Қашықтан оқыту – уақыт сұранысы

Қоғамдағы қажеттілікке байланысты білім беру жүйесіне де уақыт талабына сай өзгерістер енгізіледі. Ал мұндай өзгеру мен өзгерістер – қоғам өміріндегі қалыпты жағдай. Әлемдік деңгейдегі төтенше жағдайға байланысты білім беру ұйымдарына қатысты қашықтан оқыту жүйесіне көшу біздің оқу орнында да  қарқынды жолға қойылды. Қашықтан оқыту оқытушы мен білім алушының өзара қарым-қатынасының, оқу құралдары мен әдістемелерді, оқытуды ұйымдастырудың өзгешелігімен ерекшеленетіні анық байқалды.

Қашықтан оқыту жүйесіне көшу Ақтөбе гуманитарлық колледжі ұжымына айтарлықтай қиыншылық тудыра қоймады. Өйткені 2018-2019 оқу жылынан бастап оқу орнының оқу-тәрбие  үрдісі «Platonus College» автоматтандырылған жүйесіне толық енгізілген болатын. Дегенмен осы бір оқытудың жаңа жүйесіне төтесінен көшуде алдымен білім алушылардың интернет желісімен қаншалықты қамтылғандары анықталып, дер кезінде оқу үрдісін ұйымдастыру, кері байланыс орнату, контент әзірлеу, оқытушылардың кәсіби біліктіліктерін жетілдіру сынды басқа да бағыттарда жұмыстар ұйымдастырылып, ағымдағы жылдың 16 наурызынан бастап жолға қойылды. Қашан да жаңалыққа жаңаша қарап, оны дамыту мен жетілдіру бағытында үнемі ізденіс үстінде жүретін ұстаздар қауымы аталған мәселенің оң шешімін табу жолында да өз шеберлігін көрсете білді.

Колледж болашақ мамандарды алты мамандық 9 біліктілік бойынша даярлайды.  Қазіргі таңда 120 педагогикалық қызметкер 1125 студентке білім беруді қашықтан оқыту жүйесінде жалғастырып келеді. Алдымен мамандықтар бойынша топтастырылған бес бөлім оқытушыларына қашықтан оқыту бойынша семинар жұмыстары ұйымдастырылып, жүйеде контент дайындау, оны тағайындау, білім алушымен кері байланыс жасау, орындалған тапсырманы тексеру, бағалау жолдары туралы нақты түсінік берілді. Қашықтан оқытуға қатысты жадынама, нұсқаулықтарды,  өткізілген іс-шараларды колледж сайтына және әлеуметтік желілерге орналастыру, оқытушылардың іс- тәжірибесімен бөлісу жұмыстары жоспарлы жүзеге асырылып келеді. Бүгінгі күні колледж оқытушыларының  алпысқа жуық онлайн және бейнесабақтары, білім алушылардың бірнеше челлендж, акция, кері байланыс барысындағы бейне жазбалары республикалық «TALAP» КЕАҚ сайтында, «ДОТ-ТИПО–АКТОБЕ» телеграмм каналында, www.youtube.com/ aktobeagk колледж әлеуметтік желілерінде орналасқан.

Қашықтан оқыту жүйесінде контенттер дайындау барысында оқытушыларға дер кезінде әдістемелік көмек көрсетудің де маңызы зор. Оқу орны тарапынан «Қашықтан оқыту жағдайында жоғары ойлау дағдыларын дамытатын интербелсенді тапсырмаларды жоспарлау», «Контентті әзірлеу және қашықтан сабақ өткізу алгоритмі», «Google формалар қызметін қолданып қашықтан тест дайындау және өткізу» тақырыптарында колледж оқытушыларына арналған вебинар, семинарлар ұйымдастырылды. Сонымен қатар әлеуметтік серіктестік пен ғылыми бағыттағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік өңірлік университеті және облыс мектеп басшыларымен «Жаңартылған білім беру мазмұнында болашақ мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін арттыру бағыттары», ПШО Ақтөбе филиалымен «ZOOM» платформасымен жұмыс жасау ерекшеліктері» тақырыптарында онлайн семинарлар өткізілді.

Қашықтан оқыту барысында білім берумен қатар тәрбие жұмысы да жүргізілді. Оқу топтарында 78 тәрбие сағаты, 45 топ жиналысы, қашықтықтан оқыту кезеңінде студенттердің құқық бұзушылықты болдырмау және қауіпсіздік шараларын түсіндіру мақсатында 39 ата-аналар жиналысы ұйымдастырылды. Пандемия кезінде «Мен үйдемін!», «Қашықтық тосқауыл емес!», «Ұстазға алғыс!», «Біз біргеміз!», «Қаһарман ардагерді ардақтайық!» және басқа да түрлі тақырыптарда 41 челлендж, акция мен эстафеталар ұйымдастырылды. Сонымен қатар колледждің педагог-психологтары короновирус инфекциясының алдын алу, бос уақытты тиімді пайдалану туралы марафон, тренинг посттар жариялап, студенттерге жеке онлайн кеңестер беріп отырады.

Жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы инстаграм желісінде жастар арасында танымал тұлғалармен тікелей эфирде онлайн сұхбаттар ұйымдастырды. Олар «Тамаша ТВ» телеарнасы директоры Есен Елеукен, ҚР еңбек сіңірген қайраткер, әнші Ерлан Рысқали, ақын, тележүргізуші Бәкіжан Кәкім студенттердің сұрақтарына жауап беріп, төтенше жағдай кезінде уақытты тиімді және пайдалы өткізу туралы кеңестер берді. Қашықтан оқыту барысында бақылау және байқау практикалары оқу бағдарламаларына сәйкес білім беру ұйымдарымен бірлесе  отырып, ПШО сайтындағы материалдарды, «Балапан», «Еларна» каналдарындағы теле сабақтарды талдау, әдіскерлердің дайындаған контенттерін орындау арқылы ұйымдастырылды. Сондай-ақ қалалық, аудандық білім бөлімдерімен кәсіби бағдар беру, түлектерді жұмысқа орналастыру шаралары үздіксіз жүргізілуде.

Платонус жүйесі бойынша өзекті сұрақтарға жауап беру мақсатында директордың ақпараттық технологиялар ісі жөніндегі орынбасары кезекті сұхбатқа қатысып, білім алушыларға ақпараттық-коммуникациялық технологияны қолдану туралы білік, дағдыларын жетілдіруге көмегін тигізді. Жүргізілген барлық іс-шаралар Instagram, Facebook, Telegram, Youtube желілеріне жүктелді. Қашықтан оқыту кезеңінде студенттер ынтымағының нығаюы (бір-біріне көмектесу, қолдау); шығармашылық қабілеттерінің дамуы (қолөнер, сурет салу, сөз өнері); отбасы бірлігі, ата-аналардың балаларына көңіл бөлуі; жауапкершілікті мойындауы; ата-аналардың білім деңгейін қадағалауы, ақпараттық технологияларды игеруі, ізденуі; ата-аналар мен студенттердің ұстаздар еңбегін бағалау  (кері байланыс, алғыс білдіру) айқын байқалды.

Сондай-ақ, колледждің кітапхана қызметкерлері «Platonus College» жүйесі арқылы білім алушылар мен оқытушыларды электронды кітап, оқу-әдістемелік кешен, нұсқаулықтармен қашықтан қамтамасыз етуде. Электронды құралдар кез келген уақытта, кез келген жерде қажетті деректерді ашып оқи алу, түрлі аудио жазбаларды тыңдау, бейнежазбаларды көру арқылы тақырыпты меңгеруге толық мүмкіндік береді. Студенттердің білім берудегі түрлі сайттармен, ақпараттық технологиялармен танысуда кітапхана бөлімінің алатын орны ерекше.

Қорыта айтсақ қашықтан оқытудың өзіндік жетістік жағымен қатар жетілдіруді қажет ететін тұстарының бар екендігіне куә болып отырмыз. Алайда, қашықтан оқыту уақыт талабы екендігіне анық көзіміз жетті. Қандай жағдай болса да, біздің басты мақсатымыз – техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі өзгерістерге қашан да жауапкершілікпен қарап, болашаққа құзыретті мамандар даярлау.

Ералы Ғұбайұлы НҰРҒАЛИЕВ,
Ақтөбе гуманитарлық колледжі директоры,
Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий