Мақтааралдық бүлдіршін мақтанышымызға айналды

Жүректерге жылылық ұялатқан көктем мезгілі жер шарына өзінің берекелі несібесімен қатар ауыртпалығын да әкелетіні ежелден-ақ белгілі. Осындай төтенше жағдай біздің елімізді де айналып өтпеді. Маңғазданған мамыр айы киелі Түркістан облысы Мақтаарал ауданына да өзінің салқын лебін сездіріп өтті. «Апат айтып келмейді» дегендей, Мақтаарал ауданында орналасқан шекара шебіндегі оннан аса ауыл су астында қалған болатын.

Осы жәйттен соң мемлекет басшысының оңтайлы шешімімен және еліміздің бірлігінің арқасында су тасқынынан кеткен шығындар дереу және сапалы түрде қалпына келтіріле бастады. Әрине, ауыртпалық үлкен-жас деп бөліп келмейді. Үлкендер үй-жайды қалпына келтіруге кіріскен тұста балалар мен жасөспірімдер түрлі лагерлер мен сауықтыру орталықтарына жол тартты. Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен Мақтаарал ауданындағы мектеп жасындағы балалар «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталықтарына демалуға жіберілді.

Жер жәннаты Жетісу жерінде орналасқан Қапшағай қаласындағы «Балдәуренге» Мақтааралдық 5-9 сынып оқушыларының алғашқы легі 15 күнге демалуға келді. Балалардың жазғы демалысын ұйымдастырумен қатар, оларды сауықтыру шаралары да іске асып, жүйелі жұмыс жүргізілуде. Мақтааралдық балаларға арналған алғашқы ауысым «Жаңа жұлдыздар жарқырайды» атауымен шығармашылық бағытта жүріп жатыр. 21 мамыр күні ауысымның салтанатты түрде ашылуы өтіп, балалар нағыз балдәурендіктер атанды. Ауысым барысында «Балдәурен» бақыт ордасында көптеген мәдени, сауықтыру және басқа да түрлі бағытта іс-шаралар өткізілуде.

Оларды жүргізу барысында санитарлық -эпидемиялық талаптардың барлығы сақталуда. Балалар өздерінің алтын ұя мектептерінде аяқсыз қалған оқу үрдісін де осы «Балдәурен» орталығындағы мектепте жалғастыруда. Сыныптар бойынша сабақтар, танымдық шаралар жүргізілуде. Олардың тоқсандық жиынтық бағалау жұмыстарын жазып, өздеріне тиісті білім сапасын және бағасын алуына орталықтың білікті мұғалімдері көп көмегін тигізіп жатыр. Балаларға апаттан кейінгі психологиялық қолдаулар беру мақсатында орталықтың педагог психологтары жоспарлы жұмыстар атқаруда.

Әр баланың жаңа ортаға қалыптасуы мен ішкі мүмкіндіктерін дамыту, қобалжу деңгейін анықтау мен қолдау жұмыстары жүргізілді. Орталық серіктесі Алматы қаласындағы химия -биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің мамандары қол ұшын созып, арнайы терапиялық жұмыстарды бірлесе жүргізілуде. Орталықтың басты мақсаты – ешбір баланың көңіліне қаяу түсірмей, тек көкіректерінде көлдей көңіл-күй орнату, өнерлерін шыңдау. «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп иісі қазаққа дана, дара бола білген Абай атамыз айтып кеткендей, қуанышта ғана емес, қиындықта да бір бірімізге сүйеу болу – әрбір адамзаттың ел азаматының борышы деп білеміз.

Нұрперзент ЕРПОЛАТ,
“Балдәурен” республикалық оқу
сауықтыру
орталығының әдіскері,
Қапшағай қаласы, Алматы облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий