Жас түлек – 2020: Мөлдір Елеусізова – мектеп мақтанышы

Әрбір оқу жылы мектеп тарихына енетін маңызды оқиғаларға, тың жаңалықтарға толы болады. Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде биылғы оқу жылының аяқталуын жариялаған қоңырау жылдағыдан өзгеше естілді. Оныншы рет соғылған күміс қоңырау мерекесі мектеп алаңында емес, компьютер экранында өтті. Алайда, еш кедергілерге мойынсынбаған мектеп ұжымы цифрлы мерекелік салтанатты сәтті ұйымдастырып, түлектер мен ата-аналар үшін қуанышты да бақытты сәтті бірге бөлісті.

Мектеп бітіруші жастар әлемді әлекке салған жағдайды кедергілерді жеңудегі табандылығымызды, мақсатқа үмтылыс пен талмас талабымызды, ел болып, қиындыққа қарсы тұрар қайратымызды тексеретін сын деп қана қабылдады. Биыл зияткерлік мектептің 141 түлегі алаңсыз балалық балғын күндерден азаматтық жауапкершілігі мол кезеңге аяқ басты. Мектеп бітіретін жастар болашаққа жоспар құрып, мақсаттарын айқындап та үлгерді. Жиырма екі білімгер Назарбаев Университетінің бірінші курсына оқуға қабылданып, бірқатар мектеп бітіруші жастар АҚШ, Канада, Жапония, Корея, Испания, Италия, Гонконг сияқты елдердегі үздік оқу орындарынан шақырулар алды. Талапты түлектер қатарында Мөлдір Елеусизова да бар.

Нұр-Сұлтан қаласы физика- математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебін бітіретін Мөлдір Елеусизова болашақ мамандығын физика және экономикамен байланыстыруды жоспарлап отыр. Меруерт жақында АҚШ- тың Брандейс Университетінің толық грантына ие болды. Брандейс Университеті – әлемдегі топ елуге енген, жаратылыстану ғылымдары саласындағы жоғары сапалы зерттеулері бойынша 5 орынға ие үздік білім ошағы. Университеттің ашылғанына көп бола қоймаса да, Брандейстік профессорлар Физиология мен Медицина саласында Нобель сыйлығын алып, жоғары оқу орнының атағын әлемге асқақтатып үлгерген.

SAT және IELTS халықаралық емтихандарын жақсы нәтижелермен тапсырған Мөлдірге АҚШ-тың Suffolk University, St. John’s College сынды университеттері, Испания университеті, Назарбаев Университеті оқу грантын ұсынып, өз студенттерінің қатарынан көргісі келетінін жеткізген. Мөлдір – ғылыми байқаулар мен олимпиадаларға қатысып, жеңімпаз атанған ізденімпаз жас. Ол республикалық AIFC Finance Olympiad қаржы олимпиадасының қола жүлдегері, экономикадан өткен халықаралық IEO-2019 Saint-Petersburg олимпиадасына қатысушы. Мөлдірдің ғылыми жобасы ХIII халықаралық «Ғылым және Білім – 2018» ғылыми конференциясында бірінші орынға ие болған. Физика, математика, экономика, география ғылымдарына қызығушылық танытатын талапты жас зерттеу жұмыстарымен қатар спортпен – киокушинкай каратэ мен волейболмен әуестенуге де уақыт табады.

Көп қырлы түлек жарты жылдың ішінде испан тілін меңгеруді қолға алып, Intermediate деңгейіне дейін жеткізді. – Зияткерлік мектепте болашақ мамандығымыз туралы 8-9 сыныптарда ойлана бастаймыз. Әрине, білім негіздерін мектепте аласың, ал алған біліміңді шыңдап, тереңдету әркімнің өз қолында. Менің таңдаған жоғары оқу орнына түсуіме зерттеу жобаларым мен олимпиадаларда алған мадақтамаларым көмектесті. Алайда мектебімнің, ұстаздарымның қолдауынсыз, олардың көзге көріне бермейтін, күнделікті тынымсыз еңбегінсіз көп нәрсеге қол жеткізе алмас едім. Менің ұстаздарыма айтар алғысым шексіз, – дейді Мөлдір.

Шетелдік жоғары оқу орнына түсуге ниет білдірген басқа оқушыларға кеңес ретінде мектеп түлегі құжаттарды тапсырғанда жазған мотивациялық хаттың басты факторлардың қатарында болатынын айтады. Университетке жазған хатта мен каратэге деген құштарлығымды болашақ мамандығым бойынша пәнмен байланыстырдым. Өйткені, мотивациалық эссе студенттің білімдегі жетістіктерін ғана емес, оның жан-жақты тұлғалық қасиеттерін де сипаттауы тиіс, – дейді мектеп мақтанышына айналған жас түлегіміз өзінің мақсатқа жету «құпиялары» туралы.

Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий