Адамның рухани жаңғыруы неден басталады немесе “Қазақ рухы” дегеніміз не?

Қазақтардың атадан келе жатқан шежіресі – қазақтың жаны, түп тамыры, ұлттық психологиялық көзі, ұлттық ағартушылық бастауы, ұлтымыздың  рулық, отбасылық және ұрпақ тазалығының көзі, ұлттық тәрбиенің діңгегі. Бабаларымыз қан тазалығын және отбасылық құндылықты өте жоғары ұстаған. Осы жүйелік өмір бағытын негізге ала отырып, ұлтымыздың бүгіні мен ертеңі, жаһанданудағы өзгерістерге сәйкестендірген дұрыс. Жас ұрпақты, тереңде жатқан тамырымызды қайтадан салт – дәстүріміздің жаңаланған түрімен сусындатып өсіргеніміз қазақтың бүгіні. Бұл – ең өзекті мәселе.

Рухани жаңғырудың түбірі отбасының құндылығында. Осы отбасылық құндылықты балабақшадан бастап, мектеп, колледж және қоғам болып тұтастай құраған жөн. Ол – тәрбие. Ертеде  ұлға – азамат, ал қызға-болашақ ана деп қараған. Әр халықтың бала тәрбиесіндегі өзіндік ерекшеліктері арқылы мәдені құндылықтары қалыптасады. Ата – бабамыз ұл баланы ертеңгі абыройлы әке, қадірлі отағасы, елді қорғайтын ер, батыр, би, ақын,ұлтымыздың намысты азамыты ретінде әділдікке, қайсарлыққа, кешірімді болуына, өнерге, білімге, салт – дәстүрімізді сақтауға тәрбиелеген. Ұл бала – қазақта шыңырақ иесі, ер- азамат- ата- ананың оның тұтатушы болып саналады. Ер бала он екі жасында есейіп, отбасылық мәселелерге қатысқан. Өзінің ынта-ықыласына қарай белгілі бір шаруаларды атқарған. Ал, ақсақалдарымыз жас өреннің атқарған тірлігіне қарап, жеткіншектің кім болатынын, қолынан не келетінін болжай білген. Ерте жастан ер балалар еркектік қасиеттерді (жауапкершілік, сөзде тұру, еңбекқорлық, ата ұрпағының жалғасы) бойына сіңірген.

Халқымызда «бір ұл тәрбиелесең – бір әулетті тәрбиелегенің, бір қыз тәрбиелесең – бір ұрпақты тәрбиелегенің » деген дана сөз бар. Қыз балаға отбасының, рудың ар-ұяты деп қарап, қауым болып қыз бала тәрбиесіне аса мән берген.Сондықтан қызын төріне отырғызып, барынша аялай отырып ұлттық тәрбиені бойына сіңірген. Ұрпақ өрбітіп, келешек келбетін қалыптастыратын, ел мен елді жақындастырып, табыстыратын – қыз бала. Соны білген халқымыз қыздың тәлім – тәрбиесін, мінез – құлқы, жүрісі мен тұрысын баса назарға ұстаған.Себебі, мұның атүсті қарауға болмайтын үрдіс, бір ғана қыздың емес, күллі ұлтттың тәрбиесі екенін жете түсінген. Қыз болашақ – Ана. Ана – барлық өмірдің бастауы. Ол адамды өмірге әкеледі. Ол адамды адам етіп тәрбиелейді. «Қыз  тәрбиелеп отырған – ұлтты тәрбиелейміз» деген қанатты сөздің өзі қыз бала тәрбиесінің қаншалықты маңызды екенін білдіреді. Қыз баланың тәрбиесі ата-анаға да үлкен сын. Бала тәрбиесіндегі үлкен жауапкершілікті көрсетеді.

Қазіргі заман – қыз бала тәрбиесіне ерекше мән беруді қажет ктеді. Себебі жоғарыда айтылғандай, қыз баланы тәрбиелеу деген сөз – ұлтты тәрбиелеу деген сөз. Отбасы – қоғамның бір бөлшегі. Халқымыз осындай тамыры терең кеткен, тарихымен жалғасып келе жатқан рухани байлықтарының бірі отбасы құндылықтары. Тамыр дегенінің – ол біздің өткеніміз, тарих бойғы тәжірибе құнарын ұлт бойына дарытуымыз. Тіпті біздің рухани құндылықтарымыздың негізі де осы отбасылық дәстүрімізде жатыр десек қателеспеген болар едік. Бұл – өнеге. Ел мен елді біріктірген, ру мен руды табыстырған дала заңынан туылған – ұлы мектеп. Қазақ халқы – өз мекенін. Жері мен малын қорғай білген намысты халық.

«Малым – жаным садағасы. Жаным – арымның садағасы» – деген мақал ешбір ұлттың сөздік қолданысында жоқ. Бұл – мінез, жаугершілік, жауапкершілік және тазалық. Түсінген адамға астары терең, мазмұны мәнді сөз. Табиғат тазалықтан жаралған. Адамда табиғаттың бір бөлшегі. Рухани байлық – ниетпен ой тазалығы. Олай болса, адами қасиеттерді бойға сіңіру (мейірім, ізденіс-даму, еңбек-жеміс, өнеге-өнер) маңызды. Қазақ халқы ежелден білімділікті және сауаттылықты құрмет тұтқан. Далалықтырдың оқу мен білімге құрмет сезімін блдіретін мақалдар мен мәтелдер өте көп: «Білікті бірді жығар, білімді мыңды жығар», «Білім жанып тұрған шаммен тең», «Білім басы – бейнет, соңы – зейнет», «Ар -ұжданды таза ұстап, білім ал, еңбек ет, еліңе пайдаң тисін» (Абайдың қара сөзінен).

Бүгінгі білім саласы осы отбасылық  құндылыққа зәру. Қоғамдағы барлық қарама-қайшылық осыдан туындап отыр. Отбасы бір бөлек, білім саласы бір бөлек. Білім мазмұнының тұтастығы: Ата-ана – балабақша – мектеп – коллледж – жоғары оқу орындары – қоғам. Тәрбие және білім бір тұтас, тек оқыту бағдарламасына жаңашылдық  керек. Білімнің түпкі  мақсаты- тәрбиелі адам өсіру. Оқыту үрдісіне жалпы адамзаттық құндылықтырды енгізу арқылы ғана, адамның рухани өсуіне жағдай жасай аламыз. Даналарымыздан қалған бір сөз бар:  «Мамандықтың ең үлкені – толық қанды адамдық қасиетті игеру» деген. Шәкірттерді балабақшадан бастап, мектепте, колледждерде біріншіден өзіне, отбасына, қоғамға пайдасы бар бағытты айқындай алатындай, екіншіден осы қоғамда өз орнын таба білетіндей тәрбиелеу керек.

Тәрбие – білім мен тәжірибеден құралады. Тәжірибесіз білім, ақпараттық түрде болады. Жаһандану заманында, кез келген адам қоғаммен тұтастықта болып, өзін еркін сезінетін, өз-өзіне сенімді, коммуникативті болуы шарт. Жиырма бірінші ғасыр ғаламшарлық бірігуден басталды. Ақпараттық кеңістік өте жоғарғы дәрежеде кеңеюде. Осы жаһандануда Қазақ елі қандай болады? Қазақ ұлты қай бағытта өзінің жаңашыл салт-дәстүрін және менталитетін сақтайды. Интернеттің (ғаламтор) заманында ата-ана мен балабақша байланысының мәнісі зор. Жас аналар барлық ақыл-кеңесті интернеттен алуда. Әрине, пайдалы кеңестері өте көп, бірақ, маркетингтен өте сақ болған жөн. Интернет информациялық соғыста мықты қару, терең саясат аясында өте қауіпті. Осыған байланысты балабақшадан бастап, білім мазмұнын жаһанданудың өзгерісін ескере отырып, әдет пен ғұрпымызды қалыптастыратын, қазақ мәдениетіне жақын бағдарламаға көңіл аударған жөн.

Бүгінгі күні үш ұрпақ бірін – бірі түсінбеуде (ата-әже, әке-шеше, ұл-келін және немере). Ата жалғасын негізге ала отырып,  ұрпаққа тәрбие бергенде   ғана, біз ұлт болып қаламыз. Дамыған Шығыс және Батыс елдерінде бұл үлкен маңызды мәселе. Олар аздықтарына қарамай, өз ұлт дәстүрлерін ұстап қалуға тырысып отыр. Біздің елде де үлгі боларлық жаңашыл қазақ отбасылары бар. Соларды зерттеп, дәріптеп  және үгіт-насихат жүргізу, мемлекеттік аясындағы -іс. Оған бір мысал: Айтбаевтар отбасы. Димаш бір өзі қазақтың тәрбиесін, өнерін (ұлттық киімін, домбырасын, биін, өлеңін) дүниежүзіне қөрсетіп, оларға көк байрағымызды ұстатып, әнімізді айтқызды. Қазақтық рухын оятты. Осындай отбасыларын көбірек көрсетіп, идиологияға айналдыру жақсы нәтиже берері сөзсіз.

Абайдың қырық екінші қара сөзінде «Қазақтың жаманшылыққа үйір болуының бір себебі жұмысының жоқтығы»деген. Бүгінде нарықтық экономикада білікті маман болсан жұмыс табасың,  не өз кәсібіңді ашасың. Білім мен ғылым министрлігі «Жас маман» жобасы бойынша үлкен жұмыстар атқаруда. Бұл жоба жастардың өз мамандығын дұрыс таңдап, нағыз маман иесі болуға бастайды. Қазір көріп отырғандай ғылым- білімсіз және кәсіби мамансыз еліміз дамымайды. Тек еңбек арқылы өзін дамытып ізденсек жетістіктерге жетеміз. «Кәсіп-түбі нәсіп» деген. Жастарымыз отбасылық құндылықты бойларына сіңіріп, елін, жерін және өз елінің нағыз патриоты болып, өзінің бойындағы қасиетіне сәйкес өз ісінің маманы болса, қазақ елінің рухы биік болары хақ. Отбасының бірлігі, елдің бірлігі. Елдің бірлігі – үлкен қуат көзі. Қазақ елі, қазақ ұлты рухы биік ел мен ұлт.

Манарбек Қаратайұлы ИБРАЕВ, 
Қарағанды агротехникалық колледжінің
 директоры

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

11

Добавить комментарий