Нәр бердің маған ұлы ұстаз, шәкірттік жүрек ұмытпас

Мектептегі шақ, жан баласының жадында, жарқын естеліктерімен жұдырықтай орын алатын ғажайып сәттерге толы,өмірдің бақытты шағы. Бар балалықтың тәтті кезеңі, өмірдің қызығы мен шыжығын сезіндірген бұл орын, қашан да шәкірт жүрегінен ойып тұрып орын алатыны сөзсіз. Міне біз де, қанат қағып, жаңа өмірдің есігін айқара ашып, балалықтың балғын буын тастап, алтын ұямызбен қоштастық. Бар мейірімін аямай, білім мен өмірлік сабағын ұқтырып, жайдары жүзімен жарқын болашаққа жол сілтеген сүйікті ұстаздарымызбен де, кішкентайдан қол ұстасып мектеп табалдырығын бірге аттаған, бір партада мектептік ғұмырдың тәтті кезеңін бірге өткерген ең жақын сыныптастарымызбен де қоштастық.

Биылғы жылдағы жайттар түлектерді аса қуантпады. Иә, әлемді жайлаған пандемия, түлектерге арналған шаралардың барлығын тоқтатқанымен, біздің жүректегі мектеп пен ұстазға деген махаббатқа тосқауыл бола алмайтындығы хақ. Бастысы аты жаман ауруды ауыздықтап, бейбіт елдің берекесін бүлдірмей, шектеулерге мойынсұну арқылы кішкене болсын үлесімізді тигізу, біз үшін үлкен мәртебе. Еліміз аман, жұртымыз  тыныш болсын!

Біз 2020 түлектері,
Мектеп деп соққан мәңгі жүректері.
Шын ниетпен жар салып айтып жатқан,
Жұртымның қабыл болсын тілектері.
Бірі үшін, бәрі жиған бастарын,
Он бір жылғы, менің қимас достарым.
Жарқын сәт пен естеліктер кетпейді,
Жүрегімде мәңгі кластасстарым.
Жаңа өмірдің іргетасын құрармыз,
Сіздер қолдап дайын болдық бұған біз.
Бар білгенін аямаған біздерден,
Ардақты ұстаз, бас иеміз, мың алғыс!
Қош бол менің алтын ұям, мектебім,
Байқамадық, он бір жылдың өткенін.
Сенің арқаң өссем, өнсем бәрі де,
Сенің арқаң, арманыма жеткенім.
Жыламасын, қайғармасын жанымыз,
Атап өтіп, тойлатармыз әлі біз.
Карантиннің біткен күнін күтейік,
Аман болып біз де, сіз де, бәріміз!

Дина ЛИТПИН, 
Әлихан Бөкейхан атындағы №76 мектеп

лицейінің биылғы түлегі, Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий