Динар НӨКЕТАЕВА, сенатор: Соңғы бес жылда аралас тілді мектептерде білім алатындар саны 200 мыңға дейін көбейген

Динар Жүсіпәліқызының айтуынша, соңғы бес жылда аралас тілді мектептерде білім алатындардың саны 200 мыңға дейін көбейген. Осыған орай бір топ халық қалаулысы ел Үкіметі басшысының атына депутаттық сауал жолдады, – деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Парламенті жоғары палатасының баспасөз қызметі.

Қазақстан Республикасының ПремьерМинистрі Асқар Ұзақбайұлы Маминге. Бүгінгі таңда Қазақстан, барлық ұлттар мен ұлыс өкілдері үшін экономикалық, әлеуметтік, мәдени, рухани даму мүмкіндіктерінің теңдігі сақталған, ұлтаралық келісімі жарасқан, халқының бірлігі бар, гуманизм мен ұлт құқықтарының үйлесімділік қағидаттарын іске асыруды нақты қамтамасыз еткен көпұлтты, мәдени және көпконфессионалды қоғам. Елімізді мекендейтін этностар үшін, өз ана тілдерін үйренуге, ана тілінде білім алуға, әдебиеттерін дамытуға, салт-дәстүрлерін, әдеп-ғұрыптарын ұстауға ешқандай кедергі жоқ. Өйткені, өз ана тілін ұмытпау оған деген көзқарас ең зор адамшылық, мәдениеттілік, тәрбиелік өлшемі болып табылатыны сөзсіз. Дегенмен, қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі.

Президент Қ.К. Тоқаевтың қазақ тілі – Қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де тілінде деп атап өтуі бекер емес! Осы орайда, мемлекеттік тілді қалыптастыруға жан-жақты дамыту және оның қолдану аясын кеңейту, оның әр ұлттың сүйікті тіліне айналуы тұрғысында мектептердің маңызы зор екендігі сөзсіз. Күні кеше, Қасым-Жомарт Кемелұлы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің елімізде адами капиталды дамытуға арналған отырысында, өзекті мәселенің бірі ретінде, мемлекеттік тілді оқытудың тиімділігін барынша арттыруды және оқу орындарындағы жастарға көбірек мән беру қажеттігін атап көрсетті. Осы орайда, тіл мен танымның негізін қалайтын білім саласында қазақ тілін оқытуға қатысты түйткілді жағдайлардың барлығына назар аударғымыз келеді.

Атап айтсақ, елімізде күндізгі мемлекеттік жалпы білім беретін мектептердің саны – 6 973 (3 250 009 оқушы бар), оның ішінде: қазақ тілінде оқытатын – 3 726 мектеп (1 449 614 оқушылар), орыс тілінде оқытатын –  1 181 мектеп (386 179 оқушылар), аралас тілде оқытатын 2 043 мектеп (1 399 727 оқушылар), басқа тілдерде оқытатын – 23 мектеп (14 489 оқушылар), соның ішінде өзбек тілінде 12 мектеп (8 327 оқушылар) және  ұйғыр тілінде 11 мектеп (6 162 оқушылар). Яғни, аралас тілді мектептер жалпы мектептер санының 30 пайызға жуығын құрап отыр. Бұл дегеніміз дүниежүзіндегі ешбір мемлекетте кездеспейтін, тек қана біздің Қазақстанда ғана орын алып отырған жағдай. Бұл үрдіс одан ары да жалғаса беретін болса, болашақтағы қазақ тілінің тағдыры, одан кейінгі ел тағдыры қалай болатынын ешкім болжап айта алмайды. Елімізде аралас тілді мектептердің соңғы 5 жылдағы жағдайына қарасақ,  2016 жылы – 2045 мектеп (1 203 012 оқушы), 2017 жылы – 2037 мектеп   (1 253 924 оқушы), 2018 жылы – 2046 мектеп  (1 324 074 оқушы), 2019 жылы – 2054 мектеп (1 402 007 оқушы) болған.

Жоғарыда атап өткеніміздей, 2020 жылы аралас тілді 2043 мектеп жұмыс істеп, онда 1 399 727 оқушы білім алуда. Демек, 2016 жылмен салыстырғанда осындай мектептерде оқитындардың өсу тенденциясы жыл сайын үдей түсіп, саны 196 715 оқушыға дейін артқан. Сондай-ақ, өкінішке қарай «Айқын» газеті көтерген Қордайдағы қақтығыс мәселесі елімізде қазақ тілі мәртебесіне, оның ішінде мектеп қабырғасында оқытуға қатысты түйткілді мәселелердің барлығын көрсетті. Аудандағы 48 мектептің 21-аралас тілде жұмыс жасайтын болды, ұрпақ тәрбиесін сеніп тапсырған ұстаздардың жартысынан көбі мемлекеттік тілді білмеуі, бізді қатты толғандырды. Бастауыш сыныптардың 130 ұстазы мемлекеттік тілді мүлде меңгермеген. Осы түйткілдің туындауының негізгі себебі, аралас тілде жұмыс жасайтын мектептердің көптігінен деуге де, негіз жоқ емес.

Қазақ халқы тығыз орналасқан оңтүстік өңірдегі жағдай осындай болғанда, еліміздің басқа өңірлеріндегі қал-ахуал қалай? – деген сұрақ туындайды.  Тағы бір ойландыратын сұрақ, аралас тілді мектептердің халықаралық тәжірибеде жоқтығы және еліміздің қолданыстағы заңнамасында «Қазақ», «Орыс» немесе «Аралас тілді» мектеп деп жіктелмегендігі. Соған қарамастан осындай жіктемелердің болуы қаншалықты орынды және заңды? Осы мәселені өзіміз қолдан жасап отырған жоқпыз ба? Бұл орайда, барлық тұрғыдан іргеленген, дамудың тура жолына түскен Қазақстан мемлекетінде оқушыларға жалпы білім беру үшін осыншама аралас мектептің қаншалықты қажеті бар? Ол ұлттық идеологиямызбен сәйкесе ме? Аралас мектептер өз оқушыларының бойына ұлттық сана мен рухты, тіл мен ділді қалыптастыра ала ма? – деген сұрақтар бізді қатты мазалайды.

Себебі әңгіме, біздің Отанымыздың болашағы, ертеңгі ел өмірін қолдарына сеніп тапсыратын жастар туралы және олардың бойына қордалы қазақ тілінің барлық асыл қасиеттерін сіңіріп-дарыту, ұлттық салт-санамыз бен дана дәстүрімізге сай тағылым беру арқылы оларды елжандылыққа, отансүйгіштікке, азаматтық жауапкершілікке ұлттық үлгіде тәрбиелеу, сол арқылы еліміздің Тәуелсіздігін тұғырлы ету туралы болып отыр. Құрметті Асқар Ұзақбайұлы, «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 27-бабына сәйкес, Сізден, жоғарыда көтерілген  сұрақтар бойынша толық жазбаша жауап беруді сұраймыз.

 Құрметпен,

Сауалдың жолданған күні және нөмірі 29.05.2020, 16-13-170 Д/С
Бастамашы  Нөкетаева Динар Жүсіпәліқызы,
Сауал мүшелері Бақтиярұлы Мұрат, Бектұрғанов Серік Шыңғысұлы, Еңсегенов Сәрсенбай Құрманұлы, Ершов Сергей Михайлович, Жұмағұлов Бақытжан Тұрсынұлы, Төреғалиев Нариман, Жүсіп Нұртөре Байтілесұлы, Қапбарова Айгүл Жарылқасынқызы
Адресат Премьер-Министр Республики Казахстан – Мамин Асқар Ұзақбайұлы
Сауалдың қысқаша мазмұны Еліміздегі аралас мектептер және мемлекеттік тілдің жағдайы туралы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий