Ғибратты ғалым: Кулиев Юсиф Мурад оглы жетпіс жаста

Биыл еліміздің мұнай-газ саласында және педагогикалық қызметте жарты ғасырдай елеулі қызмет атқарған, профессор Кулиев Юсиф Мурад оглы мерейлі жетпіс жасқа толатынын тойламақ. Ол 1950 жылы Әзірбайжан Республикасы Ахсу ауданы Ахсу қаласында дүниеге келген. 1967 жылы орта мектепті бітіріп, 1972 жылы М. Азизбеков атындағы Әзірбайжан Мұнай және химия институтының мұнай кәсіпшілігі факультетіне оқуға түсіп, «Мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылау» мамандығын игеріп шықты.

Юсиф Мурад оглы кәрі түбек Маңғыстаудағы кен орындары бес сау-сақтай таныс, сондай-ақ әр жылдары онда істеген адамдарды жақсы біледі, көбімен қызметтес, аралас-құралас болған. 1972 жылы Маңғыстау жер қойнауын игеруге қатысу үшін біздің өлкемізге жас маман ретінде арнайы жолдамамен келді. Өзен бұрғылау жұмыстары басқармасының бұрғылаушысының көмекшісі, бұрғышы, жетекші маман болып еңбек жолын бастады. Бүгінде аты әлемге әйгілі Өзен мұнайының биік тұғырға көтерілуі – кешегі күндерде қонышты етіктерімен саз кешіп, су кешіп, май сіңген күртелерін қолдан жасалған будка-қалқалардағы темір пештерде кептіріп қайта киіп, қойнындағы тас болып қатқан қалаштарын қара суға жібітіп, талғажау еткен, аш құрсақ күйінде аңызақ жел өтінде, боранды, жауынды-шашынды күндерде, үскірік аязда, аптап ыстықта, кілт-құралын арқаласып таңның атысы, күннің батысы бұрғышылардың еңбегі болмаса, отандық мұнай өнеркәсібі осындай биік дәрежеде қалыптасар ма еді?!.

Сондай қиындықтарға төзіп, өздеріне міндеттелген тапсырманы мүлтіксіз орындаған аға буын өкілдері қандай құрметке де лайық. Ендеше, Юсиф Мурад оглыныңда балаларына, немерелеріне үлгі-өнеге болатыны ақиқат. Біз ардагер мұнайшы, ғалымның өмірбаянын саралау арқылы, мұнайлы өлкенің кешегісі мен бүгінін айту арқылы, оны болашақпен байланыстыруды мақсат тұттық. Юсиф Мурадоглы еліміздің техника ғылымын дамыта жүріп, мұнай саласында өркендетуге көп еңбек сіңірді. Бұған оның жұмыстары айғақ бола алады. Мәселен, оның ғылыми ізденісінің нәтижесі Маңғыстау облысының кенорындарында қолданыс тапты. Сол еңбекқорлығының нәтижесі ретінде 1980 жылы рационализаторлық жұмыстарға қол жеткізгені үшін КСРО жастары арасындағы ВОИР сыйлығының лауреаты атанды және мұнай қызметіне еңбек сіңірген үшін бірнеше рет Құрмет грамоталарымен марапатталып, басқарманың үздік инженері атағы берілді.

Осы жылдары Юсиф Мурад оглы тәжірибелік жұмысты теориямен біріктіре отырып, 1986 жылы өндірістен қол үзбей кандидаттық диссертациясын және ұзақ жылғы ғылыми ізденісінде 1999 жылы докторлық диссертациясын сәтті қорғаумен қорытындылады. Сөйтіп, әріптестері арасында Маңғыстаулық алғашқы ғылым докторының бірі атанды. Ұстаздық қызметі 1988 жылы КазПТИ-ның Ақтау филиалы шақыртуымен бастау алды, кейін институт университет атағын алып, онда аға оқытушы, кафедра меңгерушісі, факультет деканы, проректор қызметтерінде жасады. Сонымен қатар облыстық әзірбайжан ұлттық-мәдени «Достлуг» орталығын жиырма жылдай басқарды, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі болды.

Осы қызметтерінде, яғни тәуелсіз мемлекеттің этносаралық қатынастар мәселелерін тиімді шешіп, беделін арттыруға ықпал еткені үшін ҚР Президенті Жарлығымен алтын медаль, ұстаздық қызметінде, ерен еңбегі үшін «ҚР білім беру ісінің үздігі» белгісін алды. Қазақстанды мұнайлы алып елдердің қатарына қосқан ірі маман, ғалым, ұйымдастырушы Юсиф Мурад оглының көптеген ғалым-студент шәкірттері бүгінде еліміздің мұнайлы облыстарында жемісті еңбек етуде. Ғалым аталмыш университетте еңбек еткен жылдары үш ғалымға ғылыми жетекшілік атқарып, 25.00.15- ұңғымаларды бұрғылау және игеру шифрімен кандыдаттық және PhD диссертацияларын қорғап шығуына үлкен көмегін көрсетті.

Юсиф Мурад оглының ғылыми жетекшілігі нәтижесінде Сейдалиев Асқар Әбиұлы, Сарбөпеева Мәншүк Дағыстанқызы және осы жолдардың авторы Садуақасов Данабек Салдырұлы ғалым-ұстаздан алған өнегенің ісін жалғастырып келеді. Қазіргі таңда Сейдалиев Асқар Әбиұлы Маңғыстау облыстық білім басқармасының басшысы, іскер басшы, талантты ұйымдастырушы. Данабек Салдырұлы және Мәншүк Дағыстанқызы Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжинирнг университетінде студент жастарға дәріс оқып, ұлағат дарыта еңбек етуде. Сонымен қатар университет тің ғана емес, өлкеміздің, мемлекетіміздің ғылыми өркендеуіне сапалы бағытта үлес қосып, ұстаздан алған тәлімін ел игілігіне жаратып ғалымдар қатарын толықтырған ұстаздар.

Біздің заманымызда экономиканың мұнай-газ секторының әлем бойынша қанша жоғары маңызға ие болып отырғандығы, барша жұртқа мәлім. Осындай абырой атаққа біздің ұлттық республикамыздың да өзіндік үлес қосуын қажырлы қызметтерімен қамтамасыз еткен Юсиф Мурад оглы сияқты мұнай-газ мамандарының, ғалымдардың, қарапайым бұрғышылар есімдерінің, арада талай уақыттың өтуіне байланысты ұмытыла бастайтындығы құпия емес. Юсиф Мурад жұбайы Фарида Рахманқызымен бірге үш ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Бәрі де – жоғары білімді мамандар, әке жолын қуған мұнайшылар. Ұзақ жылғы еңбектерінің жемісін, ауыр бейнеттің зейнетін көріп отырған еңбек ардагеріне тек қана мықты денсаулық пен баянды бақыт тілейміз! 

Данабек Салдырұлы САДУАҚАСОВ,
Шахмардан Есенов атындағы Каспий мемлекеттік
технологиялар және инжинирнг университетінде
доценті, Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий