ресми тіркелудің, ұсыныс жіберудің қажеттілігі жоқ. Педагогтер өздерінің қолдары бос кездерінде көрсетілген дерек көздерінде материалдарды игеріп, «Talap» КЕАҚ сайтында тестілеуден өтеді және сол жерден сертификаттарын жүктеп ала алады. Және ерекше атап өтетін жағдай аталған курстар тек еліміздің емес, сонымен қатар Ресей секілді көрші ел ұстаздарының қызығушылығын тудырып отырғандығы. Яғни, жалғыз біздің ТжКБ саласында емес барлық елдерде қазіргі күні қашықтан оқыту сұрақтары келелі мәселелердің біріне айналуда.

Қорыта келе айтарым – елімізде келең алған осы жағдайда «Talap» КЕАҚ Оқу-тренингтік орталығы тек біліктілік арттыру курстарын емес, сонымен қатар педагогтерге арнап тегін вебинарларды да жүйелі түрде өткізуде. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, осы қиын-қыстау кезеңде педагогтерге арнап жасалған азды көпті көмегіміз осындай және бұл жұмыс өз жалғасын табады деп сенемін.

Нұрдәулет  Дәулетбекұлы ЖАНАЙДАРОВ,
“Talap” коммерциялық емес акционерлік қоғамы
Оқу-тренингтік орталығының директоры

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий